Мәдениет

Шарықтау шағында

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 орта мектепте белгілі ұстаз-музыкант Бақыт Шампетов жетекшілік ететін «Шабыт» балалар оркестрінің «Күй керуен» атты шығармашылық кеші өтті.

[smartslider3 slider=2803]

Кешке ҚР Білім және ғылым министр­лігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Кәрімбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазиева қатысып, оркестр ұжымының өткен жылы қол жеткізген жетістіктері үшін алғыс хат, құрмет грамоталарымен марапаттады.

Оркестр жетекшісі Бақыт Жөкебайұлы – ұзақ жылдар бойы музыкаға қабілетті, дарынды балалармен жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ол осы №61 мектепте 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Қажырлы еңбектің арқасында шығармашыл балалардан құралған өнер ұжымы үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтқанда, оркестр жыл сайын халықаралық, республикалық және қалалық сайыс­тардың жүлдегері атанады. Мәселен, дарынды өрендер алдыңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық» ашық шығармашылығында қола, күміс, алтын медальды иеленсе, өткен жылы «Аңыз дала», «Astana Grand Festival», «Дарындар әлемі», «Astana Grand Prix Shattyq Ubuntu», «Astana children’s festival», «Astana Music Spring Melodies», «Arte Italiana», «Euro stars» Great Britain-Italy-Kazakhstan», «Golden Sound» сияқты конкурстарда бас жүлде иеленіп, Түркияда өтетін «Мен жұлдыз боламын» байқауына бірнеше жолдама алған.

Б.Жөкебайұлы өткен жылы Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы мен өзінің 60 жасқа толған мерейтойына орай шығармашылық концерт берген екен. Бұл шығармашылық кеш те балалардың қанатын сомдауы мен өздерінің көрермендерінің алдында шығармашылық есебі сияқты көрінді.

Оркестр шымылдығын Құрман­ғазының «Адай» күйімен ашып, «Сары­арқа», «Балбырауын», «Көңілашар» күйлерімен асқақтатты. Әсіресе, оркестрдің жас домбырашыларының күй тартысы көрермендер көңілінен шығып жатты.

Қазір қаланың мәдени өміріне өзіндік үлес қосып жүрген Бақыт Шампетов ұйымдастырған өнерпаз жеткіншектерден құралған «Шабыт» оркестрі өсу, өрлеу үстінде екенін байқатты. Жылдан-жылға оның репертуары да байып, шеберліктері де шыңдалып келеді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button