SportӘлеумет

Шаршы алаңда шыңдалып, соғыста шарпылған

 …1980 жылғы Мәскеу­де өткен Олимпиада ойындарынан кейін бокс үйірмелеріне қазақ балалары қаптап келе бастады. Шаршы алаңда керемет әдісімен, мәнерімен көзге түскен Серік Қонақбаев секілді боламын деп талпынған жасөс­пірімнің бірі Ерболат Ашимов еді. 

Ол кезде Астана іргесіндегі Интернациональный кентінен қалаға бір-ақ автобус жүретін. Қала мен кенттің арасы алыс емес. Ерболат бокс секциясына жазылғалы осы екі ортада күн сайын жүретін болып алды. Бала болып бір шаршадым демейді. Жаттығудан бір қалмайды. Күнде кешкісін терлеп-тепшіп келетін ұлына әкесі Олжабай бірде «Балам-ау, жалық­қан жоқсың ба, күнде қалаға барасың, шаршап-шалды­ғып келесің, осыны қойсаң қайтеді… Мынау ағаң да өзімен қоймай кіп-кішкентай сені де желіктіріп жүрген…» деп екі ұлына біраз әңгімесін айтқан да болатын. Әке сөзінің жаны бар еді. Ерболатты боксқа жетектеп апарған ағасы Жанболат болатын. Алайда, айт­қан бетінен қайт­пайтын Ерболат сол бетте «Жоқ, әке, боксты қоймай­мын! Мен қиналып жүрген жоқ­пын. Маған шаршы алаңда айқасқан ұнайды» деп әкесіне ойындағысын бүкпей айтып салды. Содан кейін салмақты да салиқалы әкесі де, аяулы анасы Майраш та бокс жайлы айтуды доғарып, қайта ұлдарының ұмтылысына қолдау білдіре бастады.
Алғашқы бапкері Әмір Әу­бәкіров киіктің асығындай Ерболатқа үлкен се­нім­­мен қарады. Бапкерге, әсіресе, шәкіртінің мінезі ұнайтын. Қызуқанды болатын. Шаршы алаңға шыққанда жанары оттай жанатын. Өзіне соққы алғанды ұнатпайтын. Ал соққы алса қарымта қайтарғанша екпіні басылмайтын. Жеңіл салмақта айқасқан, шар болаттай шып-шымыр жігіттің боксына жанкүйерлер қызыға қарайтын.
Былғары қолғапқа арбалған Ерболат жыл өткен сайын шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толыса түсті. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы рес­пуб­ли­калық жарыстардан жүлдесіз қайтпайтын болды. Ол кезде, яғни өткен ғасыр­дың сексенінші жылдары Совет одағында спорт­тық атаққа қол жеткізу оңай емес-тін. «КСРО чемпионатын ұтқаннан Еуропа чемпионы болу жеңіл» дейтін сөз сол кезде тегін айтылмайтын.
Ерболат Ашимов бірнеше рет республика чемпионатында жүл­дегерлер қатарынан көрінгені үшін КСРО спорт шеберлігіне кандидат деген атаққа ие болды. Енді ересектер жарысына түсем деп жүргенінде әс­керге шақыру алды.
…1985 жылдың көкте­мінде өз қатарластарынан қалмай Қарулы күштердің қатарына қосылды. Ал­ғашқыда алысқа ұзаған жоқ. Отардағы әскери-оқу бөлімшесіне түсті. Сержант атағын алғаннан кейін Қырғызстанда орналас­қан М.Фрунзе атындағы гвардиялық 282-ші мотоатқыштар полкінің бірінші тау батальонына аттанды. Мұнда таулы жағдайдағы соғыс қимылдарына дайындықтан өтті. Күні-түні тау шатқалдарындағы жаттығуларға қатысты. 1986 жылдың сәуір айында полк басшылығы бұйрығымен Ауғанс­танға жол тартты.
Бала кезінен шаршы алаңда шыңдалған, әскери оқуда да үздік болған жас жауынгердің қабілет-қарымын Кабул қаласындағы Бас әскери кеңесшілік басшылығы бірден аңғарды. Оны байланыс қызметіне алып қалды. Осылайша, Ерболат үшін жауапты қызмет басталып кетті. Біртіндеп соғыс жағдайына еті үйренген жас сержантты бас­шылық Герат провинциясына жіберуді ұйғарды. Бұл кезде аталмыш провинция аумағында моджахедтер тарапынан Кеңес әскерлері мен Ауғанстан халық армиясына қарсы шабуылдар күшейіп, көптеген жауынгерлер қаза болған қиян-кескі оқиғалар орын алған. Бұл жөнінде жоғарғы әскери қолбасшылық та, қатардағы жауынгерлер де хабардар болатын. Ерболат болса Ауғанстан халықтық армиясының 17-ші жаяу әскер дивизиясына жауапты әскери кеңесшінің оққағары әрі жүргізушісі міндетін атқаруға кірісті. Дәл осы кезде Ерболат Ауғанстан соғысының алапатын жан-жүрегімен сезінді. Алайда, соғыс жұмсақ болғанды жақтыр­майтынын қазақ жауынгері жақсы түйсінетін. Сондықтан ол қандай қиындық болса да қайыспауға тырысты. Оққа ұшып қаза болған, жарақаттан жанайқайы шырқыраған майдандас сарбаздарды көрген сайын көңілі құлазып кететін. Бірақ ол соғыс­тың өзі өмір үшін айқас екенін тереңінен түсінген еді. Осы қағидаттан айнымай, Отан алдындағы жауынгерлік антын адал атқара білді. Әскери басшылық та Ашимовтың жауынгерлік ерлігін бағалады. Ол бірнеше медальдармен марапатталды. Елгезек те ақжарқын азамат бүгінде Астана қаласының Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы, ҚР Ауғанстан соғысы және ашық қақтығыстар арда­герлері одағы ұйымдары аясында жүргі­зілетін қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүр. Майдандас достары болса «Ерболат біздің пат­риот» деп құрмет тұтады.
Әскерден аман-есен оралған Ерболат жауынгер алдымен жо­ғары оқу­­­ға түсуді мақсат етті. «Та­­лаптыға нұр жауар» де­ген емес пе, Астанадағы Еуразия гуманитарлық университетінде оқып, заңгер мамандығын алды. Одан кейін Қарағанды экономикалық университетін тәмам­дады. Алайда, боксқа де­ген құш­тарлығы өз дегенін істетпей қой­мады. Ерболат үшін тер мүң­кіген спорт залы, шаршы алаң­дағы шайқастар, жүлдеге талас­тырған жарыс­тардың орны бөлек еді. Ақыры жүрегінің әміріне көніп боксқа қайта оралды. Алдымен «Көкше» универси­те­­тінің дене шынықтыру және спорт факультетіне оқу­ға түсіп, бокстан жаттықтырушы мамандығын алып шықты. Дипломын алған соң тәжірибелі спорт маманы Мұрат Мұстафин жетекшілік ететін Астанадағы №3 Олимпиа­далық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып іске кірісті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Ерболаттың тұңғышы Илияс жасөспі­рімдер мен жастар арасындағы республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарса, Те­мірланы мен кенжесі Ман­сұр бүгінде әкелерінен тәлім алып жүр. Ал сүйген жары Татьяна болса, әкелі-балалы спорт­шылар әуле­тінің басты жан­күйері болып келеді.
Е.Ашимов бапкер бола жүріп төрешілік қызметті де қатар алып жүрді. Таби­ғатынан әділдікті қалайтын, соғыс алапатын көрген, бокстың қыр-сырын меңгерген азаматтың шаршы алаңдағы төрешілік жасауына бокс феде­рациясы тарапынан жоғары баға беріліп, ол республикалық жарыс­тарға қызмет көрсете бастады. Кәсіби шеберлікті жетілдіру семинарларына қатысып, тиісті сертификаттарға ие болды. Бүгінде Астана қалалық бокс федерациясы төрешілер алқасының төрағасы міндетін де атқарады. Өзіне жүктелген сенімді ақтай білген Ерболат Ашимов соңғы жылдары ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты мен «А» клас­ты халықаралық турнирлерде қазылық жасап жүр. Жақында АИБА-ның ха­лықаралық дәрежедегі төрешісі атағын да алды.
Бала кезінен боксқа арбалған Ерболат Олжабайұлы жақында тағы бір қуанышқа кенелді. Олим­пиада жүлдегері Марина Вольнова жүлдесі үшін өткен халықаралық турнир барысында бокстан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Абдрахманов респуб­ли­калық бокс федерациясы атынан бір топ мамандарға «Қа­зақ­­стан боксына 85 жыл» атау­лы медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Мерейі өс­кен азаматтар қатарында астаналық Ерболат Ашимов та болды. Олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымовтың қолынан алғыс хат алды.
Жауынгер-интернационалист, спортшы, бапкер әрі төреші азаматтың ақ жолы ұзағынан сүйіндірсін.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button