Қала тіршілігі

Шаруа қарқыны шабыттандырды

Оразгүл АСАНҒАЗЫ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Бiздiң отбасымыздың көшiн Астанаға түзеген отағамыз Жора Тойлыбайұлы болатын. Жөкеңнiң 1998 жылы наурызда «Асыл түлік» мем­лекеттiк акционерлiк компа­ния­сының президентi болып та­ғайындалуына байланысты ота­ғасының артынан бала-ша­ғамызбен iздеп келдік. Мұн­дағы қым-қуыт тiршiлiк, Аста­наның тұсаукесерiне қызу дайын­дық үстiндегi қала тыны­сы бiздi бiрден баурап алды. Сон­дықтан, осында қалып, қан­дай да болмасын жұмыс iс­теуге бел будық.
Содан Қазақстанның бас қа­ласында өсіп-өніп жатырмыз. Осында Құдай берген бес-алты немереміз дүниеге келді, яғни Астана олардың туған жері.

Елбасының Жарлығымен 1998 жылы 6 мамырда Ас­тана қаласында Алматы жә­не Сарыарқа аудандары құ­рыл­ды. Сарыарқа ауданы әкi­мi­нiң орынбасы қызметіне та­­ғайын­далдым. Мұндағы бой көтере бастаған құрылыс ны­­сан­дары, сол жағалаудың жап­­пай алып құрылыс алаңына айна­луы – шаһардың нағыз ел аста­насы болатынына кәмiл се­нiм ұялататын. Сол сенiм толы­ғымен ақталды. Қарт Қа­ра­өт­кел, байырғы Ақмо­ланың орнына жаңа заман­ның тың техно­логиялық жетiстiк­терiмен жасанған ғаламат сәулеттi ғимараттар салынды. Сол жағалау ғана емес, қаланың барлық бөлiктерi бас­қаша реңге бөлене бастады.

Бүгінде Астана түрлі халық­аралық деңгейдегі шаралар­ды өткізетін орталыққа айналып үлгерді. Мәселен, 2010 жылы елордада ЕҚЫҰ Сам­миті ұйым­­дас­ты­ры­лып, өте жоға­ры дең­гей­де өткізілді. Сонымен қа­тар жетінші қысқы Азия ойын­дары да жоғары талапқа сай ұйым­­дас­тырылды. Әлемдік жә­не дәс­түрлі діндер көш­бас­шы­ларының съезі де тұрақты өткі­зіліп келеді. Астана алдағы уа­қыт­та да осындай жоғары дең­гейдегі шараларды өткізу ор­нына айналады. Бұдан бө­лек, Астана төрт жылдан соң EXPO-2017 Халықаралық ма­­ман­­дан­­ды­рылған көрмені жо­ғары деңгейде өткізуге ба­рын салатын болады.

Ел астанасының үлкен ұлт­тық мақсатпен қалыптасып жат­­қандығы әрбiр адамның iшкi құл­­шынысын тудырады екен. Бүкiл халық көз тiгiп отыр­ған Астана тұрмақ, бiр ауыл­ға көшiп барсаңыз, сол ауыл­мен бiте қайнасқыңыз келiп тұрады. Ал, Астананың жөнi ала­бөтен. Менiң мұн­да келіп, Сары­арқа ауданы әкi­мiнiң орын­­басары, қалалық Тiл­дердi дамыту бас­қар­масы­ның бастығы, 2012 жылы 20 қаңтардан бастап, бесін­ші сай­ланған Парламент Мәжілі­сінің депутаты болып қыз­мет атқа­руым – жоғарыда айт­қан руха­ни мәселелерге арала­суы­ма өзiнен өзi алып барар едi. Не iстесек те, дұрыс атқар­сақ екен және қандай шаруаны бол­сын, тез орындасақ екен деген та­биғи мiнездiң ықпа­лы күш­­тi болды. Қаладағы жұмыс қар­­қыны менi шабыттан­дырды, күшiме күш қосты, маңайым­дағы зиялы қауым ойыма ой қосты.

Астана қас қағым сәтте құл­пы­рып, сәулетті де зәулім ғи­ма­раттар бой түзеп, әр күні шат­­тыққа толы Сарыарқа төсі жаң­­ғырған «Жібек жо­лы­­ның» ба­зары іспетті еді. Жа­ңа типтегі бала­бақша, ке­­шен­­ді мек­теп, мә­дени ошақ­­тар, сау­да, ойын-сауық орта­лық­та­ры ашылды. Елорда тұр­ғын­­да­ры­ның көз­қуанышы бол­­ған ес­керт­кіш ке­шендері, «Тұл­пар», «Ар­қар» сынды көпір­лерді, сая­бақ­­тарды қалай тілге тиек ет­песке!

2002 жылы Астана қаласы­ның әкімдігінде Үкіметтің ке­ңей­тілген мәжілісі өтіп, Елба­сы біраз ағылшын тіліндегі ны­сан­дардың атауларын сынға алған болатын. Содан кейін айтыл­ған сынның негізінде «Ка­зах­стан­ская правда» газе­тінде «По Астане как по Брод­вею» атты мақала жа­рық көрді. Сол бір ғана мақа­ланың арқасында нысан иеле­рін бір-бірден әкімдікке шақы­рып, атауларын қазақша қою жө­нінде талап қойдық. Содан бері «Синема сити» − «Самұ­рық», «Европа Палас» − «Ақ сұңқар», «Сити Мар­кет» − «Қазына» болып шыға келді. Негізінен нысан ие­лері бұл мәселеге түсіну­шілік­пен қарады. Қалада жеті жүзден астам нысан қазақша атау­ға ауыс­тырылды. Мысалы, «Улыбка» ательесі – «Жі­бек» ательесі, «Уют» жиһаз дүкені – «Жайлы» жиһаз дүкені, «Каретный двор» ТҚКС – «Арба ауласы», «Золотой ключик» балалар әлемі – «Алтын кілт» балалар әлемі, «It,s skin» корей косметикасы – «Ару», «Щин-щин» мей­рамханасы – «Жұлдыз» болып өзгертілді.

«Елге ел қосылса – құт» дегендей, Қазақстанның түп­кір-түкпірінен ағылған жаны жайсаң жандар, арман арқа­лаған жастар, қуат пен шуақ іздеген білікті мамандар, зейін мен зерде көздеген ғалымдар, мүдде мен міндет іздеген қайраткерлердің бәрі адамға рух пен жігер, қуаныш пен құлшыныс сыйлайтыны сөзсіз.
Біздер, Астана тұрғындары мен барша қазақстандықтар ескі шаһардың толықтай қай­та құры­лып, сол жағалауда жаңа әкім­шілік орталықты қалып­тастырған көлемді құры­лыстың, әлеуметтік-эконо­микалық қарыштап даму­дың куәгері болдық. Жаңа архи­тек­туралық құры­лыс­тар көлемділігі және біре­гейлігімен әлем жұртышылы­ғын еріксіз өзіне тарта түседі.

Астана күнi – бiр қаланың ғана емес, бүкiл елдiң, барша қазақтың мерекесiне айналып келедi. Сондықтан, бұл қуаныш астаналықтарға да ортақ. Осынау күндерде, сан мил­лион қазақтың бесiгiне айналған құтты мекенiме, оның ақ пейiл, жарқын жүздi азаматтарына алдымен аман­дық, елге ырыс, отбасыларына береке тiлеймiн!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button