Ұлттық құрылтай

Шәмші мен Мұхтардың шыңы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Арада бір күн өткенде Ұлытау төрінен елге ақжолтай ақпарат тарады. Еліміздің ең мәртебелі, ең жоғары осы атағын көрнекті ақын Мұхтар Шаханов иеленді. Ұлттық құрылтай барысында Президенттің өзі ақынға айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін тапсырды.

[smartslider3 slider=3263]

Шәмші Қалдаяқов әнұранымыздың авторы және ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға екенін айтқан Мемлекет басшысы композитор мен ақынның достығы мен шығармашылық байланысына, Мұхтар Шахановтың ақындық, азаматтық келбетіне тоқталды.

– Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашан да халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Шәмші ағамыз әлі күнге дейін халқымыздың өмірінің бір бөлігі деп айтуға болады. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі.

Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол кісі – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, Шәмші мен Мұхтарға Қазақстанның Еңбек Ері атағы қатар берілгені өте жарасымды болды. Президент айтқандай, екеуі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері, Шәмші өмірден өткенше отыз жылдай ажырамас дос, туған бауырдай болып кеткен еді. Шахановтың анасы Шәмшіні үлкен ұлым деп есептейтін. Ал Мұхтар мен Шәмшінің шығармашылық бірлестігінен туған «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Қуаныш вальсі», «Ақсудан ұшқан аққуым», «Өмір-өзен», «Арқалықтың ақ таңы», «Сүймегендер сағынбайды» сынды әндер елдің жүрегіне мәңгіге ұялады. Екеуі бірлесіп жазған, жарыққа шықпаған «Алғашқы кездесу», «Егіз мақта», «Гүл таңдау», «Келін келді» секілді туындылар да бар екен.

Мұхтар Шахановты ақын ғана емес, композитор деп те танимыз. «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» атты төл әндерін ел сүйіп шырқайды. Ақынның композиторлығына Шәмшінің әсері болмады деп те айта алмаймыз. Мұхтар Шаханов Шәмшіге «Қалдаяқов өзені» өлеңімен және «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» кітабымен де ескерткіш қойды.

Әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» әні Шәмші өзі туралы түсірілген деректі фильмде (режиссері – Тілеген Ахметов) айтқандай, еліміздің солтүстігіндегі облыстарды бөліп алуға қарсы жазылған «ұран ән» еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне жастар осы әнмен шыққаны белгілі. Ал Мұхтар Шаханов Желтоқсан шындығын ашу үшін қаншама жылдан бері шырылдап келе жатыр. Ақын қазақ даласы мен қаласына Наурыз мерекесінің оралуына да еңбегін салды. «Қазақстандық ұлт» идеясына қарсы шыққан бірден-бір адам да – Мұхтар Шаханов.

Осы мысалдардан-ақ шығармаларын жазып қойып композитор немесе ақын болу аздық ететіні аңғарылады. Ал Шәмші Қалдаяқов та, Мұхтар Шаханов та шығармашылық иелері ғана емес, ұлтқа шын жанашыр, рухы биік, елге еңбегін молынан сіңірген нағыз азаматтар. Осы тұрғыдан еліміздің ең жоғары атағына екеуі де лайық. Шәмші мен Мұхтар еңбегінің еленуі бұл да халықты әділетті жаңа Қазақстанға бастайтын бір жол деп ұғамыз.

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button