Басты ақпарат

Шахта шынықтырған тұлға

Ресейдің Кемерово өңірінде кем дегенде екі қазақтың ізі қалды. Оның алғашқысы осы аймақты жиырма жылдан астам уақыт басқарған Аман Төлеев болса, екіншісі – мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайынов. Әбілғазы Қалиақпарұлының еңбек жолы дәл осы өңірден басталды. Онда Қарағанды тау-кен техникумын бітірген 19 жастағы бозбала Шерегеш кенішіне V ­разрядты үңгілеуші болып орналасып, бір жылдай жұмыс істеді. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, туған ­Сарыарқасына оралып, шахтадағы еңбегін жалғастырды. Жарты ғасырға жуық ғұмырын елдің өркендеуіне арнаған азамат бүгінде мерейлі жетпіс жастың жотасына шығып отыр. Осыған орай тұлғаның өмір жолына үңілуді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=2067]

Әбілғазы Құсайынов Қарағанды облысының Тельман ауданы Майөзек кентінде дүниеге келді. Бүгіндері бұл аумақ Бұқар жырау ауданына қарайды. Әбілғазы Қалиақпарұлына осы ауданның құрметті азаматы атағы да берілді. Өткен жылдың соңында аудандық тарихи-өлкетану музейінде ауданның құрметті азаматтарына арналған арнайы ақпараттық бұрыш ашылды. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы дәл Әбілғазы Құсайыновтан бастап, ол туралы ақпараттарды орналастырды.

Салтанатты шараға оның өзі де қатысып, мектеп оқушыларымен кездесті. Өнеге болатын әңгімелерді айтып, музейге «Алғашқы автобан» атты кітабын сыйға тартты. Иә, еліміздегі алғашқы автобанның ашылуы Әбілғазы Қалиақпарұлының есімімен тікелей байланысты. Бұл жөнінде сәл кейінірек тарқатамыз.

Кешегі қарапайым шахтер кейіннен облыс басшысы, Парламент депутаты, министр болды. Соңғы отыз жылдағы қызметіне тоқталар болсақ, тәуелсіздігімізді алған жылы Қарағанды облыстық Мемлекеттік баға және монополияға қарсы саясат комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

1995 жылдың 30 тамызында өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаны белгілі. Ол Парламентті заң шығару қызметiн жүзеге асыратын қос Палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұратын жоғары өкiлдi орган ретінде айқындады.

1996 жылдың қаңтарында Парламент жұмысын бастады. Бірінші шақырылымдағы сайланған Сенат депутаттарының арасында Әбілғазы Құсайынов та болды. Сонда Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, ке­йіннен Сенат төрағасының орынбасары болып сайланды.

Сенаттан Көлік және коммуникация министрлігіне келді. Бастапқыда министрдің орынбасары, сосын Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы болды. Арасында Экономика және сауда, Индустрия және сауда министр­ліктерінде басшылық қыз­меттерді атқарды. Көлік және коммуникация министрлігіне қайтып келген соң, 2009 жылдың наурызында министр болып тағайындалды.

Жаңа ХХІ ғасыр басында елімізде Астана-Бурабай автобанының құрылысы жүргізілді. Алты жолақтан тұратын күре жол 2009 жылы пайдалануға беріліп, курортты аймаққа автокөлікпен жылдам барып келуге мүмкіндік берді. Әбілғазы Қалиақпарұлы бұл құрылысқа салалық министрлік басшыларының бірі ретінде басынан аяғына дейін қатысты. 2009 жылдың қоңыр күзінде автобанды Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Сол уақытта Әбілғазы Құса­йынов Көлік және коммуникация министрі еді. Кейіннен ол ауқымды жобаның жүзеге асуының тікелей куәгері ретінде «Алғашқы автобан» кітабын жазып шықты. Бұл еңбекте «Астана-Бурабай» күре жолының тарихы жан-жақты тарқатылды.

Әбілғазы Қалиақпарұлының «Қазақстандағы техникалық реттеу реформасы» атты тағы бір кітабы бар. Онда автор осы саланың ұңғыл-шұңғылына үңілген. Тектен-тек емес. Ол 2003 жылдан Индустрия және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетінің төрағасы болды. Кейін осы комитет атауы Техникалық реттеу және метрология комитеті болып өзгерді. Ал 2004 жылдың 9 қарашасында еліміздің «Техникалық реттеу туралы» заңы қабылданды. Міне, кейіпкеріміз осы істің басы-қасында да жүрді.

Әбілғазы Құсайынов 2012 жылдың басында Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Өндірісті өлкедегі жұмысын ол ақсақалдардан бата алудан бастады. Тура сол жылы аймаққа қадірлі ақсақал Мәлік Имашев тоқсан жасқа толып жатқан. Әбілғазы Қалиақпарұлы ардагерді қабылдап, мерейтойымен құттықтады. Ақсақалға құрмет көрсетіп, сый-сыяпат жасады. Аймақ басшысына риза болған Мәлік Имашұлы оған батасын берді.

Әбілғазы Қалиақпарұлы алайда облыс тізгінін аз ғана уақыт ұстады. Бір жылдан кейін астанаға Кәсіп­одақтар федерациясының төрағасы қызметіне келді. 2015 жылы Президенттің кезектен тыс сайлауына түсті. Кандидат ретінде тіркеліп, өзінің сайлауалды бағдарламасын экология мәселелеріне арнады. Соның ішінде өндірістің қоршаған ортаға залалын азайту үшін мемлекеттік бақылаудың жаңа стандарттау үлгісін қолдану қажеттігіне назар аударды.

Зейнетке шыққаннан кейін өскелең ұрпақтың, жастардың тәрбиесіне, олардың азамат болып қалыптасуына көңіл бөлу керек деп шешті. Өткен жылдың соңында елорданың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өткен «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты кешке қатысты. Әбілғазы Қалиақпарұлы осы шараның арнайы қонағы болып, салиқалы әңгіме өрбітті.

Қандай жоғары қызмет істесе де, қарапайымдылығынан айнымаған азамат. Бұл жүріс-тұрысынан, киген киімінен де байқалады. Мәселен, елорда кітапханасындағы және туған ауданындағы музейдегі кездесулерге де галстуксыз келді. Біздіңше, осы жағдай болмысынан хабар береді. Биылғы мерей­тойын да тыныш өткізді. Кеудесінде қайсыбір шенеуніктер секілді қаптаған медаль мен орден де жоқ. Әбілғазы Қалиақпарұлының еңбегі «Құрмет» және ­ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен бағаланды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button