Қала тіршілігіСұхбат

Шатырында шаңғы тебетiн кешен

Сенбiлiк барысында Елбасыға Қабанбай батыр даңғылының бойындағы жаңа саябақ пен төбесiнде шаңғы трассасы бар жаңа тұрғын үй кешенiнiң жобасы таныстырылды. Астаналық сәулетшiлер ұсынған жоба  – «Дом-Слалом» кешенi деп аталады. Сырт пiшiмi бөлек ғимараттың ерекшелiгi: асты кәнiгi тұрғын үй де, төбесi шаңғы кешенi. «SHM+architects» компаниясы ұсынған жобаны Елбасыға таныстырған сәулетшi Шоқан Матайбековке бiрер сауалымызды қойып, жауап алдық.
– Өздерiңiз көргендерiңiздей, жобамызды Мемлекет басшысына таныстырдық. Елбасыға әдеттегi үйдiң төбесiне шаңғы трассасын салу идеясы ұнады. Тұрғын үй кешенi мен шаңғы тебу кешенiн салу арқылы қаржыны үнемдей аламыз.
– Бұл жобаның ерекшелiгi неде?
– Бiрiншiден, Астанада шаңғы тебетiн кешен жоқ. Қалаға ең  жақын шаңғы трассасы Бурабай мен Темiртау қаласында орналасқан. Мұндай кешен Қазақстанда жоқ. Екiншiден, үлкен шаңғы тебетiн кешендерде мәселен, Алматыдағы Шымбұлақта троспен жүретiн көтергiш болса, мұнда бiз  лифтiлердi пайдаланамыз. Бұл үш-төрт есе арзанға түседi.
–  Кешеннiң құрылысына қанша қаржы бөлiнбек? Әрi кешенге кiру бағасы қандай болады?
– Бiз бүгiн жобаны таныстырдық. Кешеннiң құрылысына қанша қаржы жұмсалатыны әрi шаңғы тебудiң ақысы туралы айтуға әлi ерте. Өйткенi, оны айтпас бұрын, әуелi есептеп алу керек. Жалпы, тау шаңғысы кешенiне кiру құны халықтың қалтасы көтеретiндей мөлшерде  болады.
– Құрылыс жұмысына қашан кiрiсесiздер? Қашан тапсырылады?
– Ол жағы қосымша нақтыланады. Бiрдеңе деп айтуға әлi ерте.
– Аталған кешеннiң жобасын әзiрлеу кезiнде қай елдiң тәжiрибесiне иек арттыңыздар?
– Жалпы, мұндай кешен әлемде көп кездесе бермейдi. Бiз, Сингапурдың тәжiрибесiне сүйенiп әзiрледiк. Негiзi, таныстыру кезiнде трассаны Дубайдағыдай жабық қылып жасау ұсынылды.  Жалпы, бұл жоба өзiн-өзi ақтайды деп айта аламын. Өйткенi, жылдың шамамен 130 күнiнде жерде30 сантиметрқар жатады.
– Басқа қандай тапсырма болды?
– Ең бастысы, бiз, қолдауға ие болдық. Президентке ұнады. Жұмысты әрi қарай жетiлдiре түсудi, оның iшiнде жобаның экономикалық тиiмдiлiгiн есептеудi және қайта қарауды тапсырды.  Сондай-ақ, қауiпсiздiгiне баса назар аудару қажеттiлiгi айтылды.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button