Мәдениет

«Шаттық» сыйлаған фестиваль

Елордада балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық – 2022» шығармашылық фес­тивалінің «Балалар – шаттық ордасы» атты гала-концерті өтті. Дәстүрлі шара биыл 15-рет ұйымдастырылып, еліміздегі Балалар жылына арналды.

[smartslider3 slider=2864]

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік залы елорда халқы мен қонақтарына лық толды. Себебі атауы халыққа талантты жеңімпаздарымен таныс байқаудың Гала-концертінде сайыстың ең үздіктері өнер көрсететіні белгілі еді. Расында дарынды өнерпаздарды танытумен қатар, сахнаның жарық пен декорация жағынан жоғары деңгейде безендірілуінің өзі байқаудың беделін арттыра түсті. Концерт көрермендер жүрегінде балалардың керемет дауысы, мың бұралған биі, күмбірлеген күйі, актерлік шеберлігі және түрлі аспапта шебер ойнауымен есте қалды. Гала-концертте балаларды өнерге баулып, баптаған 41 мұғалім марапатқа ие болды. Оларға қалалық білім басқармасының атынан «Балалар жылы аясында елордалық жас дарындардың мәдени және шығармашылық әлеуетін насихаттау мақсатында балалар мен жасөспірімдер арасында өткізілген XV «Шаттық-2022» қалалық байқауының Алтын жүлде иегерін дайындағаны үшін» Сертификат табысталды. Жеңімпаз балалардың гала-концертінде Астана опера, Жастар, Астана балет театрларының солистері мен өнер ұжымдары оларды қолдап, бірге өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың іріктеу турлары елорданың 8 жерінде өткен. Қазылар алқасының алдында қаланың 115 білім беру мекемесінен 4 мыңнан астам оқушы 9 жанр бойынша өнерін ортаға салған. Байқау күндері шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар «Хореография», «Аспаптық жанр/жеке орындаушылық», «Аспаптық жанр/ансамбльдер», «Вокалдық жанр/жеке орындаушылық», «Вокалдық жанр/ансамбльдер», «Хор», «Театр өнері», «Вокал жанры/ансамбльдер», «Фотография», «3D модельдеу» номинацияларында сынға түсті. Қазылар алқасы талантты жастардың дайындық деңгейін жоғары бағалады. Қола және күміс жүлдегерлердің есімі байқау аяқталғаннан кейін белгілі болды. Ал Алтын жүлде иегерлері гала-концертте жарияланды және өнер көрсетті. «Шаттық» жеңімпаздары – жас музыканттар, хореографтар, суретшілер, вокалистер, бишілер, фотографтар және театрлар арасынан барлығы 47 Алтын жүлде иегері анықталды. Атап айтқанда, қаладағы №59, №54, №8, №15, №48, №64, №89, №85, №92, №1, №35 мектеп-лицейлері, №6, №7, №2, №3, №86, №4 №10, №58, №67, №78, №77, №81, №63 мектеп-гимназиялары, Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі, Quantum STEM School, BINOM SCHOOL «Таным»  мектеп-лицейі, Менеджмент, бизнес және білім  колледжі, №41, №55 орта мектептер, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, Binom school «SARYARQA» мектеп-лицейі сынды оқу орындарының өнерпаздары жеңімпаз атанды.

Байқауға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов, Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, білім саласына еңбегі сіңген ардагер ұстаздар, сондай-ақ көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button