Басты ақпаратСаясат

Шағын құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа мемлекеттік сапары барысында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізді. Келіссөздерге дейін Тәуелсіздік алаңында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Түрікменстанның Әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.

[smartslider3 slider=440]

Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу болды. Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.
Қазақстан Президенті бауырлас Түрікменстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. «Қасиетті түрікмен топырағына табанымыз тиген сәттен шынайы ниеттеріңізді көріп, бойымызды ерекше сезім биледі. Әдемі Ашхабад қаласына тағы да келгеніме қуаныштымын. Қалаларыңыздағы құрылыстың ауқымы мен сапасы бізді таң қалдырды. Сапарға келетін болсақ, біз бұған өте тыңғылықты дайындалдық. Менімен бірге Қазақстан Республикасы негізгі ведомстволарының басшылары да келді. Біз мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің одан әрі дамуына тың серпін беріледі деп сенеміз. Түрікмендер – бізге бауырлас халық. Халықтарымыз арасындағы достықтың тамыры тереңде. Көп нәрсе бізге ортақ. Бұл ортақ шекарамызға да қатысты. Бауырлас Түрікменстан халқына деген ниетіміз таза. Стратегиялық серіктестікті дамыту, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері – жеке бақылауымда. Бұл – біздің саясатымыздың басым бағыты. Осы сапар барысында ынтымақтастығымыздың бағытын айқындайтын аса маңызды құжаттарға қол қойылады деп ойлаймын. Біз бұрынғыша халықаралық аренадағы белсенді ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған Түрікменстанның бейтарап ел мәртебесіне Қазақстан зор құрметпен қарайды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің шақыруын қабыл алып, Түрікменстанға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button