Шаһар тұтқасы – шағын кәсіпкерлік

Былтырғы қорытындымен өңірлер арасында ең жоғары экономикалық өнім көрсеткіші тіркелген аймақтың бірі – Астана. Президент қатысқан Үкімет отырысында белгілі болғандай, бас қаланың даму нәтижесі барлық салада да алда. Мұны шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек те мәлімдеген еді. Оның сөзінше, өткен жылы елорданың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 111,5 пайызды құраған. Өңірлік өнім көлемі 15 трлн теңгеден асып, бұл көрсеткіш өсімді 6,5-7 пайыз деңгейде қамтып отыр. Ал бас қала экономикасының негізі – шағын және орта бизнес. Бүгінде елорданың жалпы өңірлік өнім құрылымында оның үлесі 72,8 пайызды құраса, бұл республикалық орташа деңгейден 2 есе жоғары тұр. Сондай-ақ өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,5 пайызға өскен.
Тұрғындардың 70 пайызы жұмыспен қамтылды
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы берген мәліметке сүйенсек, былтыр салада үлкен жұмыс атқарылды. Мұнда кәсіпкерліктің негізгі даму көрсеткіштері инвестиция, өнеркәсіпті дамыту және туризм саласы бойынша көрініп отыр.
Астана экономикасының негізгі қозғаушы күші шағын және орта бизнес болып қала береді. Бүгінде дәл осы сала елордадағы экономикалық белсенді халықтың 70%-ын, яғни жарты миллионнан астам адамды жұмыс орнымен қамтып отыр.
«Мемлекет қолдауының арқасында кәсіпкерлік саласы барлық көрсеткіш бойынша айтарлықтай өсу динамикасын көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта қалада 250,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға артық. Биыл осы көрсеткішті 262 мыңға жеткізіп, 6%-дық өсімге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал 2024 жылдың 9 айының қорытындысымен салада жұмыспен қамтылғандар саны 521,5 мың адамды, яғни еңбекке қабілетті қала тұрғындарының 70,8%-ын құрады. Биыл осы бойынша жұмыспен қамтылғандар санын 570 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр» дейді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.
Айта кетейік, өткен жылдың 9 айлық есебімен Астанадағы шағын және орта бизнес субъектілері 10,8 трлн теңгенің өнімін өндіріпті. Ал биыл жоспарланған өнім шығару көлемі 13,5 трлн теңгені (9%-дық өсім) құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ 1,3 трлн теңге (барлық салық төлемінің 46%-ы) салық төленген.
Қолдау тоқтамайды
Жалпы кәсіпкерлік бойынша көрсеткіштің артуына басты себеп – Үкімет қолдауы. Жыл сайын салаға қатысты түрлі жеңілдетілген бағдарламалар мен несие шарттары елордадағы шағын және орта бизнестің үлесін арттырып отыр. Мысалы, шағын және орта бизнес несиелерін субсидиялау және кепілдендіру «Даму» қоры арқылы жалғасады. Биыл бұған жергілікті бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінген. Жалпы осы жылы 1400 жобаны субсидиялау жоспарланып отыр, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға артық (2024 жылы – 1284 жоба). Екіншіден, әлеуметтік кәсіпкерлердің жобаларын гранттық қаржыландыруды арттыру жоспарланыпты. Биыл кемінде 60 жоба қолдау табады. Ал өткен жылы 39 жоба іске асқан еді.
«Кәсіпкерлерге жергілікті «Астана бизнес» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілмек. Бағдарламаны қаржыландыру «Даму» қорымен бірге жүзеге асады. Былтыр бұл бағдарламаның жалпы қоры 2,5 млрд теңге болды. Осы жылға да дәл осы соманы бөлу жоспарланып отыр. Аталған қаражат кем дегенде 45 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне көмек болады. Сонымен қатар елордада әлеуметтік кәсіпкерлерді үнемі қолдау тоқтамайды. Көмек көрсетеміз. Қазір Астанадағы әлеуметтік кәсіпкерлердің ең жоғары үлесі жалпы республикалық реестрдегі 23%-ды құрап отыр. Былтыр 145 кәсіпкер тіркелсе, осы жылы 175 кәсіпкерді тіркеу жоспарлануда» дейді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, жыл басынан бері шаһардағы 100-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Оның ішінде мемлекеттік грант беру, несие бойынша пайызын төмендету және «Астана» ӘКК арқылы қажетті ғимараттарды ұсыну сияқты көмекпен қамтылыпты.
5700 жұмыс орны құрылды
Астана қалалық мәслихатының депутаты, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбектің сөзінше, елордада былтыр кәсіпкерлерге 34,6 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Олардың ішінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 32,6 млрд, несие кепілдіктерін қамтамасыз етуге 1,8 млрд, жеңілдетілген несиелеуге 1 млрд теңге бөлініпті. Аталған шаралар кәсіпкерлік саласының тұрақты дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Биыл да осы көлемдегі қаражат бөлінбек.
«Бұған қоса, қаладағы шағын және орта бизнестің дамуына себепкер болған №1 индустриалды парктің үлесін ерекше атауға болады. Оның өндіріс көлемі 9,1 трлн теңгеге жетті. 132 жоба аясында 72 өндіріс нысаны іске қосылды. 5700 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жалпы инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 70%-дан асса, шетелдік инвесторлар үлесі 150 млрд теңгені құрап отыр» дейді ол.
Кендебай Адамбек шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі Астана қаласы мәслихатының басты назарында екенін айтып отыр.
«Былтыр мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы «Астана қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелер және оларды шешудің мүмкін жолдары туралы» жоспарлы отырысын өткізді. Осы секторды дамытуға қатысты депутаттардан бірнеше ұсыныс әкімшілікке берілді. Атап айтсақ, олар – кәсіпкерлік инфрақұрылымын жетілдіру, қаржылай қолдау және салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз ету, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мен инновациялық жобаларға қолдауды арттыру. Бұл бойынша ұсыныстар қазір жүзеге асып та жатыр. Екіншіден, мәслихаттың бейімді комиссиясы ұсынысымен Астана қаласының Тексеру комиссиясы да мәселені әрдайым бақылауында ұстайды. Биылғы ІІ, ІІІ тоқсанда бас қаланың кәсіпкерлік қызметін қолдауға және дамытуға бағытталған жергілікті бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі жөнінде мемлекеттік аудиті жоспарланған. Аудит барысында жауапты басқармалар мен кәсіпкерлердің өзара әрекеттесуі, бюджет қаражатын жұмсаудың нәтижелілігі және инвестициялық климаттың жақсартылу жағдайлары жан-жақты сарапталмақ» дейді К.Адамбек.
Мұндай шара бюджет қаражатының дұрыс бағытта жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондағы мақсат елорданың экономикалық дамуын жеделдету, бәсекеге қабілетін арттыру және жаңа инвестициялар тарту арқылы жұмыс орындарын көбейту екені белгілі.
«Amanat партиясы Астана қалалық филиалының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының жол картасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірнеше тармақ бар. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы. Ол бойынша 2029 жылға дейін 1200-ден астам коммерциялық жобаны қолдау көзделген. Былтыр әріптес депутаттардың бақылауымен бірыңғай кешенді бағдарлама бойынша 1425-тен астам жобаға көмек көрсетілді. Осы жылы да көптеген жобаға демеу беру жоспарланып отыр» деп сөзін түйіндеді мәслихат депутаты.
Жалпы шағын және орта бизнес – елорда экономикасының басты тірегі. Сондықтан оның дамуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай үлес қосады. Кендебай Адамбектің сөзінше, алдағы уақытта да Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты кәсіпкерлікті дамыту бағытында үйлесімді әрі жүйелі жұмыс жүргізе отырып, бұл сектордың әрі қарай дамуына қолдауын жалғастыра бермек.
Ержан ҚОЖАС