Шахматтан Senat Open кубогының іріктеу кезеңінің қорытындысы жарияланды

Астанада шахматтан Senat Open кубогының іріктеу кезеңі аяқталды. Оған Эло рейтингі 2000-ға дейінгі 125 адам қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Турнирді бастаған символдық алғашқы қадамды Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов жасады. Ашылу салтанатына сондай-ақ елорда мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мен Астана шахмат федерациясының президенті, қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Абзал Сағымбаев қатысты.
Турнирді Виктор Журавлев жеңіп алса, екінші орынды Руслан Мерей, үшінші орынды Андрей Байсқақов иеленді. Жалпы командалық есепте Ардагерлер кеңесінің шахматшылары алға шықты. Жарыстың үздік 35 ойыншысы бес жартылай финалдың бірінде елорданың атынан шығу құқығына ие болды.
Айта кетейік, Senat Open екінші ашық кубогы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен өтетін турнир ақпан айында басталған болатын. Іріктеу турнирлерінің сериясы жалғасуда: келесі кезеңдер 30 наурызда Қарағандыда және 31 наурызда Павлодарда өтеді. Финал Астанада 29 тамыз күні өтеді.