Шаршы алаңдағы қайсар рух

Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қыздар боксының деңгейі еселеп өскенін анық байқатты.
Дүниежүзінің 51 елінен келген 239 боксшы қатысқан тартысты, шиеленісті әлемдік додада Қазақстан, Ресей, Сербия және Өзбекстан ғана барлық 12 салмақта толық құрамда өнер көрсетті. Соңғы есепте Қазақстан құрамасының үш алтын (Назым Қызайбай – 48 кг, Алуа Балқыбекова – 50 кг, Аида Әбікеева – 63 кг), екі күміс (Виктория Графеева – 60 кг, Елдана Тәліпова – 81 кг), бір қола (Наталья Богданова – 70 кг) медаль иеленуі, оның ішінде Назымның үш дүркін әлем чемпионы атануы – қазақ бокс мектебінің үлкен жеңісі болды.
Қазақтың талай талантты ұл-қыздары спорт әлемінде өздерінің есімін алтын әріптермен жазып келеді. Дегенмен бұл арада үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайды айрықша атап өткен жөн. Өйткені ол өз таланты мен табандылығының арқасында тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударды.
Назым Қызайбай 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол бала кезінен спортқа ерекше қызығушылық танытып, өз болашағын бокс әлемімен байланыстырды. Оның бойындағы батылдығы мен күш-жігері спорттағы өз жолын табуға мүмкіндік берді.
Назым Қызайбай бокстағы алғашқы үлкен жетістіктеріне жасөспірім кезінен-ақ қол жеткізді. Ол 2014 жылы Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль алып, қазақ қыздарының да ринг төрінде үздік бола алатынын дәлелдесе, 2016 жылы Қазақстанда өткен әлем чемпионатында тағы да қарсыластарын қапы қалдырып, екінші мәрте әлем чемпионы атанды.
2025 жылға дейін әлемнің 2 дүркін, Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған оның спорттағы жолы тек жеңіспен ғана жасалған жоқ. Үлкен спортта жеңіліссіз жетістік болмайды. Шаршы алаңда Назым да түрлі қиындықтарға тап болды, бірақ ол ешқашан мойыған емес. Бапкерлерімен тынбай еңбек етіп, жаттығу залында күні-түні тер төгіп, үшінші мәрте әлем чемпионы атану жолында аянбай күресті. Міне, сол қажырлы еңбек пен төккен тер ақталып, әлем чемпионатының финалдық айқасында ресейлік қарсыласын ұтып, үшінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Назым Қызайбайдың бұл жеңісі – тек спорттағы жетістік емес, ол қазақ қыздарының қайсарлығын, жігерін және намысын паш ететін батырлықтың, батылдықтың көрінісі. Оның жарыс алаңындағы ерік-жігері, қарсыластарына деген құрметі және ұлттық рухы – болашақ спортшылар үлгі тұтар үлкен қасиет. Ол әлемдік аренада қазақ туын биікке көтеріп, миллиондаған жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Оның жеңісті жолы – қайсарлықтың, еңбекқорлықтың және батылдықтың айқын көрінісі.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ