Sport

Шахмат ханшайымы

Оңтүстік Қазақстандағы мемлекеттік педагогикалық институтында шахматтан Әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы ашылды. (www.alau.kz)

Жаңа ғасыр ба­сы­ – 2000­ жыл­ еді. 12 қаңтар. ОҚМПИ-де сабақ беретін хи­­­­­мик, тех­ника ғылымының док­­то­­­ры­ Әб­­­­ді­­мә­лік­ Ма­нап­ұлы­на ­ұлы Да­­­­­­­нияр­ те­­­­ле­­­­фон­ шал­ды.­

– Әке, келініңіз босанды! Қыз ба­­ла екен. Ат қойып жіберіңізші!

Әбдімәлік ақсақал құлық таныта қоймады:

– Қыз бала ғой. Атын өздерің ойлас­тыр­саңдаршы!

– Әке, сен үшін ұл немере де, қыз не­­мере емес пе?..

Ғалым бұған дейін Даниярдың тұң­­ғыш ұлына Санжар деп ат қой­­ған. Немересі әжептеуір қабі­­лет­­ті. Оны Данияр өзі секілді ин­­тел­­­­­­лек­­туалдық спортқа баулып, шах­­­­матқа үйретіп жүр.

«Енді қыз балаға ат қой» дегенде, «жарайды, ойланайын» деп, тұт­­қаны ілді.

Түнде ұйықтап жатқан, таңғы төрттер­ ша­ма­сын­да­ шо­шып­ оян­­­ды. Баяғы Меккеге барып, Құр­­бан­ айт намазын оқу үстінде қай­­тыс болған діндар бабасы тү­­сі­­не­ еніпті. Әлдеқайдан көрінді де: «Осы не­­ме­рең сенің атыңды шығарады. Бірақ оның ататегін өзгерту керек!» деп аян берді.

Түсті жақсылыққа жорыған Әбді­­мәлік ақсақал ертесіне тұра сала қала­­да­ғы ұлына телефон шалды:

– Данияр. Қартайғанда жаныма сая­­ бол­сын деп, немеремнің атын Жан­сая қойдым. Ататегін Әбдімәлік деп жазарсың…

* * *

Қыз туса, «қырсықтың келгені» деп қарайтын қасаң көзқарас қазақта да болған. Алайда, қаршадай ғана қыз ерте жастан бар елінің мақтанышына айналып үлгерді.

Әрине, ағасы Санжар шахмат тақтасында отырғанда оңынан – бір, солынан бір шығып, жағаласып жүрген кішкентай сәбиді ешкім ол кезде шахматшы болады деп ойлаған жоқ. Әкесі Данияр Әшіров бұл уақ көзге түсіп, шахматтан жақсы нәтижелер көрсете бастаған Санжарға үміт артушы еді. Бірақ, өмір құбылмалы екен. Алма Әшірова қызының ерекше қабілетін ерте танып, оны шахматқа беруді жөн көрді. Сөйтіп, 12 жасқа дейін шахмат ойнап, өз деңгейінде бірнеше мәрте чемпион атанған Санжар жеңіл атлетикамен әуестеніп кетті де, отбасындағы шахмат әлемінің үстемдігіне жету қаршадай Жансаяға бұйырды.

Жансаяға осынау спорт түрінің әліппесін үйреткен алғашқы бапкері – әкесі Данияр. Қыз сегіз жасында-ақ ойын тақтасында әкесін оңдырмай жеңіп, оза шапты.

Алайда, Жансая бұл кездің өзін­де шахматшы ретінде танылып үлгер­ген. Қаршадай қыз ең алғаш рет 2006­ жылы Алматы қалалық қыздар а­­ра­­сындағы чемпионатта жеңімпаз атан­­ған еді. Одан кейін араға екі жыл са­­лып, 2008 жылы Вьетнамда өткен тур­­нирге барды. Ол жақтан «Әлем чем­­пионы» болып оралды. Содан ке­­йін 2010 жылы Түркияда, 2011 жы­­лы Польшада, осы 2011 жылдың қараша айында Бразилияда өткен халықаралық турнирде тағы да жеңіп шығып, жұлдызы жарқырай түсті…

Бүгінде он үш жасқа толып отыр­ған Жансая шахмат ойынынан­­ әлем­­нің­­ төрт дүркін чемпионы. Өткен жылы Словения­да­ өткен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта күміс жүлде иеленді. Ең бас­ты­сы, әлемдегі шахматтың ең кішкентай ханшайымы атанды. Иә, Жансая – ең жас гроссмейстер! Бұған дейінгі ең жас шахмат ханшайымы атағы Ресейдегі 14 жастағы Александра Горяч­ки­нада болса, Жансая бұл атақты 12 жаста иеленіп отыр.

«Қыз бала отбасының ырысын арттырады» дейді. Рас екен. Он үш жасқа толмай тұрып өзі әуестенген спроттың ең биік шыңдарына шығып үлгерген Жансая отбасының ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған. Оған Қазақстан-Британ университетінің білім гранты табысталды. Ал Ел Президенті қомақты стипендия бөліп, қаршадай қазақ қызына өз қолымен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады…

* * *

Әрине, адам бақыты дүниеде емес. Бақыт жан-жүрек тыныштығы мен мейірім, махаббатқа ие болуда. Бұл тұр­ғы­да бала жастан өзінің әрбір уақытын тиімді пайдаланып, ақыл-ойы мен сана-сезімін тәртіпке салуды үйренген Жансая – бақытты қыз. Өзінің айтуынша, уақыты ешқашан бос өтпейтін көрінеді. Әрине, еңбексіз мұншалық шынайы жеңістерге жету мүмкін емес. Соған орай, ол әр күнінің алты сағатын өз сала­сына арнайды. Оның төрт сағатын шахмат тақтасының басында өткізсе, екі сағатында суда жүзумен шұғылданады. Арманы көп қыз суда жүзуден де олимпиада чемпионы болуды көздейді.

Қазақта қыз бауырмал келеді. Жансая да Жәңгір есімді інісін жанындай жақсы көреді. Өзінің айтуынша, Жәңгір – оның ең берілген жанкүйері. Ерте есейіп, ерте жастан ересектерше ойлауға дағдыланған қыз інісіне уақыт бөліп отыруды өзіне бақыт санайды. Сондықтан да, кейде кішкентай Жәңгірмен шахмат ойнап, әпкелік мейірімін арнайды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button