Жаңалықтар

«Шелек жаламай-ақ» тұтылды

Астанада өткен Қазақ­стан­ халқы Ассам­блея­сы­ның ХХ сессиясында сөз алған жазушы­-дра­ма­тург Дулат Исабеков­ Қазақстан аза­мат­ты­ғын­ алған, алай­да Моң­ғо­лия­ға қай­тып оралған 800 орал­ман­ның­ жай-күй­ін ашына жеткізді. Елбасы Ассамблея жиы­ны­на қатысып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашевтан мәселенің анық-қанығын білмек ниетте сауал тастағанда: «Кеше ғана осы мәселе туралы әңгіме болды, шешім қарастырылып жатыр» деген жауап алған болатын. Бірақ, бұл мәселе әлі де біраз «қарастырылатын» сыңайлы. 

Оқиғаның ұзынырғасы былай: Моңғолиядағы жүздеген қазақ бір-ақ күнде азаматтықтан шығып қалған. Олардың ішінде мемлекеттің жәрдемақысы мен зейнетақысына ғана қарап отырған отбасы қаншама?! Нәпақасынан қағылып, онсыз да тұрмыс титықтатқан халық Моңғолия президентіне азаматтыққа қайта алуы жөнінде өтініш жолдайды. Осы мәселе бойынша Баян-Өлгий әкімдігі мен аймақтық мәслихат жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының мүшесі, Баян-Өлгий тұрғыны Шерхан Зейтінұлы тіркелгендер санының 800-ге жеткенін және бұл тізімнің одан екі есеге артуы мүмкіндігін айтқан екен. Қалай дегенмен де, Моңғолияда мыңға жуық Қазақстан азаматы өмір сүріп жатыр. Осыдан «бұл қалай болған?» деген заңды сұрақ туады. «Азаттық» радиосының интернет парақшасында жарық көрген «800 қазақ Моңғолия азаматтығын қайта сұрады» атты Нұртай Лаханның мақаласындағы деректерге сенсек, аталған қазақтардың басым көпшілігі алаяқтардың құрбаны болған. Олардың құжаттарын сыртынан пайдаланған пысықайлар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетіндегі шенеуніктермен ауыз жаласа отырып, мемлекеттің біраз қаржысын қымқыруға әрекет еткен.

Мәселен, Азаттық радиосының тілшісімен сұхбаттасқан Рахат Қайсарұлы өздерінің Қазақстанға ат басын бұрмағандығын, алайда төлқұжаттарының екі арадағы делдалдарға қолды болғанын айтқан. Екінші кейіпкер – 29 жастағы Әсемгүл Қуамергенқызының айтуынша, ол өзі білім алған оқу орнындағы оқытушыларының құрбанына айналған. Оның кураторы «мынаған қол қой, анаған қол қой» деп жүріп, ақыры Әсемгүлдің атынан квота алып тынған. Жоғары оқу орнында оқып жатқан студенттердің құжаттарының қолды болғанын түсінуге болады. Алайда, Қазақстанға келіп көрмеген адамдардың құжаттарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі шенеуніктер қалай пайдаланған деген ойға қаласың. Өйткені бұл құжаттар әуелі үш Кеденнен – Моңғолия, Ресей және Қазақстан кеденінен өтуі және сол кедендердің мөрі басылуы тиіс. Соңғы жылдары Көші-қон комитетінде қызмет істеген біраз шенеуніктердің жалған жолмен мемлекеттік көші-қон квотасын қымқырғаны жөнінде ақпараттар жиілеп кеткені рас. Кейбір облыстық Көші-қон басқармалары төрағаларының үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Бірақ, сол істердің немен біткені бізге беймәлім. Кейін Көші-қон комитеті таратылды. Алайда, сол кездегі жемқорлықтың, жең ұшынан жалғасқан алаяқтықтың кесірінен бүгінде қарапайым халық зардап шегіп отыр. Зардабы сол, мыңға жуық қазақ не Моңғолияның азаматтығын ала алмай, не Қазақстанға жете алмай, босқынның күйін кешіп жүр. Ондағы халықтың тағдырынан бейхабар мұндағы ел оларды «квотаны алып, қашып кетті» санайды. Сайып келгенде о жақтағы жұртта не квота, не құжат жоқ. Оны реттеу үшін шекара да аса алмайды, мемлекеттен жалақы да, зейнетақы да ала алмайды. «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» деуші еді, олар шелек жаламай-ақ тұтылып отыр. «Айран ішкендер» жайлы ләм-мим сөз жоқ.

Ербол ЖАНАТ,
е.zhanat@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button