Қала тіршілігі

«Шапағаттың» шарапаты таусылмасын…

Бүгіндері дағдарыс дендеп, қым­батшылық халық­ты қыл бұрау­дай буып барады. Коммуналдық тариф, киім-кешек, дәрі-­дәрмек, азық-түлік, қысқасы, әр сала­да баға өсімі тір­келіп, жұрттың көңілін күпті етіп отыр. Бірақ ең бас­тысы – ішер асымызға баға аспандамаса екен деген тілек.

Еліміздің бас қаласы ретінде Астана үшін де қымбатшылық мәселесі аса өзекті. Бұл бағытта шаһар билігі тарапынан нақты жұмыстар жүргі­зіліп, халық арзан бағаға тауар алатындай мүмкіндіктер жасалған. Апта сайын елордада аймақтардың ауыл шаруашылығы та­уарларының жәрмеңкелері өткізіліп, қаладағы сауда үйлерімен бағаны өсірмеу туралы келісімдер бекіген.
Мұның сыртында ел­орда тұрғындары арзан бағамен азық-түлік тауарларын ала алатын тұ­тас коммуналдық базар жұмыс істеп тұр. Алайда «Шапағат» деген атаумен Астана халқына жақсы таныс сауда орны алдағы уақытта жекеленуі мүмкін деген пікір бар.
«Астана» әлеуметтік-­кәсіпкерлік корпорация­сының хабарлауынша, Үкіметтің 2017 жылғы 11 сәуірдегі №194 қаулысына сәйкес, бәсекелестік ортаға берілетін тізіміне «Шапағат» коммуналдық базары» ЖШС те енгізілген. Мұндай шешім ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсе­келестікті және тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау комитетінің ұсынысы бойынша қабылданған. Осыған байланысты салық төлеушілердің қаражатына тұрғызылған қаладағы жалғыз коммуналдық базардың не себепті жекешелендірілетін нысандардың тізіміне енгізілгенін білу мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігіне осыдан бір ай бұрын жіберген сауалымызға әлі күнге дейін жауап ала алған жоқпыз.
«Астана» әлеуметтік-­кәсіпкерлік корпорация­сының хабарлауынша, бүгінгі таңда «Шапағат» коммуналдық базары» ЖШС-ін сату алдындағы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерзімі – 2018 жылдың соңына дейін.
Бүгіндері қала тұрғындары көп баратын сауда орындарының бірі – осы «Шапағат». Дені – зейнеткерлер мен тұрмысы төмен топ өкілдері.
Базардағы орындарды жалға беру құны төмен болғандықтан, өнімдер нарықтағы бағадан 20-30 пайызға арзан. Жекеге өткеннен кейін жағдай түбегейлі өзгеріп, баға өсіп кетпей ме деген уайым бар. Өйткені «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы бұрынғыдай базардағы бағаны тұрақтандыру мәселесімен айналыса алмай қалады ғой.
Қалыптасқан жағдайға орай коммуналдық базар саудагерлері Астана қаласының әкіміне және «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаровтың атына хат жазған екен.
Саудагерлердің сөзіне сенсек, «Шапағат» коммуналдық базарында әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдеріне үстеме баға 10 пайыздан аспайды. Бұлай болатын себебі кәсіпкерлер сауда орнын айына небәрі 10-ақ мың теңгеге, шаршы метрін шамамен 2500 теңгеге жалға алады. Базардың иесі ауысқаннан кейін баға қымбаттауы мүмкін.
Бүгінде базар аумағында 55 тауар өндіруші өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Ал демалыс күнде­рі саяжайларында жеміс-жидегін өсіріп, оны пұлдайтындарға тегін орын беріледі. Маусым­аралық кезеңде Астана қаласы тұрақтандыру қорында сақталып тұрған азық-түлік тауарлары сау­даға шығарылады. Бұл жағдайда да сауда орындары тегін болады.
Төмендегі кестеден Астанадағы сауда орындары мен коммуналдық базардағы азық-түлік бағаларын салыстырып көруге болады. Әзірге «Шапағат» әлеуметтік сипатына сай болып, халыққа арзан азық ұсынуда. Тек ел эконо­ми­касын сергітеді деген жекешелендіру науқаны қаладағы жалғыз коммуналдық базардың бағытын өзгертпесе болғаны.

Жарқын ҚҰЛАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button