Таным

Шәкір ЫБЫРАЕВ, Түркі академиясының президенті: ЖАҚСЫ БОЛУҒА МІНДЕТТІМІЗ, ЖАМАН БОЛУҒА ХАҚЫМЫЗ ЖОҚ!

Біз тәуелсіздігімізді жоғалтып, бодан болған жылдардан бастап іс жүзінде саяси аренада Абылай хан ұрпақтарына орын болған жоқ. Мұндай тыйымның, шектеудің шырқау шегіне жеткен уақыты –әсіресе кешегі кеңестік дәуір. 

Абылай ұрпақтарының арасында ата жолынан адасқаны жоқ

– Абылайдың 12 әйелінен 40 қыз, 30 ұл қалған деген дерек бар. Сол әулеттен шыққан бүгінгі тұлғалардың бірі – өзіңізсіз. Жуырда «Қазақ хандары және олардың ұрпақтары» деген шежіре кітап жарық көрген. Орыс тілінде. Сонда да сіздің есіміңіз аталады. Ал, Абылайдан тікелей тарағандардың ішінде белгілі азаматтар аз емес. Жалпы, сіздер, яғни осы әулеттен шыққан тұлғалар бір-бірлеріңізбен байланысып тұрасыздар ма?

– Кейбір деректерде Абылайдың отыз әйелі болған делініп келді. Бірақ ол толық дәлелденбеген. Тарихи нақты дерегі де жоқ. Біздің білгеніміз бойынша, расында Абылайдың 12 әйелі болған. Бүгінде сол 12 әйелден тараған ұрпақтары бар. Бірақ олардың барлығы дерлік Қазақстанда емес. Бірқатары Қытайдағы қазақ диаспорасында, енді біразы Өзбекстандағы қазақтардың арасында өмір сүріп отыр. Осылай жан-жаққа тарап кеткен. Сонда да осы әулеттен тарағандардың ұзын-ырғасын жинай келгенде олар аса көп емес. Жалпы, қазақта төре руынан шыққандардың саны аз. Тіпті, «мен бармын, осында жүрмін» деп баспасөз арқылы бой көрсетіп жүргендердің шамасына қарап та, олардың көп еместігіне көз жеткізуге болады. Ал енді осы әулеттен тарағандар өзара байланысып тұра ма дегенге келсек, елімізде көрнекті қызмет атқарған, болмаса қазіргі кезде өз саласында жетістіктерге жетіп, тұлға ретінде танылып жүрген азаматтардың бірін-бірі тауып, байланыс орнатып отыруы қиынға соққан емес. Бір анық нәрсе, Абылайдың әлгі 12 әйелінің бәрі бірдей қазақ емес. Арасында орыс та, қалмақ та, қарақалпақ та болған.

–Кейде әйелін басқа ұлттан алған азаматтар өзге ұлттың сойылын соғып кетіп жатады. Тіпті, бір ұрпақтың анасының ұлтына сіңісіп, өз атасына жат болып кеткен жағдайлары да тарихта аз қайталанбаған. Ал, сіздің білгеніңіз бойынша, Абылай ұрпақтарының қазақылықтан алыстап, басқа халыққа сіңіп кеткендері болуы мүмкін бе?

– Шынын айтқанда, мұндай деректі кездестірмедім. Иә, рас, Абылайдың біраз ұрпағы қарақалпақ әйелінен тарайды, енді біразы қалмақтан алған қыздан туған. Тағы басқа аналарымыздан тарағандар бар. Оның бәрі айтылып жүрген деректер. Демек, Абылайдың әртүрлі ұлттан әйел алғаны рас. Бірақ олардың барлығы да қазақ болған және қазақ халқының намысын қорғап, қазақ халқының толып жатқан ұлттық мүддесіне қызмет еткен үлкен тұлғалар болып есептеледі. Алысқа ұзамай-ақ, мысалы, Абылай ханның Қасымнан тарайтын ұрпақтарын алайық. Олар қалмақтың қызы Топыш ханымнан туған. Бірақ дәл осы атадан тараған ұрпақтың барлығы да негізінен алғанда Қазақстанымыздың тәуелсіздігі үшін күресіп өткен. Қасымнан, атап айтқанда, Есенгелді, Саржан, Кенесары, Наурызбай, тағы басқа ұлдар туған. Олар қазақтың азаттығы үшін арпалысып, халқына бодандық қамытын кигізгісі келген отаршылдарға қарсы бас көтеріп өткен. Сол жолда жанын қиған. Демек, арғы анасының қалмақ болғанына қараған емес, әке жолын қуып, өздерін толыққанды қазақпын деп есептеген. Ал, енді Уәліден тараған ұрпақтары қарақалпақтан туған. Бұлар да, тарихтан білеміз, толыққанды қазақ және саналы өмірінде қазақтың жоғын жоқтаған ұлы тұлғалар. Асылында, бұл әулетте әйелі өзге ұлт өкілі болып, оның балалары шешесіне қарап сап түзеп, өзге ұлттың намысын қорғап кеткен деген дерек кездестірген емеспін. Абылай ұрпақтарының барлығы да қазақ даласында туып, қазіргі қазақтың ішінде жүр деген ұғымдамын. Ал, енді олардың біразы басқа мемлекеттердің азаматы болып, шет елдердегі қазақ диаспораларында өмір сүріп жатса, ол тағдырдың жазуынан.

Кеңестік кезеңде саясат сахнасынан Абылай ұрпақтарына орын болған жоқ

– Абылай әулеті туралы ізденген адам хан ұрпақтарынан кейінгі жылдарда ғылым қайраткерлері көп шыққанын байқай алады. Ал бүгінгі саясат сахнасында Абылайдың тұқымы саналатын бірде-бір тұлға жоқ. Неге?

– Мұның нақты себебі бар. Біз тәуелсіздігімізді жоғалтып, бодан болған жылдардан бастап іс жүзінде саяси аренада Абылай хан ұрпақтарына орын болған жоқ. Мұндай тыйымның, шектеудің шырқау шегіне жеткен уақыты –әсіресе кешегі кеңестік дәуір. Бай, шонжар дегеннің арасында төре, «Абылай ханның ұрпағы» деген мәлімет естіле қалса, ол адамның ел алдынан да, тіпті өмірден де із-түссіз жоғалып кетуіне апарып соқтыратын бірден-бір айғақ, ілік болып табылатын. Яғни, мұндай азаматтарды қудалап, көзін жоюға «Абылайдың ұрпағы» деген сөздің өзі жеткілікті еді. Сондықтан да, кеңестік кезде Абылай ұрпақтарының саясат сахнасына көтерілуіне мүмкіндігі болған жоқ. 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының арасында саясатпен айналысқан хан ұрпақтарының, төре тұқымынан тарағандардың аяусыз жазаланғанын да жақсы білеміз. Ал одан бергі дәуірде, саясат саласынан гөрі ғылымда біршама жол ашық болды. Төренің ұрпақтарына да ғылым саласында қызмет етуге шектеу қойылған жоқ. Демек, өз бойындағы қабілетті ашуға, өз ынтасын қанағаттандыруға табиғи түрде мүмкіндік берілуі Абылай ұрпақтарының біразының ғылымға бет бұруына бірден бір себеп болды деп ойлаймын.
Бұл салада, білсеңіз, бірқатар жетістіктерге жеткендер болды. Мысалы, Нәтай Әзімханұлы Кенесарин Өзбекстанда ғылымға үлес қосып, үлкен ғылыми атақтарға қол жеткізді. Сол секілді, Ермұхан Бекмаханов ғылымда өз биігінен көріне білді. Бүгінде оның ұрпақтары да осы жолды жалғастырып жатыр.

– Нәтай Кенесариннің негізі Қазақстанда туып, атасының атын алып жүргені үшін қысым көргенін, Қазақстаннан сол себепті кеткенін жақсы білеміз. Сонда Өзбекстан жағында Кенесары «кеңестік үкіметтің» қас дұшпаны саналмаған ба?

– Иә, Нәтай Кенесарин кезінде осы Қазақстанда гидрогеология саласының маманы ретінде қалыптасқан. Сөйтіп, ғылым саласының шыңына ұмтылып, аты таныла түскенде ол кісіні қудалау басталып кетеді. Өзіңіз де айтып отырсыз, Кенесарин деген ататегін алып жүргені үшін. Басқа себеп жоқ. Содан Өзбекстанға кетуге мәжбүр болады. Ол жақта ағамыз Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі атанды, үлкен ғылыми дәрежелерге көтерілді. Осында айта кететін бір қызық жағдай, Өзбекстанға барғаннан кейін ондағылар Нәтай Кенесаринге: «Сіз өте үлкен ғалым, зиялы тұлғасыз. Бірақ құжатыңыздағы қазақ деген ұлтыңыздың орнына өзбек болып жазылсаңыз дұрыс болар еді. Сіздің атақ-дәрежеңіз жоғары көтерілер еді. Бүкіл Өзбекстан ғылымына қосып отырған үлесіңіз үшін, біз бәрін берер едік» деген екен. Бірақ Нәтай ағамыз: «Айналайын, бауырларым-ау! Мен ататегімді өзгертер болсам, Қазақстанда жүре бермедім бе? Осы тегімді, ұлтымды сақтау үшін ғана елімнен қашып, Өзбекстанға келіп отырмын ғой. Атақтарыңды бермесеңдер бермеңдер, мен қазақ болып қаламын. Мен тірі тұрғанда ешкім менің Кенесарин деген ататегімді тартып ала алмайды» деп жауап беріпті. Бірақ ұсыныстарынан бас тартқанына қарамастан, Өзбекстан жағы ғалымға ешқандай қысым көрсетпеген секілді. Өйткені, ол ғылым саласындағы барлық жоғары дәрежелерге қол жеткізе білді. Сөйтіп, 1975 жылы 16 сәуір күні 67 жасына қараған тұста Ташкент қаласында дүниеден озды. Сүйегі Өзбекстанның зиялы қауымы жерленген Шағатай зиратына қойылды.

– Ғылым жолындағы мүмкіндікті пайдаланды деп отырсыз. Расында да, ғылымда отарлық санадан азат, батырлық мінез көрсеткен, ұлт тарихының тың тақырыбын жазған бір тұлға болған. Ол – Кенесары көтерілісі туралы жазып, қудалауға түскен Ермұхан Бекмаханов. Одан бергіде қайсарлық танытып, кеңестік империяға қасқайып қарсы шыққан ғалымдар болған жоқ. Ал Нәтай Кенесарин мен осы Бекмахановтан басқа ғылым саласында қысым көргендер бар ма?

– Әрине, кеңестік кезеңде Абылай тұқымдары қудалаудың әр түрін бастан өткерді. Кешегі өткен ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, басқа да қысымдар әр қазақты айналып соғып отырды. Ана қармақтан құтылсаң, мына қармақ, одан құтылсаң, үлкен ор, одан аман өтсең, тағы бірдеңе күтіп тұрған заманда бас көтеріп, өз ұстанымыңды таныту, ерлік көрсету оңай емес еді. Отарлық билікке қайшы келетініне қарамастан өз тұғырнамасын көрсетіп, батырлыққа барғандар, одан соң аман қалғандар некен саяқ. Ондайлардың көбі із-түссіз кетті деп ойлаймын.
Ал, Ермұхан Бекмаханов сияқты өз саласына бел шеше кірісіп, тарихты қопарып, үлкен еңбек сіңіргендер, расында, аз. Біле білсеңіз, ол кісінің өзі тарих саласындағы тұңғыш ғылым докторы. Мәскеуден оқып, терең білім алып, КСРО-дағы басқа ірі тарихшылармен терезесі тең болып, өз биігінен енді көріне берген кезде, оның әрі қарай қанат қағуына мүмкіндік берілмеді. Жан-жақтан анталап, «мынау кеңестік идеологияға қарсы» деп отырып, ғалымды түрмеге тығып, қудалап, ақыр аяғында бір шет шалғайдағы ауылдың мектеп мұғалімі болып қалуына итермеледі. Бірақ Ермұхан Бекмахановтың ең ұтқан жері ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстар туралы айта отырып, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс туралы жазып, оның қазақтың соңғы ханы екенін бірінші мүмкіндікте айтып, жеткізгені дер едім.

Тәуелсіздік тұғырымызда Кенесарының орны әлі толық айқындалған жоқ

– Қазір де отарлық санадан арылғысы келген жұрт ноқтаға басын салмай өткен Кенесары хан тақырыбына айналып соғып отыратыны айдан анық. Оның қарындасы Бопай Қасымқызы туралы да ерлік жырын жазуға болар еді. Бірақ осы тарихи тұлға туралы мәлімет аз. Бізде жалпы тарихи тұлғалардың көбінің бейнесі әлі күнге көмескі тартып отырған жоқ па?

– Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Кенесарыға қатысты мұрағаттық құжаттардың бәрін жинақтап, үлкен кітап етіп шығарған. Бірақ ғалымдарымыз әлі сондағы құжаттардың бәрін ғылыми айналымға енгізіп, ашып, жеткізе алмай отыр. Сондықтан, біздің тарихта кешеуілдеу бар. Еліміздің Тәуелсіздік тұғырындағы Кенесарының орны әлі айқындалған жоқ деп ойлаймын. Бұған, әрине, уақыт келеді, тарих өз бағасын береді деп сенемін. Мен өзім, мысалы, Әдебиет және өнер институтының қолжазба орталығында басшы болып отырған кезімде Кенесары туралы жүздеген халық жырларын, дастандарын, аңыз-әңгімелерін кездестірдім. Солардың өзі әлі жүйеге түсіп, ретке келген жоқ. Ал енді халықтың өзі сүйіп, құрметтемеген, ықылас бөлмеген тұлға болса, бір Кенесарыға осынша жыр арналар ма еді?! Енді осы мұраларды зерттеп, жүйеге келтіретін мезгіл жетті деп санаймын.
Тағы бір қызық жағдай, расында, қазақ тарихында Зарина, Томирис­терден бастап жаужүрек қыздар аз болмаған. ХІХ ғасырдағы сондай батыр қыздардың бірі әрі бірегейі – өзіңіз айтып отырған Бопай ханым. Бопай ханым, өз ата салты бойынша, алыстан аталас болып келетін төрелердің біріне ұзатылған. Бірақ, кейін ағасы Кенесары отаршылдыққа қарсы күреске шыққанда, Бопайдың күйеуі қосыла қоймайды. Қанша үндесе де хан Кененің соңына ермейді. Сонда Бопай ұлт мүддесін, елінің еркіндігін өзінің мүддесінен биік қойып, күйеуін тастайды да, алты баласын ертіп, ағасының қолына қосылады. Сөйтіп, Кенесарымен бірге өмірінің соңына дейін тәуелсіздік үшін күреске шығады. Шынында да, осы тұлғалардың бәрін біз зерттеуіміз керек. Елінің азаттығын бірінші кезекке қойған тарихи тұлғалардың болмысы бүгінгі жастарға үлгі болғаны дұрыс.

– Жалпы, сіздің әңгімеңізден соң мынадай сұрақ туып отыр. Кеңестік дәуір қазақ тарихы туралы көп айтқызбағанымен, бізге тарихи тұлғаларымыздың біразының болмысы көркем шығармалар арқылы жеткен. Ал Абылай хан туралы оқытылғанда, ол қазақтың орыс империясының қол астына кіруіне бастамашы болған тұлға ретінде көбірек насихатталды. Шын мәнінде, Пекин мен Петербургпен тең қатынас ұстаған Абылай хан орыс билеушілеріне мінез көрсетіп отырғаны, оның айтқанға көніп, айдауға жүрмегені, қазақтың тәуелсіздігіне нұқсан келтірген әр жағдайға кеудесін керіп қарсы тұрғаны мәлім болып отыр. Сол секілді, орыс патшайымы тарапынан Абылайға артығырақ айлық төлеп, оны Петербургке шақырып, марапаттап, мадақтап отыру ниеті болғаны, Абылайдың көп жағдайда мұндай жымысқы ниеті бар биліктен марапат алудан бас тартқаны да нақты деректер арқылы жарияланып жүр. Сол Абылай заманындағы қазақ тәуелсіздігіне көлеңкесін түсіруі кәдік мәселелер әлі өзектілігін жойған жоқ. Ал, Абылай мінезі бүгінгі саясаткерлерімізде бар ма?

– Расында да, Абылай заманындағы көптеген мәселелер қазір де бар. Сондықтан, сол замандағы саяси ұстанымдар мен бүгінгі замандағы Тәуелсіз еліміздің саяси ұстанымдары арасындағы үндестікті, параллель ұқсастықты көрмеу мүмкін емес. Өйткені, біздің екі жағымыздағы алып көршілер, олардың пиғылдары әлі де өзгерген жоқ. Абылай да дәл қазіргідей Қытай жағына «сенікі дұрыс» деп, ынтымақтасып, мәмілеге келе отырып, Ресеймен де жақсы қарым-қатынас ұстаған. Ал, бір тараптан қысым күшейіп, жан-жақтан шегелеп, үстемдік орнату қаупі төнгенде екінші жақпен достықты күшейтіп, екінші елге арқа сүйеген.

– Мағжан ақын жырлағандай, «көп жаудың бірін шауып, бірін арбап», елінің тұтастығын сақтауға ұмтылды дейсіз ғой?

– Сондай дипломатиялық тәсіл ұстануға мәжбүр болған. Ал Ресей патшасы: «Біз сізді орта жүздің ханы деп танимыз. Петербургке келіңіз. Сізге хан мәртебесін ресми табыстап, шапанын жауып, рәсімін жасайық» дегенде, «Жоқ, рахмет, маған өзімнің халқымның берген атақ-дәрежесі бар, сол жетеді» деп бас тартуы оның дербестігін көрсеткені еді. Шынында да, отаршылдар тарапынан беріліп жатқан атақ-даңқ бір жағынан елі соңына ерген тұлғаны мойындағаны сияқтанғанымен, ол өз айтқанына көндіріп, кіріптар етіп алудың алғышарты еді. Ал бір елдің ханы неге өзге елдің марапатына мұқтаж болуы керек?

Хан әулетіндегілерге тек қана рухани мұра қалған

– Абылайды жетім қалғанында Төле би үйіне әкеліп, бағып-қағып, тәрбиелеген дейді. Ал, бүгінгі балаларымызды теледидар тәрбиелеп отыр. Текті әулеттің ұрпағы ретінде осы туралы не дейсіз?

– Бұл мәселе, әрине, бәрімізді де алаңдатады.
Абылайдың өмір жолына қарасақ, расында да, сұрапыл шайқастардан кейін әке-шешеден айырылып, жетім қалды. Сөйтіп жүріп қабілетті бала үлкен тарихи тұлғаның, Төле бидің қамқорына алынды. Мұның бәрі, әрине, тұлғаның қалыптасуына ықпалын тигізгені даусыз. Шын мәнінде, Абылай өзі де хан тұқымынан ғой. Шыңғысхан әулетінен тарайды. Бірақ ол хандық таққа династиялық жолмен келген жоқ. Өзі жоқшылық та, жетімдік те, қиындық та көріп жүріп, ысылып барып келді. Онда да жекпе-жекте қалмақтың батыры Шырышты өлтіріп, содан кейін елдің аузына ілігіп, келе-келе өзінің ісін де, күшін де, ақылдылығын да, зеректігін де мойындату арқылы таққа отырды. Ежелгі заманның дәстүрі бойынша, хан әрі елді ұйыта білетін ақылды басшы, әрі батыр, әрі қолбасшы болуы керек. Абылай – сол қасиеттің бәрі бір бойынан табылған тұлға. Бір жағынан бұған тектілігі себеп болса, екінші жағынан оның өмір жолы, жетімдік көріп, қиындықта ысылуы, Төле би секілді үлкен тұлғаның тәрбиесін көргені ықпал еткен болуы керек. Сондықтан да, қай жағынан алғанда да, бүгін біз де бала тәрбиесіне үлкен тұлғаларды тартуымыз керек деп есептеймін. Қазіргідей балаларымызды теледидарға телміртіп қойып, ондағы толып жатқан роботтардың, «өрмекші адам», тағы басқа құбыжықтардың, жалпы өмірде жоқ кейіпкерлердің ықпалымен тәрбиелемей, нақты тарихи тұлғаларымыз арқылы тәрбиелеуіміз керек.

– Ол үшін не істеу керек?

– Заманауи техника мен технологияға сүйеніп, балалардың талғамына сай түрлі мультфильмдер, ертегілер түсіріп, компьютерлік ойындар, басқа да ойын құралдарын шығару керек. Өз ұлттық салтымыз бен төл тарихымызға сүйеніп, балалардың санасына лайық ұлттық өнімдерімізді көбейтуіміз қажет. Сол секілді, соңғы кезде жиі айтылып жүргендей, тарихи фильмдер, қазақ тарихы негізіндегі киносериалдар түсірсек, құба-құп. Оған сюжет болатындай оқиға жетерлік. Ал, қызықты етіп, өзіміздің тарихымыздың желісімен сериалдар түсіретін болсақ, жастар да өзіміздің хандарды, өзіміздің батырлардың ерлігін көріп, рухтана түседі.

– 1754 жылы Абылай ханның 1700 қазақ әскерімен қол бастап 10 мың қалмақпен соғысқаны және жеңіске жеткені жөнінде дерек бар. Сол секілді, 1757 жылы 6 мың қазақ болып қытайдың 40 мың әскерімен шайқасқан екен. Онда да қытай жағы әлсіреп, хан Абылайдан бітім сұраған. Осында сан емес, мемлекетшіл сана, өр рух жеңіске жетелегендей болады. Сондай құндылыққа қалай қол жеткізуге болады?

– Тарихи деректен бастасам, жаңағы қытайдың 40 мың әскері Абылай ханның 6 мың адамын жеңе алмаған себебі, Абылай хан бір орында тұрып алып соғыспаған. Ол жеріміздің кеңдігін, территориямыздың мүмкіндігін пайдаланған. Шегініп отырып, қытай әскері шаршаған сәтте күшіне еніп, шабуылдап отырған. Ал, қытай әскері соғысуға дайындалып, жинақталған уақытта кең далаға бытырап кетіп, ұстатпаған. Осындай дала тактикасын қолданған. Бірақ жоққа шығаруға болмайтын тағы бір нәрсе, Абылай қолының өз елін жауға бастырмау үшін жан аямай күрескендігі. Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, мемлекеттік рух. Өз жаны мен өз мүддесінен елінің азаттығы тұрғысындағы мүддені биік қоя білгендігі. Бұл да түптеп келгенде сол мемлекеттік құрылымдағы мықты идеологияның арқасы деуге болады.

– …Абылай әулетінен шыққан тұлға болу, Абылай ұрпағы болу сізге не берді?

– Абылайдың ұрпағы болу маған ең алдымен жауапкершілік берді. Рас, мен көбіне өзімді «Абылай ханның ұрпағы едім» деп айта бермеймін. Әсіресе, жасырақ кезде, бұл сөзді айтуға лайық емеспін деп есептеген сияқтымын. Бітірген түгім жоқ, жеткен ешқандай жетістігім жоқ, хан әулетіненмін деп қалай айтамын? Алдымен соған лайық болу керек қой. Жалпы, ата-бабаңның аты сенің көрсеткішің, абыройыңның, адамдығыңның өлшемі бола алмайды. Әркім өзінің қоғамдағы орнын өз болмысы мен еңбегіне, қабілетіне қарай айқындайды.
Бүгінгі ұрпаққа Абылай ханнан тек қана рухани мұра қалды. Соның ішінде Абылайдың өз еліне жасаған қалтқысыз қызметі, абыройлы тірлігі, тектілік және рухы жетті. Ең бастысы, әр уақытта ұлтыңның мүддесін жеке өзіңнің мүддеңнен жоғары қою, ар-намысыңды биік ұстап, еліңе қызмет ету міндеті қалды. Біз бәріміз де шама-шарқымызша осы үдеден шығуға тиістіміз деп ойлаймын.

Әңгімелескен Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button