СараптамаШартарап

Шекарадағы шатақ шиеленісіп барады

Шекара дауы – аса күрделі мәселе. Әлем елдері арасындағы жанжалдың 90 пайызы жер мен суға таластан туындайды екен. Стокгольмнің бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты бүгінгі таңда әлемдегі шекаралардың 25 пайызы толық анықталмағандықтан, еларалық қақтығыстардың 15 пайызы шекаралық мәселелердің шешілмеуімен байланысты екенін анықтаған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көрші елдермен шектесіп жатқан 13500 шақырым шекара шегенделіп, халықаралық-құқықтық деңгейде рәсімделді. Осының нәтижесінде Қазақстан ел іргесі тыныш, баянды даму жолына түскен елге айналды. Ал шекара мәселесін бүгінге дейін шеше алмаған көрші елдер арасында бұл мәселе күн өткен сайын күрделеніп барады.

Арал үшін араздасып отыр
Жапонияның жаңа премьер-министрі Фумио Кисида территориялық дау-дамайды реттемейінше, Ресеймен арада ешбір бейбіт келісімге қол қойылмайды деп мәлімдеді. 7 қазанда Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы тілдескен Кисида Ресей басшысынан Оңтүстік Курилде орналасқан – Кунашир, Шикотан, Хабомаи және Итуруп аралдарын Жапонияға қайтаруды талап еткен. Ал Ресейдің қазіргі басшысы Путин болса «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аталған аралдар КСРО құрамына өтті, олардың Ресейге тиесілі екені дау туғызбайды» деген пікірде.
Жапонияның орыстармен арал үшін араздасып келе жатқанына бір ғасырдан асты. Жапония мен Ресей 1855 жылдың 7 ақпанында Итуруп және Уруп аралдарының арасындағы шекараны анықтайтын орыс-жапон келісімшартына қол қойды. Осы шартқа сәйкес Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдары Жапонияға тиесілі. Орыстар 1875 жылы барлық Курил аралдарын Сахалин аралының жапон бөлігімен айырбастау үшін Жапонияға берген. Бірақ 1905 жылғы орыс-жапон соғысынан кейін Оңтүстік Сахалинды Жапонияға тәуелді еткен «Портсмут» келісімі жасалды. 1945 жылы Кеңес Одағы Ялта келісімі бойынша Оңтүстік Сахалин мен Курил аралдарын Кеңес Одағына беру туралы шарт қойып, Сахалин мен Курил аралдарын өзіне қосып алды. Алайда 1951 жылы Сан-Францискода Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттер жасасқан шартта Курил мен Сахалинның Кеңес Одағына тиесілі екенін бекітетін ережелер айқындалмағандықтан, қызыл империяның басшылары бұл келісімге қол қоюдан бас тартты. Дегенмен араға бес жыл салып, 1956 жылы қос ел бейбітшілік декларациясын қабылдады. Соған сәйкес Мәскеу Хабомаи және Шикотанды Жапонияға беру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Кейін Кеңес Одағы басшылары бұл уәдесінен де тайқып кетті. Екі ел басшылары осы мәселеге байланысты талай мәрте кездесті. Бірақ кездесулердің ешқайсысы оң нәтиже берген жоқ. Токио тарапы аталған аралдар 1855 жылғы сауда және шекаралар туралы орыс-жапон трактатының негізінде Хоккайдо префектурасына жатқызылуы тиіс деп санайды. Ал Мәскеу болса Курил аралдары заңды түрде Ресейге тиесілі деп біледі.
Көршілер неге күрең қабақ?
Кеңес Одағы келмеске кеткенмен, оның құрамында болған республикаларға тастап кеткен дау-дамайы аз емес. Оның кейбірі Одақтың шаңырағы ортасына түскен заман жанартаудай атылып, арты соғысқа ұласса, кейбірі бітеу жарадай сыздап, бүгінге дейін созылып келеді.
Орталық Азияда Қазақстаннан басқа елдердің шекара мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Тек еліміз ғана Елбасы Н.Назарбаевтың алысты көре білген парасатты саясатының арқасында шекара мәселесін түбегейлі шешіп, жан-жағымыздағы елдермен халықаралық заң жүзінде келісім жасасып, іргемізді бекітіп, етегімізді қымтап алдық. Осының арқасында тәуелсіздік алған 30 жылдан бері жерге таласып, қан төгіскен оқиғалар болған жоқ. Ал шекара мәселесі шешілмеген елдерде жағдай мүлде басқаша. Мәселен, қырғыз-тәжік шекарасы Кеңес Одағы құлағалы Орталық Азиядағы ең тынышсыз аймаққа айналды.
Жер көлемі еліміздің Қостанай облысымен шамалас Қырғызстан аумағында алты анклав (өзге мемлекет құрамында қалған мемлекет аумағының бір бөлігі) бар. Соның төртеуі Өзбекстанға, екеуі Тәжікстанға тиесілі.
Мың шақырымға жуық шекарасының 530 шақырымы бойынша ғана нақты келісім жасалған қырғыз-тәжік елдері арасында Ләйлек және Баткен аудандары маңында даулы жерлер жетерлік. Міне, осы даулы шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары арасындағы жанжал жыл сайын болып тұрады. 2014 жылы қаңтарда және 2015 жылы мамырда болған қақтығыста тәжік күштері қарсы жағын минометпен атқыласа, 2021 жылы 28 сәуірдегі қақтығыстан адам өліп, жанжал шекара бойындағы басқа да аймақтарды шарпыды. Садыр Жапаров билік тізгінін алған сәттен бастап Тәжікстанға өкіл жіберді, Ташкентке барды, бірақ шекара дауы бүгінге дейін түбегейлі шешілген жоқ.
Ташкент демекші, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың да даулы тұстары көп. Ташкент Бішкек мәселені түбегейлі шешу үшін ұдайы келіссөздер жүргізіп келеді, бірақ нәтиже аз. Мысалы, шекара ұзындығы 1375 шақырымды құрайтын Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 20 даулы аймақ бар. Ол аздай, Қырғызстан жерінде Өзбекстанның Сох, Шахимардан сынды 4 анклавы орналасқан. Ондағы халық саны 50 мыңнан асса, Өзбекстандағы қырғыз анклавы санатына жатқызуға болатын Барак ауылында 100 шақты түтін бар. Екі ел 2018 жылы анклавтар бойынша жер алмасып, мәселені шешпек болған еді, бірақ келісе алмады.
Іргелес елдер неге ренжіседі?
Ел іргесінің тыныштығы шекараласып жатқан көрші елге де байланысты. Шекара мәселесі шешімін тапқанмен, көршіңмен тату болмасаң, құлақтан қиқу, іргеңнен жанжал кетпейді. Мәселен, соңғы күндері Иран мен Әзербайжан қатынасы күрт нашарлап кетті. Екі ел де шекара маңында әскери жаттығу өткізіп, бір-біріне сес көрсетумен қатар, ақпараттық соғысты да үдете түсті. Істің насырға шабуына Иран тарапының «Израиль Әзербайжанды жасырын қолдап, Иранның қауіпсіздігіне қатер төндірді. Сондай-ақ Әзербайжан өз территориясында Иранға қарсы террористік күштерді топтады, олардың қатарында жалдамалы әскерлер де бар» деген мәлімдемесі себеп болды. Бұл мәселенің бер жағы десек, жанжалдың астарында да шекара қауіпсіздігіне қатысты жайт жатыр.
Қарабақ соғысында жеңіске жеткен Әзербайжан Қарабақтың Иранмен шекараласатын бөлігін де өз бақылауына алды. Бұл өз халқының 16 пайызын Әзербайжан ұлты құрайтын Иран елінің ұйқысын қашырды. Атап айтқанда, Тегеран Әзербайжан елі күшейсе, оның шекарасына жақын орналасқан ирандық әзербайжандар парсылардан бөлінеміз деп шу шығара ма деп қауіптенеді. Міне, бұл да тарихи шекарадан қалған алауыздықтың бір көрінісі.
Оқ дәрі иісі мүңкіген өңір
Әлемдегі оқ дәрі иісі мүңкіп тұрған аймақтың бірі – Үндістан мен Қытай шекарасы. Жақында үнді және қытай әскері қолбасшыларының екі ел арасындағы даулы шекарадағы ұзаққа созылған шиеленісті шешу жөніндегі 13-келіссөзі сәтсіз аяқталды.
Шынын айтқанда, шекара мәселесіне байланысты Үндістан мен Қытай арасында соғыс болу қаупі де жоқ емес. Себебі соңғы жылдары екі елде шекараға қисапсыз әскерін, ауыр құралдарын жөнелтіп жатыр. Әсіресе, Қытай әскер таситын 6 мың машинамен әскерін, басқарылмалы бомбыларын шекараға жеткізіп, соғысуға дайын тұр. Үндістан да қарап отырған жоқ. Кейбір деректерде Үндістанның шекарадағы әскері Қытайдан көп деп те айтылады. Биыл мамыр айының соңындағы Қытай мен Үндістан шекарашыларының төбелесі (екі жақтан 50-ге жуық адам мерт болды) онсыз да нашарлап тұрған екі елдің араздығын одан әрмен күшейте түсті. Екі ел арасындағы мұндай кикілжің өткен ғасырдың ортасынан бері үзілмей келеді. Оған басты себеп – екі ел арасындағы шекара таласы.
Ортақ шекара ұзындығы 2000 шақырымды құрайтын Қытай мен Үндістанның таласып отырған жер аумағы 120 мың шаршы шақырымнан асады. Ұзақ уақыт Ұлыбританияның отары болған Үндістан 1947 жылы тәуелсіздік алып, Үндіс Одағы мен Пәкістан мемлекеті құрылды. 1950 жылы Үндістан Одағы Үндістан Республикасына айналды. 1949 жылы ҚХР құрылды. Екі ел 1950 жылы дипломатиялық қатынас орнатып, біраз уақыт «Қытай мен Үндістан халқы бауырлас» деп тату тұрды. Алайда Қытайдың Тибет жеріне кіруімен екі ел арасы сабындай бұзылды да, Үндістан 1951 жылы тибеттер қоныстанған Таванг өңірін өз тәуелділігіне енгізсе, 1953 жылы Тибеттің батысындағы 90 мың шаршы шақырым жерді бақылауына алды. 1954 жылы Үндістанның оңтүстік-шығыс шекара өңірін иеленіп алуы екі ел арасындағы қайшылықты тіпті асқындыра түсті.
1960 жылы сәуірде екі елдің премьер-министрлері Нью-Делиде шекара мәселесі жөнінде келіссөз өткізді. Алайда келіссөзден ешқандай нәтиже шықпады. Мұның соңы Қытай-Үндістан соғысына ұласты. 1962 жылы 20 қазаннан 21 қарашаға дейін жалғасқан бұл соғыста Қытай Үндістаннан өктем шығып, Үндістан жасақтарын талас жерден түре қуып, Нью-Делиге дейін тақап барды да, әскерін қайта шегіндіріп, шығып кетті. Таластағы жерге баяғыдай Үндістан армиясы қайта жайғасты. Бұл соғыста екі ел де «біз жеңдік» деп санайтыны сондықтан.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button