Шахматтан турнир басталады

Шахмат – әлемдегі ең танымал логикалық ойындардың бірі. Адамның ақыл-ойының ұшқырлығы мен шыдамын, аналитикалық ойлау мүмкіндігінің мінберін таразылайтын тартыстың жеңімпазы болу екінің бірінің қолынан келмейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің ұйымдастыруымен соңғы жылдары тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан шахмат турнирі биыл Қазақстан бойынша 5-16 жас аралығындағы 300 баланың басын қосады. Турнир талабына сәйкес, бұл бәсекеге 9-cыныптан жоғары сыныптың оқушылары қатыса алмайды.
2025 жылғы 19-20 сәуірге жоспарланған жылдам шахмат түрінен өтетін халықаралық турнирді ұйымдастыру ісіне «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетеді. Шахмат турнирінің жалпы жүлде қоры 1 200 000 теңгені құрайды. Cонымен қатар 11 турдан тұратын турнирде үздік нәтиже көрсеткен екі оқушы (бір ұл, бір қыз) Республикалық физика-математика мектебінде оқуға арналған гранттың иегері атанады.
Мен, осы республикалық физика-математика мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі оқушыларды шахмат турниріне дайындайтын жаттықтырушы ретінде қазақстандық барлық оқушыны аталған турирдің қатысушысы болуға шақырамын. Әрбір шахмат турнирі оқушылардың жеке қасиеттерін ашуға айрықша ықпал етеді.
Алдағы турнир өте тартысты өтеді деп ойлаймын. Cондықтан да біз жаттықтырушы-ұстаз ретінде шәкірттеріміздің бұл турнирге қатысуына қолдау танытуымыз қажет. Әр оқушы мықты қарсыластармен сынға түсу арқылы шыңдалады. ФИДЕ ережесін басшылыққа алатын турнирдің жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарды да еншілей алады.
Рахат КЕНЕСБЕКОВ,
Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі