ӘлеуметҚоғам

ШАҺАРҒА ШАҢ ЖҰҚПАСЫН

Биылғы 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында Астанада экологиялық айлық жүріп жатқаны белгілі. Қала тазалығы – қашанда әкімдіктің басты назарында. Елорданың көрік-келбетіне, айнадай ажарына әр тұрғынның жауапты екенін шаһар басшысы Әділбек Жақсыбеков те жиі айтады. Осы орайда біз жұртшылықтың бұл мәселеге деген шынайы көзқарасын білмек ниетпен әлеуметтік эксперимент ұйымдастырдық.

ERM_3567

Жоспарымызды редакция ғимараты орналасқан орталық көшеден бастауды жөн көрдік. Іске кіріспес бұрын фототілші алысырақ маңға барып жасырынды. Ал мен Достық даңғылының бойымен аяңдап келемін. Қо­лымда – бос бөтелке. Алдын ала келісілген сценарий бойынша, адамдарға жақындағанымда әлгі құтыны жерге лақтыруым керек. Қоқыс жәшігіне емес, тұп-тура тротуар үстіне! Иә, мұның қаншалықты әдепсіз көрініс екенін көз алдыма елестетіп қойғанмын. Журналистік материал үшін ұятымды бір сәтке
жиып қойып, амалсыз шыққа­ным да рас еді.
Бағдаршамнан өткен соң, қарсы алдымнан қос келіншек кездесті. Түрлеріне қарасам, әлденені қызу талқылап келе жатқан кісілерге ұқсайды. Мені елең қылар емес. Жүрісімді баяулаттым. Тақала бергенде сығымдай ұстаған пластмасса бөтелкені қолымнан тастай салдым. Қаңғыр еткен дауысқа екеуі де жалт қарады. Бірақ үндеген жоқ. Желке тұсымнан шығар ескертуге іштей дайындалып келе жатқанмын. Алайда, мен күткен реакция байқалмады. «Кейіпкерлердің» үнсіздігіне қарным ашты.
«Жә, бұрылуға асығыс болар» деп өз-өзімді жұбатып қоямын. Бұл кезде «Бәйтерек» монументінің түбіне де келіп қалғанмын. Бірді-екілі отбасы балаларын ойнатып, серуендеп жүр екен. Оларды аңғар­мағансып, қалтамдағы сағыз­дың соңғы түйірін аузыма сал­дым да, қағазын жерге тас­та­дым. Қас қылғандай, жаңағы бүл­діршіндердің біреуі сол қағазға қарай ұмтылды.
– Димаш, таста, ол «кәкәй»! – деп анасы жалма-жан жетіп келді.
Артынша маған назарын салып:
– Қоқыс үшін мұнда арнайы жәшіктер қойылған. Айналаны олай бүлдірудің қажеті жоқ, – деді қатқыл үнмен.
Қысылғаннан жерге кірер тесік тапсамшы! Екі бетім дуылдап, басымды изей бердім. Әйткенмен, дәл осы жауап еді ғой іздегенім.

ERM_3485

Бұдан кейін Сауран көшесін бетке алдым. Бағытым – аялдама. Автобус күтіп тұрған жанның кейпіне еніп, қалшиып тұрмын. Құлаққабымды шығарып жат­қанда, қоғамдық көліктің жарамсыз билеттері «оқыстан» шашылып түсті. Еңкеймедім. Еңкеюге құлық та танытпадым. Кенет иығымнан әлдекім түртті.
– Сіздің билеттеріңіз… – деп, сары шашты қыз жерді нұсқады.
– Ә-ә-ә, мейлі, – деймін селқос қана.
– Мүмкін оны урнаға саларсыз?! Екі-ақ адым жерде тұр ғой.
«Тәртіпсіздігімді бетіме басқан» бойжеткенге ынты-шын­­тыммен ырза болдым. Біздің әңгімемізді сырттай бақылап тұрған үлкендерден гөрі тазалық мәселесіне замандасымның жаны қаттырақ ашитын тәрізді.
Хош, әлеуметтік экспери­ментіміздің келесі бөлімін Алматы көшесінде жалғастырдық. Бұл жолы қалдық толы қара қапшықты аула ортасына қойып
кетуім шарт. Түс әлеті таяған соң күншуақтап отырған қарт­тардың қатары көбейіпті. Есік­тің алды тап-тұйнақтай.
Қанша қысылғаныммен, подъезден шыға бере қолымдағы қо­қысты есіктің түбіне қал­дыр­дым. Алға адымдағаным сол еді, қариялардың бірі:
– Қызым, анауыңды алып кет, – деді қабағын шытып.
– Жап-жас болып алып жә­шікке апаруға ерінеді, – деді екіншісі кейіп.
– Ауланы өздері сыпырмаған соң бұларға бәрібір, – деп үшінші әже де дүрсе қоя берді.
Бетімнің оты шықты. Бұдан әрі шыдап тұра алмадым да, мұның бәрін эксперимент үшін жасап жатқанымды түсіндірдім. Сөзіме сенбеген секілді, ізімнен манағы реніштерін қайта қозғады. Мейлі ғой, бастысы аула тазалығына бейжай қарамайды екен.
Қысқасы, зерттеу барысында қырық шақты кісіні сынадық. Оның отыз бесі біздің бейбастақ әрекетімізге жақтырмай қараса, арасындағы жиырмасы ғана тәртіпке шақыруға тырысты. Қалғандары, өкінішке қарай, «аш құлақтан тыныш құлақ» әдісін құп көрді. Сараптай келе, біздің халыққа әлі де белсенділік, жауаптылық жетіспейтінін
ұқтық. Шаһар ортақ болған­дықтан, сенікі не менікі деп бөлінген жарамайтын сықылды. Үйімізді ұқыпты, елордамызды мұн­таз­дай етіп ұстасақ деген ой ғана ғой біздікі.

ZAH_4882

КЕРЕК ДЕРЕК
Астана қаласындағы Ішкі істер депар­та­ментіне қарасты Жергілікті полиция басқармасының қыз­меткерлері қала аума­ғындағы таза­лық­ты қамтамасыз ету мақсатында тұ­рақты түрде іс-ша­ра­лар жүргізеді. Биыл­ғы жылдың басынан бері жүк тасушы авто­көліктердің 22 жүргі­зушісі жалпы сомасы 800 мыңнан аса теңгеде, 4 заңды тұлға жалпы сомасы 200 мыңнан аса теңгеде айыппұл төлеп, әкімшілік жа­уапкершілікке тартылды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңның 505-бабына сәйкес, қалалардың ау­мақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл салынады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button