ИмантаразыСұхбат

ШӘҺАДАТ-КӘЛӘМ ЖҮРЕКТЕ

bv

Жұманазар САДЫРХАНОВ, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы:

ШӘҺАДАТ-КӘЛӘМ ЖҮРЕКТЕ

 

Жуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Жұманазар Өсерханұлы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы болып тағайындалды. Ол – тәуелсіз еліміздің алғашқы хафиздерінің бірі. Он алты жасында Түркияның Стамбул қаласында оқып жүргенде-ақ қасиетті Құран Кәрімді жатқа білді. Қазақстанға оралғаннан кейін, Алматы қаласының Орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарды. Қатарынан он үш жыл бойы сол аталған мешітте Құран – Хатым түсіріп келген.
Елорда төріне қасиетті жұма күні жамағатқа алғашқы уағызын жүргізген бас имаммен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелескен едік.

  

 

– Жұманазар Өсерханұлы, жұма намазындағы уағызды қандай тақырыпта айттыңыз?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс, қала, аудан мешіттері бойынша бір жылдық уағыз айту жос­пары бар. Жоспар негізінде алғашқы уағызым тәуелсіздіктің жиырма екі жылдығына арналды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с). «Отанды сүю иманнан» деп айтқан. Отанды сүю бүкіл мұсылмандарға, соның ішінде намазхан кісілерге өте ыстық болуы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға хижра (көшу) жасаған кезде өзінің туған қаласын оңайлықпен тастап кете алмай, қимастықпен қоштасқан сөздері үлкен өнеге. Сол ниеттен бастау алып, тәуелсіздігіміздің 22 жылдығы мейрамымен құттықтап, ата-бабаларымыз 300 жылдай армандап өткен тәуелсіздікті бүгінгі күні Алла нәсіп еткенін жеткіздім. Бұл да бір Жаратқанның ұлы нығметтерінің бірі. Бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміздің барлығы – әуелі Алла, екінші тәуелсіздіктің арқасы.

Еліміздің әр өңірінде мешіттер салынып жатыр. Шүкіршілік айтсақ болады.

– Астанадағы діни ахуалға, мұсылман дінінің қанат жаюына қандай баға бересіз?

– Қазіргі күні дін мәселесі өте күрделі. Алла Тағаланың қалауымен бәрін де өз жөнімен ретке келтіруге болады. Көп жерлерде «Имамдар насихат айтпайды, уағыз жүргізбейді, өз жұмыстарын дұрыс атқармайды» деп кінәлап жатады. Мен бұл пікірлермен келіспеймін. Имамдар аталмыш мәселенің түйінін тарқатуға барынша атсалысып жүргеніне өзім куәмін. Дін қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдаланып, мейлінше бар ынта-жігерімен уағыз-насихат жүргізуде.

Ал, қазіргі қоғамды алатайдай бүлдіріп жүрген жат ағымдар көп. Бас мүфтиіміз айтқандай, «Ағым дегеніміз уақыт өте келе су сияқты ағып кетеді». Бұдан он жыл бұрын «Хизбут тахрир» деген ұйым шықты. Олар сол кезде «Біз халифат құрамыз, билікті қолымызға аламыз» деген сияқты қаңқу сөздер таратты. Аллаға шүкір, қазір олардың бәріне тойтарыс берілді.

Менің Астана қаласына келгенім кеше ғана. Мешіттегі жамағатымыз өте көп екен. Араларында ақсақалдар да баршылық. Көпті көрген көнекөздер – Алланың берекесі. Сондай-ақ, мешітке келушілердің арасында бұрыс бағытта жүргендер де кездеседі. Олардың басым көпшілігінің діни білімі төмен екені байқалады. Жүйелі діни білім алмаған. Күмәнді ғаламтор көздерінен бұрмаланған ақпараттармен санасын улап алған. Алдағы уақытта осындай жат ағымның жетегінде кеткен азаматтарымызға бағыт-бағдар көрсетіп, оларға дәстүрлі ислам дінінің негіздерін дұрыс түсіндіру жұмыстары жолға қойылатын болады.

– Кейбір жас иегіне шоқша сақал қойып, балақ қысқартып сырт көзге мүмин көрінеді…

– Асыл дініміз ислам  адамдардың сақалына, киген киіміне қарап баға беруге үзілді-кесілді қарсы. Өйткені, иманның тамыр жайып, нәр алатын мекені – жүрек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Шын мәнінде, ол – жүрек» деген.

Діни басқарманың ең басты міндеттерінің бірі – халықты діни сауаттандыру. Әсіресе, осы уақытқа дейін жіберген қате-кемшіліктердің алдын алу. Азаматтарымыздың басым көпшілігі діни сауатсыздықтан  теріс жолға түсіп кетіп жатады. Аллаға сан мың шүкір, жастарымыз бүгінгі күні дінге бет бұруда. Бірақ солардың албырттықпен теріс ағымға ауаланып қалмауының алдын алуымыз қажет. Осы мақсатта, діни басқармаға қарасты барлық мешіттердің жанынан діни сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Аталмыш курс біздің мешітімізде де оң нәтижесін беруде. Үлкенді-кішілі 200-ге тарта адам діни сауат ашуда. Алдағы уақытта да бұл жұмысты одан әрі жетілдіріп, діни курс түлектерімен жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады.

Қазақ халқының салтын дінмен ұштастыра алмаған көптеген жастарымыз салтымызды және дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын жоққа шығарып, жат ағым жетегінде кетпес үшін тағы қандай амалдарды іске асыру керек деп ойлайсыз?

– Бұндай жастардың қатарының сиремей отырғаны – біздің қоғамымыздағы шешімін күткен шетін мәселе. Әрине, имам-молдаларымыздың тұрақты түрде жоғары оқу орындарында, жастар арасында дәрістер ұйымдастыруы маңызды. «Мен мұсылман» дегенмен іс бітпейді, Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді…» – деген бабамыз Міржақып Дулатұлы. Білімді алудың да құралы көп. Мысалы, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысу, кітап, газет-журнал оқу, уағыз-насихат тыңдау, т.б.

Жаңадан тағайындалған мүфтиіміз қызметіне кіріскелі бері мешіт жамағаты мен жалпы халық арасында насихат жұмыстарын күшейтуге тапсырма берді. Себебі, біз діни ағарту мен түсіндіру жұмыстарын жандандырмайынша, діттеген мақсатымызға жете алуымыз екіталай.

– «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті – Астанадағы тарихы әріде жатқан құлшылық орны. Бүгінде сәждеге бас қойған, құбылаға жүзін бұрған мұсылман жамағат үлкенді-кішілі мешіттерге сыймай жатса, бұл әуелі қази Ғылманидан бастау алған деп білейік. Мешіт төңірегінде басқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Алдағы уақытта Сәдуақас қажы Ғылмани атамыздың атында медресе ашу ойымызда бар. Сонымен қатар, ол кісінің атында мұражай ашылғалы жатыр. Соны бір жөнге келтіріп, халықтың игілігіне ұсынсақ дейміз. Сәдуақас қажы қылышынан қан тамған сонау Кеңес заманында Қазақстанның тұңғыш қазиы болды. Қазақ топырағында ислам дінінің сақталуына, таралуына зор үлес қосқан боздақтың бірі. Және бұл кісінің көпшілікке жетпеген бірқатар еңбектері бар. Сол дүниелердің бас-аяғын біріктіріп, көпшілікке ұсыну бірінші кезекте тұр. Және мешітімізді келесі Ораза айына дейін күрделі жөндеуден өткізгіміз келеді. Сондай-ақ, келесі айдан бастап ақшам намазы мен құптан намазы арасында беделді, сауатты орыс тілді имам-дінтанушылар мешітімізде орыс тілінде күнделікті уағыз насихат жүргізетін болады.

– Мешіттің ресми сайты ашылғаны белгілі. Оның басқа діни сайттардан ерекшелігі қандай?

– Жастардың басым көпшілігі кітап оқығаннан гөрі, ғаламтор желілерін кеңірек пайдаланады. Діни басқармамен келісіле отырып, біздің де мешітіміздің атынан «sunna.kz» ақпараттық, ағартушылық және танымдылық тұрғысындағы сайтымыз ашылғанына төрт айдың жүзі болды. Алдағы уақытта осы сайт одан әрі жетілдіріліп, қоры мейілінше маңызды мағлұматтармен толықтырылатын болады. Басқа сайттардан ерекшелігі сол – ҚМДБ-ға қарасты Қазақстанның әр аймағында орналасқан барлық мешіттер, ғибратты әңгімелер, «Иман айнасы» бағдарламасы, апталық жұма уағыздары, Қазақ данышпандарының видео сеті, «Нұр» қазақ ислам университетінің мұғалімдерінің бейне лекциялары, сұрақ-жауап, интернет конференция мен таңдаулы мақалалар топтастырылған.

Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира Аймағанбет

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button