Sport

«Шахтердің» шамасы келмеді

Қазақстан Премьер-лигасының 18-турында «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын қабылдады.

Өткен турда Қостанайдан жеңіссіз қайтқан «Астана» бұл ойынға жайбарақат қарамады. Дегенмен алда Черногория елінде жауапты матч күтіп тұрғанын ескерген елордалықтар негізгі құрамның бірді-екілі ойыншысын демалдыруды жөн санапты.
«Астана» әдеттегідей ойын тізгінін өздері ұстады. Бірақ жылдам гол салудың реті келмеді. Игорь Щацкий күзеткен «Шахтер» қақпасына алаң иелері әжептәуір қауіп төндірді. Біраз шабуылға тойтарыс берген Шацкий ойынның бел ортасына таяғанда жарақат алып қалды. Ол кетісімен алғашқы гол да келді. 44-минутта оң қапталған көтерілген допты Абзал Бейсебеков қақпаға бағыттап, оны қақпашы қайтарған. Бірақ кейін серпілген допты Алексей Щеткин голға айналдырып кетті.
Екінші таймда «Астана» екпіндете шабуылдады. Есепті еселейтіндей сәттер көп болды. Дегенмен шешуші гол ойынның соңында бір-ақ соғылды. 82-минутта Марин Томасов айып алаңынан сыртынан теуіп, алыс бұрышты дәл көздеді. Есеп – 2:0.
Қалған ойындарға келсек, «Қайрат» өз алаңында «Жетісудан» 2:1 есебімен басым түсті. Ал «Ертіс» Шымкенттің «Ордабасы» командасына есе жіберсе (1:2), «Ақтөбе» «Атырауды» тас-талқан етіп ұтты (5:1). Сондай-ақ, «Ақжайық» «Қызылжарды» қапы қалдырып (2:0), «Қайсар» «Тобылмен» тең түсті (2:2).

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button