Экономика

КӘСІПКЕРЛІК: ЕЛОРДА КӨШ БАСЫНДА

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының биыл екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезеңі бұдан алты жыл бұрын басталған еді. 

Содан бері де бұл бағдарлама талай жас кәсіпкердің тұсауын кесті. Жүздеген жаңа жоба қаржыландырылып, жаңа өндіріс орындары дүниеге келді. Бағдарлама жұмыс орындарын сақтап қалуға да үлкен септігін тигізуде. Тек өткен жылы Астанада 700-ден астам жұмыс орны сақталып, бағдарлама аясында жаңадан 500 жұмыс орны ашылған екен.

Қазіргі уақытта елордада ең­бекке жарамды халықтың 61 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс істеп жатқан адамдар саны да жоғары қар­қынмен өсіп келеді. Айта­­лық, бірер жыл бұрын кәсіп­керлік субъектілерінде 153 мың адам жұмыс істесе, қазіргі уақытта 287,7 мың адам өз нәпақасын осы саладан тауып отыр.

erm_7137

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР БЕРГЕН БАҒДАРЛАМА
Бүгінде Астанада сабын өндіретін жалғыз кәсіпорын болса, бұл да осы бағдар­ла­ма аясында іске қосылған еді. Өйткені оның қожасы «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысу­шы. Ал тағы бір кәсіпкер бала­лардың шығармашылық орталы­ғын ашса, енді бірі жол құры­лы­сымен айналысатын ірі кәсіп­орын құрған. Соңғы бірер жылда бағдарламаның шарапатын көрген кәсіпкерлердің өзі бүгінде үлкен бір тізімге айналған көрінеді. Сондықтан оны тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Бірақ мақсат ол емес. Бүгінде осы бағдар­ламаның орындалу деңгейі қандай? Жыл басынан бері бағ­дарлама аясында қанша жоба мақұлданып, кәсіп­керлерге қандай мөлшерде қаржылық қолдау көрсетілді? Жалпы бағдарламаның тиімді тұстары туралы не айтуға болады? Бұл мақалада осыған баса мән беруге тырыстық.

– Бағдарлама тек қана жаңа кәсіпті бастауға ғана емес, сонымен бірге қысқа курстық білім беріп, жұмыс табуына да септеседі. Бүгінде мыңдаған астаналық бағдарлама бойынша оқып, өздеріне жаңа жұмыс тауып, болашаққа деген сенімі оянды. Мәселен, Әйгерім Бекмұхамбет есімді 21 жастағы жас қыз бұдан бірер жыл бұрын болашағын құру үшін Қостанайдан келген екен. Астанада «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, сол бағдарлама бойынша тегін оқып, шәкіртақы алуға болатынын естіген соң, арнайы құ­жаттарын тапсырады. Санау­лы уақытта «баспа өндірісі» мамандығы бойынша білім алып шыққан ол бүгінде осы салада табысты еңбек етуде. Осындай мысалдарды өте көп келтіруге болады. Сондай-ақ біздің орталықта бизнес жоспар жасауға, нақты бір кәсіптің жобасын жасаудың жолдарын сұрап біле алады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсетілетін барлық тетіктер қарастырылған. Белгілі бір кәсіпті бастау үшін қандай мөлшерде несие қажет, оны қайдан және қандай банктен немесе бағдарламалар арқылы алған тиімді? Бұл сұрақ­тар бо­йынша да біздегі маман­дар қолдау көрсетеді, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қалалық аймақтық филиалының құзы­реттілікті арттыру жөніндегі менеджері Данияр Торғаев.

МАҚҰЛДАНҒАН ЖОБАЛАРДЫҢ МАҚСАТЫ ЗОР
Астанадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері екі есе өскен. Қазіргі уақытта елордада ең­бекке жарамды халықтың 61 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс істеп жатқан адамдар саны да жоғары қар­қынмен өсіп келеді. Айта­­лық, бірер жыл бұрын кәсіп­керлік субъектілерінде 153 мың адам жұмыс істесе, қазіргі уақытта 287,7 мың адам өз нәпақасын осы саладан тауып отыр. Өндірілген өнім көлемі 3215,8 млрд теңгеге жеткен. Осыны жан басына шағып есептесек, 3727,3 мың теңгеден келеді. Бұл – республикалық орташа есептік көрсеткіштен 4 есе жоғары. Осындай көрсет­кіштің арқасында Астана бү­гінде аймақтар арасында көш бастап тұр. Бұл көрсеткіштерді біз, әрине, аспаннан алып отырғанымыз жоқ. Мұның бәрі – Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жылдық, тоқсандық есептік мәліметтерінде келтірілген деректер.

– Жыл басынан бері «Бизнес­тің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы бойынша елордада 61 жоба мақұлданған болатын. Соның ішінде лизингтік ком­паниялардың банк несие­лері пайыздық мөлшер­леме­лерін субсидиялау бойынша 55 жоба мақұлданған. Оның жалпы көлемі 11,8 млрд тең­гені құ­райды. Соның ішінде 22 жоба несиелерді ішінара кепілдендіру бағытындағы қолдауға ие болды. Бұл – 902,1 млн теңгені құрайтын қаржы. Сондай-ақ және бір жоба өндірістік индустриалдық инфрақұрылым жүргізуді көз­дейді. Бұған 233,4 млн теңге қаралған, – дейді жыл басынан атқарылған жұмыстар жөнінде Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасы «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бөлімінің бас маманы Айнұр Батырқызы.

Аталмыш бөлім ұсынған мәліметтерге қарағанда, бағ­дарламаны жүзеге асыру қолға алынған уақыттан бері есептегенде бүгінге дейін 542 жоба мақұлданған. Бұл жобалардың жалпы құны 96,4 млрд теңгеге тең. Мұның ішінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша 486 жобаға қол қойылған. Оның жалпы құны 93 392,4 млн теңгеге шығады. Ал несиелерге ке­пілдік беру бойынша 110 жоба рәсімделген екен. Яғни, бес миллиард теңгеге жуық қаржы бағдарлама негізінде несиелерді кепілдендіруге қызмет еткен. Бағдарлама қолға алынған уақыттан бері өндірістік инфрақұрылым аясында электрмен жабдықтау саласында, жол жөндеуде, кәріз жүйелерін қалпына келтіру бағытында 36 жоба қолдауға ие болыпты. Жыл басынан бері гранттық қолдау аясында 20 жоба табысты жүзеге асырыла бастаған. Ол жобалардың жалпы құны 60 млн теңгеге жетеқабыл. Бұйыртса, жыл аяғына дейін тағы бірнеше жоба мақұлданбақ.

ТӨРТІНШІ БАҒЫТ ТИІМДІ
Тілге тиек болып отырған бағдарламаның «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» деп аталатын төртінші бағыты бар. Осы бағыт кәсіпкерлікке оқытып шығаруда ауқымды міндеттерді орындап келеді. Биылғы жылдың басына дейін Астанада төртінші бағыт бойынша білім алғандар саны бес мыңнан асып жығылады. Соның ішінде «Бизнес кеңесші», «Іскерлік байланыстар»,

«Назарбаев университетінде топ-менеджменттікке оқыту» жобалары негізінде білім алған­дар көп екен. Бұған қоса, бизнесті жүргізу бойынша 12 мың сервистік қызмет көрсетіл­ген. Егер мұндай бағдарлама болмаса, кәсібін жаңа бас­таған кәсіпкерлерге, бұл салаға енді бет бұрғандарға «Назарбаев университетінде топ-менеджменттікке» оқуға мүмкіндік бола қоюы екіталай. Ал қазір бағдарламаның төр­тінші бағыты бойынша болашақ кәсіпкерлер еліміздегі ең білікті де, білімді мамандардың алдынан дәріс алып жатыр. Өткен жылы осы университетте шағын және орта бизнес субъектілерінің 31 басшысы оқып шыққан. Бүгінде олар бизнесін жаңа заманның ағымына сай өркендете бас­таса керек. Сайып келгенде, бағдарламаның «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» деп аталатын төртінші бағыты атауына сай іс тындырып, елордадағы біраз бизнес өкілдерінің әле­уетін арттыруға септескен. Бұйыртса, 2020 жылға дейін әлі талай кәсіпкер бизнестің ең биік баспалдағына өрлейтін болады.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button