Қоғам

Шекараны айқындаған шешім

25 тамызда «Ақ жол» демократиялық партиясы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесіп, «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Онлайн түрде өткен конференцияға партия төрағасы Азат Перуашев, «Алаш» мәдениет және рухани жаңғыру институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, Мәжіліс депутаттары, шетелдік және отандық алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Қазақ Республикасы мен Алаш зиялылары жөніндегі өрелі ойларын ортаға салды.25 тамызда «Ақ жол» демократиялық партиясы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесіп, «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Онлайн түрде өткен конференцияға партия төрағасы Азат Перуашев, «Алаш» мәдениет және рухани жаңғыру институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, Мәжіліс депутаттары, шетелдік және отандық алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Қазақ Республикасы мен Алаш зиялылары жөніндегі өрелі ойларын ортаға салды.
Жиналысқа қатысқан мамандар Алаш ұлттық автономиясы мен биыл құрылғанына 100 жыл толған Қазақ автономиялы республикасының тарихи алғышарттары, олардың заманауи мемлекеттілік қалыптастыру жолындағы қызметі және қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін маңызын жан-жақты талқылады. Алаш автономиясының ел тарихында алатын орны, Алаш қайраткерлерінің сіңірген еңбегі және оларды ел жадында сақтау мәселелері жөнінде келелі кеңес өткізді.
1920 жылы 26 тамызда Кеңес үкіметі Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасын құру туралы» декрет қабылдады. 4-12 қазан аралығында Орынборда Қазақ автономиясының үлкен съезі өтті. Мамандардың пікірінше, осы жылғы Қазақ Автономиялық Республикасының құрылуы Кеңес үкіметінің қазақ халқына қайырымдылық жасағанынан емес, керісінше, біраз жылдар бойы өз елінің азаттығы үшін күрес­кен Алаш арыстары большевиктік билікті қазақ халқының мүддесімен санасуға мәжбүр етті. Яғни Қазақ Республикасының пайда болғанының басты себебі Алаш көсемдері жария­лаған Қазақ елінің қайсарлығы, өр рухы, ұлттық ұстанымдары болды.
Жиналыста сөз алған тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Алаш зиялыларының ел үшін еткен еңбектеріне тоқталды. «1920 жылы 3 миллиондай халық автономия құрамында болса, 1925 жылы 6,5 миллионға дейін шарықтады. Қазақтың саны 1 пайыздан аспайтын Орынборда қанша қиындық болса да, кадрлар жетіспесе де, автономия­ның басында отырған жігіттер көп жұмыс істеді. Тіпті 1924-1925 жылдары Алаш зиялылары қазақтың территориясына қазақтың түпкі жерлерін жинап алды. Тек 1928-1929 жылдары Алаштың мықты азаматтары жұмыс­тан шеттетілген соң Омбы қаласы мен Омбы уезін РКФСР құрамына енгізу туралы шешім қабылданды» дейді ғалым.
Конференцияда ресейлік тарихшы Виктор Козодой «тарихи шешімде Алашорда идеясы жеңгенін» баса айтып, Алаш идеясының мықты болғаны сондай, большевиктер оларды елеусіз қалдыра алмай, ымыраға келгенін, Алаш зиялылары Қазақстанның шекарасын бекітуде зор рөл атқарғанын айрықша атады. «Саяси тәжірибе тұрғысынан, 1917 жылдан бастап екі жоба қатар жүзеге асырылды. Бұл – Алаш жобасы және Кеңес жобасы. 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақтық съезде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданып, басқару органы – Алаш Орда құрылды. Сонымен, жоғарыда атап өткен екі жоба қатар өмір сүре бастады. 1918 жылдың басынан бастап большевиктер шабуылы күшейе түсті, сондықтан Алаш көсемдері жасырынуға мәжбүр болды. 1917 жылы желтоқсанда жоспарланған идеялар толық жүзеге аспады» деді ресейлік тарихшы.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет Қазақстан шекарасын бекітуге атсалысқан мәлім әрі беймәлім тұлғалар туралы айтты. «1920 жылы Қазақ Республикасы құрылған кезден бастап Қазақстан мен Ресей шекарасы бірінші рет өзгеріске түскені белгілі. Мұстафа Көкебаев 1920 жылы Жер комитетінің төрағасы, губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып, жаңадан іргетасы қаланып жатқан Қазақ Республикасының жариялануы үшін қызмет атқарған. Ол сол кезде Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлігін нақтылап, қай аумақ біздің шекара аумағына кіру керек екенін түйемен жүріп картаға түсірткен. Ол – елдің шекарасын белгілеуге ерекше еңбегі сіңген азамат. Ендеше ұлты үшін аянбай еңбек еткен, Қазақстан шекарасын белгілеуге атсалысқан тұлғаға Атырау, Орал, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтаннан бір көше ­атауын берсе – ескерусіз қалған тұлғаны құрметтегеніміз болар еді. Уәлихан Танашев те Қазақ Республикасын құрумен айналысқан бірден-бір тұлға. Өкінішке қарай, оның атында елімізде не дұрыс көше, не ескерткіш жоқ. Қазақ шекарасын бекітуге үлес қосқан тұлғаларды әрдайым насихаттауымыз керек» деді ол.
Онлайн басқосуда Алаш автоно­мия­сы мен Алаш зиялылары туралы бұдан басқа да көп деректер айтылып, осы бір тарихи естеліктерді қайта ақтарып, бүгінгі дәуір тынысымен үндестіру жағында «Ақжол» партиясының жүйелі жұмыстар атқарып жатқаны айтылды. Конференция соңында қатысушылар барлық ұсыныстарды ескере отырып, Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды белес болып саналатын Қазақ Республикасының құрылуы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-сая­си жағдайларды тереңірек зерттей түсу қажет деген ұйғарымға келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button