8 Наурыз халықаралық әйелдер күні

Шаттығы шалқыған шаңырақ

Қазақта алтын құрсақ аналар аз болмаған. Олардың ізін жалғап, бір-екі баламен шектелмей, алла бергендердің қатарын көбейтіп, шаңырағын сәбилердің шат күлкісіне толтырған жандар бас қалада да баршылық. Солардың бірі – қоғам белсендісі, «Күміс алқа» иесі Зиуар Жұманова.

[smartslider3 slider=2344]

Ол марқұм әкесінің «Еңбек етсең – емерсің» деген сөзін жадынан шығарған емес. Ес білгелі еңбекпен есейіп, бақытын да еңбектен тауып келеді.

– 2005 жылы Қарақалпақстаннан отбасымызбен көшіп келдік. Елордадан ипотекаға үй алдық. Жоғары білімі бола тұра, жолдасым жалақысы үшін құрылыста жұмысқа тұрды. Мен балаларыма қарап, сол кісінің тілеуін тілеп отырмын, – дейді З.Жұманова.

Қарап отырған жоқ, әрине, қолы қалт етсе іс тігумен айналысып, тойбастар, қоржын-қалта және балалар киімдерін тігіп, одан қалса тапсырыспен ұннан түрлі тәттілер, бауырсақ пісіріп, қамыр илеп сатуды қолға алғалы қашан. Тек, мұның бәрін әзірше үйде істейді. Заман талабына сай инстаграмм парақшасы бар. Сол арқылы тапсырыс түсіп отырады. Келешекте қала маңынан жер үй алып, теплица салып, мал асырап, кәсібін дамытқысы келеді.

Әрбір ата-ана перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, білімді азамат болып жетілуін қаласа, бес ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, оларға кішіпейілділік пен еңбекқорлық, кісі алдынан кесе көлденең өтпеу, біреудің ала жібін аттамау, барлық адамдармен амандасу секілді адами қасиеттерді үйретумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп келе жатқан қарапайым ана өзінің ғана емес, еліміздегі барлық балалардың болашағына алаңдаулы. Ертеңіміздің тізгінін ұстар бүгінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемеге, орта білім беретін мектепке орналастыру, сондай-ақ балақайлардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында олардың қосымша тегін үйірмелерге қатысу мәселесін көтеріп, нәтижесін көруде. Олай деуімізге негіз жоқ емес. Оқушыларға сапалы әрі қолжетімді білім берумен қатар оларды ұлы философ, шығыстанушы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектеріне негізделген құрмет, қамқорлық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік, жетілдіру қағидаттарына сүйене отырып тәрбиелеуге бағытталған «Бином» мектептерінің, сондай-ақ қалада тегін үйірмелердің ашылуына мұрындық болғандардың қатарында осы бір қағылез келіншек те бар.

Өскелең ұрпақтың сауатты әрі жан-жақты дамыған азаматтар қатарын толықтырулары үшін ол қолдан келгеннің бәрін жасап жүр. Аталмыш білім беру мекемесі жұмыс істей бастағаннан кейін мектепке жақынырақ тоқтайтын қоғамдық көлік болмағандықтан, оған қатынау мәселесі туындағанда, өзі секілді ата-аналармен және әкімдікпен үнемі байланыста бола жүріп, бұл мәселенің шешімін тапты. Осылайша жақында мектеп маңына жаяу жүргіншілер жолағы қойылды. Енді барлық салалық мамандары бар, әсіресе мүгедек балалардың қатынауына ыңғайлы үлкен емхана салу, сондай-ақ өзі секілді тігін, тоқыма өнерімен, тәтті тоқаштар пісірумен айналысатын қыз-келіншектер дайын бұйымдарын көпшілікке сату үшін қалада әр сенбі сайын арнайы жәрмеңке ұйымдастыру мәселесінің оң шешілуіне атсалысуда. Қайырымдылықтан да қалыс қалған емес. Қашан көрсеңіз, Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін барлық қоғамдық шаралардың басы-қасында жүреді.

Отбасындағы татулықты, бірлік пен мейірімділікті көріп өскен балалары қазірдің өзінде бір-біріне қамқор болып, үлкендерге көмектесіп, ата-анасын қолдап, айналасындағыларға жанашырлық танытып жүреді. Үлкені жұмыс істеп, әке-шешеге қарайласуға жарап қалса, мектеп жасындағы ер балалар домбыра мен дзюдо, қыздар қазақша би үйірмелеріне қатысып, дамылсыз даму үстіндегі әсем шаһармен бірге есейіп келеді. Жолдасы Ақеділ де – досқа сыйлы, алабөтен қылығы жоқ, аңқылдақ азамат. Сөзге шорқақ болса да, іске келгенде тындырымды, алғыр да ақкөңіл жігіт. Ерлі-зайыптылардың қай-қайсынан да қамқорлық пен қолдау, сыйлас­тық пен түсіністік, өзінен гөрі өзгенің мұң-мұқтажына алаңдап, жанашырлық таныту секілді қасиеттерді аңғарылады.

– Баланың санасы таза болып, отбасында мейірімге бөленіп өссе, ол қатыгездік пен қателіктің ауылынан алыс болады. Отбасы бақытының сыры ерлі-зайыптылардың бірін-бірі бағалай білуінде, қандай мәселені де бірлесе, ақылдаса шешуінде десек, артық-кемді тізбелемей, кешірімшіл болған жандар ғана шаңырағын шаттыққа толтыра алады, – дейді көпбалалы ана.

Расында, адам ұрпағымен көрікті. Шаңырағын сәбилерінің күлкісімен шаттандырған жұбайлар әлі талай бақытқа бөленері белгілі. Ылайым солай болғай!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button