Қала тіршілігі

ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

ERA_7198

Кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьеннің қатысуымен Шарль де Голльдің ескерткіші ашылды.

Бесінші Республиканың негізін қалаған әйгілі француз генералының елорда төріне орын табуы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нышаны.

Әділбек Жақсыбеков тұлғаның қазіргі Франция мемлекетінің қалыптасуына қосқан үлесінің зор екенін айта келе: «Біз тәуелсіздік алғалы бері екі мемлекеттің арасына сенімге негізделген үлкен достық пен әріптестік көпірі орнады. Осының бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Француз Республикасының барлық президенттерімен жақсы мәміледе болуының арқасы.

Қазір біз тұрған көше де Шарль де Голльдің атымен аталады. Яғни, бұл жерді Францияның бір бөлігі деуге болады. Ескерткіш бас қаламыздың көркін одан әрі әрлей түседі деген нық сенімдеміз» деп, Астана мен Париж арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жалғаса беруіне мән беретінін жеткізді.

Ал француз елшісі: «Француз Республикасы президентінің атынан, француз халқының атынан Қазақстандағы билік өкілдеріне шексіз алғысымды айтамын. Францияға ғана емес, әлемге үлгі болған азаматымызды құрметтегені үшін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков пен қаланың барлық тұрғындарына ерекше ілтипатымды білдіремін» деп ағынан жарылды.

Аты аңызға айналған француз қайраткерінің 3,1 метрлік ескерткіші Валерий Пирожков атты шебердің қолынан шыққан. Сондай-ақ, қос астананың саяси-экономикалық байланысының дәлелі ретінде 2008 жылы елордада әйгілі тұлғаның атына көше беріліп, «Француз кварталы» және «Париж кварталы» тұрғын-үй кешендерінің құрылысы қолға алынған еді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button