Жаңалықтар

«Шаттық» өнерге жол ашады

Нұр-Сұлтанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы XV қалалық «Шаттық-2022» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл 115 білім беру ұйымынан 4 мыңнан астам қатысушы бақ сынаған байқауда Нұр-Сұлтан қаласы білім мекемелерінің үздік жас музыканттары, хореографтары, суретшілері мен техникалық дизайнерлері және үздік ұстаздар бар. Байқаудың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытып, кәсіби біліктілігін жоғарылатуға көмектесу.

[smartslider3 slider=2727]

 

– Шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы 54 мектептен 171 бала қатысуда. Негізгі мақсаты – балалардың өнерге деген құштарлығын ояту, сахнаға бейімдеу. Өздеріңіз білетіндей, Президент тапсырмасына сәйкес, биыл Балалар жылы деп жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сондықтан да бүгінгі шара осыған байланысты өтіп отыр, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№1 өнер мектебі» МКҚК директоры Фархад Сәбиев.

Ал Дінасыл есімді өнерлі оқушы болса болашақта өмірін шығармашылықпен байланыстыратынын жеткізді.

– Мен жарысқа біраз уақыт дайындалдым, бірақ дайындық оңайға түспеді. Бүгін жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Байқауға қатысқан себебім Қазақстанның ұлттық домбырашысы болғым келеді. Осындай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болсам деймін, – деді қатысушы.

Қазылар алқасының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Дәулет Тапеновтің айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің дайындығы жоғары деңгейде.

– Дарынды балаларды қолдауға арналған байқау жыл сайын өткізіледі. Бұл балаларды шығармашылыққа баулудың және сахнаға деген сүйіспеншілігін оятудың тамаша мүмкіндігі деп санаймын. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді ол.

Жеті күн бойы шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар «хореография», «аспаптық жанр/жеке орындаушылық», «аспаптық жанр/ансамбльдер», «вокалдық жанр/жеке орындаушылық», «вокалдық жанр/ансамбльдер», «хор», «театр өнері», «вокал жанры / ансамбльдер», «3d модельдеу» номинациялары бойынша қатысты.

– Бұл байқау апталығы қызу әрі тартысты өтті. Фестивальде қатысушылар өздерінің жоғары көркемдік деңгейі мен шеберлігін көрсетті. Менің ойымша, қазылар алқасына үздіктерді таңдау қиынға соқты. Осындай ауқымды іс-шараға қатысу – үлкен жетістік, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы кәмелетке толмағандарды қосымша білім беру және әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.

Фестивальдің жабылуына орай 30 сәуірде гала-концерт өтеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button