Қала мен Сала

ШАРУАСЫ МЫҒЫМ ШАҒЫН БИЗНЕС

Шағын және орта кәсіпкерлік елімізде мұнайдан кейінгі екінші  ірі экономикалық сала саналып келген еді. Енді ол ұғым өзгерген сыңайлы. Кейбір сарапшы-экономистер кәсіпкерлікті экономиканың ең сенімді, тұрақты және ұзақ мерзімді саласы санай бастады. Оған себеп – әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырағанда шикізатқа тәуелді экономиканың құны бір тұтам екені өткен жылғы жағдайлар анық көрсетті.

5b936586ba1e0231518b2f88eea8d85b

САЛЫҚ ТҮСІМІ САЛМАҚТЫ
Кәсіпкерлерден жиналған салық түсімдері Астана мен Алматы және басқа ірі қалалар бюджетінің 70 пайыздан астамын құрап келеді. Бұл – бірнеше жылдан бері қалыптасып келе жатқан жағдай. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлік саласы жылына бірнеше жүз мың адамды жұмыспен қамтиды. Жыл сайын жаңа жұмыс орындары ашылып жатады. Салыс­тырмалы түрде алсақ, мұнай саласында жұмыспен қамтылғандардан, шағын және орта бизнесте тұрақты табыс тауып, көп жыл еңбек етіп келе жатқандар әлденеше есе көп. Еліміздің экономикалық даму көрсеткішінде де шағын және орта бизнес алдыңғы орынға шыға бастады. Осы деректерді ескеріп, бүгінде бізді асырап отырған мұнай емес, кәсіпкерлік саласы деп батыл тұжырым жасауға әбден болатындай.
Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне қарағанда, елордада өткен жылдың соңғы айларының өзінде шағын және орта бизнес саласында 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылған екен. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 100 мыңнан асады. Осы субъектілер өндірген өнім көлемі 2 516,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл саланы одан әрі жіктеп қарайтын болсақ, тіркелгендердің 70 мыңнан астамы жеке кәсіпкер, 10 шаруа қожалығы, 27 мың заңды тұлға екенін көреміз. Сонда шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы өнім көлемі, салық түсімі, жұмыспен қамту және басқа көрсеткіштердің басым бөлігі жеке кәсіпкерлерге тиесілі екенін көреміз. Бұған енді осы салада жұмыспен қамтылып отырған тағы бірнеше жүз мың адамды қосыңыз. Мұндай жағдай еліміздегі барлық қалаларға ортақ екенін ескерсек, ел экономикасын алға жылжытып отырған ірі кәсіпорындар, алпауыт компаниялар емес, жүздеген мың жеке кәсіпкер екенін аңғару қиынға түспейді. Шағын және орта бизнес саласы тұрғындарды жұмыспен қамтуда үлкен үлес қосып отырғанын, экономикалық өсім көрсеткіші де соларға тиесілі екенін Елбасымыз да талай мәрте айтқан болатын. Сондықтан бұл саланың дамуына қолдау көрсету, мемлекеттік деңгейде қолайлы жағдайлар жасау –
үнемі басты назарда.

SUL_2859

БИЗНЕС ЖОСПАРДАН БАСТАЛАДЫ
Астанада да кәсіпкерлікті қолдау және дамытуға жоғары деңгейде көңіл бөлінеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қалалық филиалында кәсіп­керлікпен айналысқысы келетіндерге, жаңа кәсіпті қолға алуға ниет еткендерге нақты қолдаулар көрсетіледі. Бизнес-
жоспар жасаудан бастап, қысқа мерзімдік курстар, кеңестер беру сияқты қолдау­лардың барлық түрі қамтылған. Қолдау түрлері тек осымен шектеліп қалмаған. Мәселен, Астанада өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бо­йынша 500 жуық жоба мақұлданған болатын. Осы бағдарлама аясында бес-алты жыл көлемінде жалпы құны 84,5 млрд теңге болатын 480 жобаға қолдау көрсетілген. Соның ішінде, өткен жылы 11,9 млрд теңгенің 67 жобасы қолдауға ие болған.
– Ал несиелерге жартылай кепілдік беру бойынша жалпы кепіл сомасы 3,6 млрд теңгені құрайтын 89 жоба, оның 1,1 млрд теңгені құрайтын 35 жобасы 2015 мақұлданған болатын. Бес жыл көлемінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жетіспейтін инфрақұрылымды тарту үшін кепіл сомасы 2,7 млрд теңге болатын 35 жоба мақұлданған еді. Өткен жылы көлемі 81,8 млн теңгені құрайтын үш жоба қолдауға ие болды. Енді гранттық қаржыландыруларға келсек, күні-бүгінге дейін қаржылық көлемі 59 млн теңге шамасында 20 жоба қабылданды. Соның бесеуі, яғни, 15 млн теңгесі өткен жылғы көрсеткіштің үлесінде, – дейді Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Нұргүл Назарова.

КЕРЕК ДЕРЕК
Астанада өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 500 жуық жоба мақұлданған болатын. Осы бағдарлама аясында бес-алты жыл көлемінде жалпы құны 84,5 млрд теңге болатын 480 жобаға қолдау көрсетілген. Соның ішінде, өткен жылы 11,9 млрд тең­генің 67 жобасы қолдауға ие болған.

ERM_2313

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК
Астанада келесі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің де біздегі шағын кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай септігін тигізгелі тұр. Қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер немесе осы сала бойынша кәсібін ашқысы келетіндер жеңілдетілген несиеге ие болмақ. Өйткені, айтулы көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен келетін адамдардың саны өте көп. Сондықтан, біздегі қызмет көрсету саласындағы нысандар да (мейрамхана, дәмхана, қонақ үй және тағы басқалары) көп және сапалы болуы тиіс. Сауда мен қызмет көрсету саласын қолдау бағытында қабылданған бағдарлама бойынша 500 миллион теңге бөлінген екен. Осы бағдарлама аясында қызмет көрсету саласындағы жобалары бар кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады.
– Бұл енді, негізінен, Астана қаласының кәсіпкерлері үшін қарастырылып отырған жеңілдік. Дүкен және мейрамхана ашқысы келетіндерге 7,6 пайыздық жеңілдетілген несие ұсынылады. Аталмыш бағдарламада экономиканың жалпы саласы бойынша да несиелер алуға болады. Оның тәртібі де кәсіпкерлер үшін тиімді. Бұдан бөлек, Астана қаласы әкімдігі мен «Даму» қоры елордадағы жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Астана Жастар» деп аталатын бағдарламаны жүзеге асыруды бастады, – дейді жаңа жеңілдіктер жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» астаналық филиалының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңесшісі Ақбота Аюпова.
Оның айтуынша, бұл бағдарлама негізінде18-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер 20 млн теңгеге дейін несие ала алады. Сондай-ақ, «Даму» қорынан 85 пайызға дейін кепілдік алу мүмкіндігіне ие болады екен. Несиелер экономиканың кез келген саласына берілмек. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Болашақ» қауымдастығы мен «Даму» қоры арасында жаңа келісімге қол қойылған. Соның негізінде «Startup Bolashak» деп аталатын гранттық конкурс жарияланған. Конкурс талаптарына сай жастардың 3-7 млн теңге көлемінде грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін өзіңнің бизнес-идеяң болса жетіп жатыр. Сол идеяны негізге ала отырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп өтініш жазады. Оның одан арғы тағдырын конкурстық комиссияның ұйғарымы шешеді.
Саладағы тағы бір ауқымды жаңалық – кәсіпкерлердің өз тауарларын шетелге экспорттауға кең жол ашу үшін кооперативтерге біріктіру жолдары қарастырылуда. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін арнайы заң да қабылданған. Кооперативке біріктірілген кәсіпкерлер компания ретінде өз тауарларын бір маркамен экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Бұл, әсіресе, Астананың азық-түлік белдеуінде жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтары мен фермерлерге қолайлы болатын түрі бар. Осы белдеуде табиғи жолмен өндірілген ет, астық, бидай, сүт өнімдері, жұмыртқа сияқты тауарлар экспортқа жол тартса, шетелдіктердің үлкен сұранысына ие болары сөзсіз. Қазірдің өзінде экономиканың негізгі тірегіне айналған шағын және орта бизнес экспорттық әлеуетке ие болса, еліміздің ең бірінші жетекші саласы мәртебесіне қол жеткізеріне сеніміміз кәміл.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button