Жаңалықтар

ШАПАҒАТ ШЕРУІ

ERA_6444

Жеңіс күні елордамызда ұйымдастырылған көптеген шаралардың ішіндегі «Мәңгілік полк» акциясы астаналықтардың назарын ерекше аударды. Әскери оркестрдің қолдауымен мыңдаған адам Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің фотосуреттерін көтеріп, салтанатты шеруге шықты.

Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған айтулы шараға кез келген адамның қатысуына мүмкіндік берілді. Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында қаза тапқан, сонымен қатар соғыстан кейін қайтыс болған аталарының фотосуреттерін көтеріп шыққан азаматтардың жүзінен жеңімпаз ұрпақтың рухын аңғардық. Шеру қатарында еңкейген қарияны да, кеудесін мақтаныш кернеген баланы да көрдік.
– Мен бұл шеруде Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрмановтың фотосуретін көтеріп жүрдім. Қаншама адамдар соғыста қаза болған жауынгер аталарымыздың бейнесін жаңғыртты. Әсіресе, балалар мен жастардың бо­йынан патриотизм рухы аңғарылды. Осындай шаралар жиі өтіп тұрса, отансүйгіштік қасиетті дамыта түсер еді, – дейді акцияға қатысушы жауынгер-интернационалист, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Жасұлан Садықов.
Елордадағы Ауғанстан соғысында қаза тапқан қазақстандықтарға арналған мемориал-ескерткіштен басталған тағзым шеруі «Отан қорғаушылар» алаңына дейін жалғасып, қатысушылар атынан мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button