Басты ақпаратМәдениет

Поэзия парасаты

«Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, көптеген халықаралық атақтардың иегері Мұхтар Шахановтың «Наурыз парасаты» атты шығармашылық кеші өтті. Астана қаласының 20 жылдығына арналған кешті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

Биыл Самарқанның көк тасын еріткен, шығыс жұртында жыл басы болып есептелетін әз-Нау­рыз мерекесінің ортамызға қайта оралғанына 30 жыл толды. Ал осы мейрамның қазақ жерінде жаңғыруына Мұхтар Шаханов үлкен үлес қосты. Сол кездегі Қазақстан Коммунистик партиясы Орталық ко­митетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді көндіріп, Наурыздың тойлануына жол ашты. Осы туралы көрініспен ашылған кеш әрі қарай ән-жырға ұласты.
Мұхтар Шахановты ақын ғана емес, композитор ретінде де білеміз. Оның өзі шығарған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Мен саған ғашық едім», «Бала махаббат», «Рух пен тіл» әндері мен ақынның Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қал­аяқов, Ескендір Хасанғалиев сынды аса көрнекті композиторлармен бірігіп жазған туындылар шырқалып, өлеңдер оқылған концерт үш сағатқа созылды. Әндерді Тамара Асар, Мөлдір Әуелбекова, Хадиша Шалабаева, Шәба Әденқұл, Қырғыз Рес­публикасынан арнайы келген Динара Акулова, т.б. әншілер мен топтар нақышына келтіріп орындады.
Мұхтар Шахановтың Шыңғыс Айтматов, Евгений Евтушенко сияқты әлем мойындаған қаламгерлермен достығы осы күн­дері аңызға айналды. Моңғолия Халық Республикасының тұңғыш ғарышкері Жугдэрэмидийн Гуррагча да қазақ ақынының досы екен. Осы кешке арнайы қатысқан ол жылы лебізін жеткізді.


«Мен Мұхтар Шахановты көптен білемін. Таныстығымыз өткен ғасырдың сексенінші жылдары басталды. 1981 жылы ғарышқа самғадым. Сол кезде көптеген кездесулер өткіздім. Бір кездесуде журналистер менен «Кеңес жазушылары мен ақындарынан кімдерді танисыз, кімдерді сүйіп оқисыз?» деп сұрады. Мен Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов және Мұхтар Шаханов есімдерін атадым. Бұл кездесулерден кейін Мұхтармен Мәскеуде жүздестік. Содан бері арамыз ажыраған жоқ. Сексе­нінші жылдардың ортасынан Шахановпен Арал теңізінің эко­логиялық проблемасы бойын­ша бірге жұмыс істеп, теңізді апаттан құтқаруға тырыстық. Мұхтар арқылы Шыңғыс Айт­матовпен, өзге де кеңестік ақын-жазушылармен таныс­тым» деді моңғол ғарышкері.


22 наурыз өмірінде ерекше рөл алатынын айтқан Жугдэрэмидийн Гуррагча осыдан 37 жыл бұрын дәл осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан көкке көте­рілгенін, бұған қоса Наурыз мерекесі тойланатынын, ақын досының кешін де мереке санайтынын жеткізді.
Кештің соңында Мұхтар Шахановтың өзі сахнаға көтеріліп, жалынды жырларын оқыды.
Айналаңнан жаңа көктем
лебі ескен,
Бұл кезеңде күн менен
түн теңескен.
Сан ғасырлық ата-баба
салтына
Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!.. – деп бастап, әрі қарай халықты ойландыратын, рухты көтеретін өлеңдеріне кезек берді. Шаханов шуағына шомылған көрермен бұл кештен рухтанып қайтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button