Басты ақпарат

Шенеунік басшы ма, әлде қызметші ме?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты мақаласында мемлекеттік қызметшілер тұрғысында атқарылған өзгерістерге қатысты біршама ойларын білдірді. Соның ішінде шенеуніктердің азаматтармен диалогының тиімділігі төмен екендігін атап өтті.

[smartslider3 slider=2358]

«Мемлекеттік орган басшылары халықпен сөйлесе алмайды, тіпті кейде қорқатын секілді» дей келе, бюрократияның етек жаюы мәселесіне тоқталды. Президент: «Ол (бюрократия) азаматтардың санасында мемлекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайды машина деген әділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек» деді.

Әрине, бұл кеселдің біздің қоғамда дендеп кеткені бесенеден белгілі. Батпандар кірген ауру мысқалдап шығатынындай, одан айығу үшін алдымен аурудың басын ашып, түсін түгендеп алайық.

Күні кеше пайда бола қоймаған мағынасы бұлыңғыр «бюрократия» атауын алғаш рет француз Винсент де Гурне XVIII ғасырдың ортасында айналымға енгізген екен. Сөзбе-сөз мағынасын аударғанда «кеңсе билігін» немесе «шенеуніктердің билігін», яғни азаматтардың жоғары тұрған басқарушы органға тәуелділігін білдіреді екен. Ал көпшілік үшін «бюрократ», «шенеунік», «мемлекеттік қызметші» тұтас бір ұғымды білдіреді. Өйткені «бюрократия» қоғамның дамуын тұсаулап, қолдан кедергілер жасап, мемлекеттік басқару ісінде алынбас қамал жасайды. Сол қамалдың көлеңкесінде кемтар жүйе қызметшісінің дарынсыз билігі менмұндалайды. Нәтижесінде елде әлеуметтік қайшылық туындап, халық пен өкіметтің арасы алшақтай түседі. Ал қарапайым адамның шен-шекпенділерден алатын ақысы болмаса да, атқарып отырған ісінің нәтижесінен сұрауы бар. Өйткені олардың қызметіне тәуелдіміз, бағыныштымыз. Қызметшілер әрекетінің ашықтығы, әділдігі, біліктігі елдің көркеюіне алып келеді, адамдардың бақуатты өмірінің кепілі. Тәуелді дейтініміздей жергілікті атқарушы органдардан бастап Парламент депутаттары, барлық мемлекеттік құрылымдар, билік буындары қарапайым халықтың арқасында күн көріп отыр. Азаматтардан, заңды тұлғалардан түскен түрлі салықтар мемлекеттік аппарат шығынына жұмсалады. Қазақстан азаматының әрқайсысының жеке тағдырына, олардың ұрпақтарының болашағына да осы қызметшілердің тікелей қатысы бар. Маңызды шешімдер шығару арқылы біздің өмірімізді өзгертіп, оның сапасына ықпал етеді. Олардың кейбірінің парықсыздығы, ұлт алдындағы орасан зор жауапкершілікті түсінбеуі қоғамды дағдарысқа жеткізіп, әлеуметтік қайшылықтарға алып келеді. Міндетіміз бар дейтініміздей, депутаттардан бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер халықтың үстінен күн көріп, жалақы алып отыр. Сол себепті соншама қаражаттың шенеуніктердің жеке мүддесіне емес, ортақ игілікке жұмсалатынына сенімді болуымыз керек. Мемлекеттік қызметші мінез-құлықтың, әдеп пен әдеттің ерекше нормаларын ұстануы тиіс. Оның қызметі мемлекеттілікке мін келтірмеуі керек, ел алдында жүрген себепті лайықсыз әрекетімен халық пен Үкімет арасында сызат түсірмегені абзал еді.

Сұхбаттаса келе, көбінің өресі төмен, қоғамға алары болса да, берері кем, өзіндік пікірі жоқ, қуыс кеуде екенін біліп талай рет қапалы болғанымыз бар. Соған қарап кейде мемлекеттік қызмет дарынсыздардың ортасы ма деп те қаласың. Халықтың ортасына барып, бетпе-бет жолығып, пікірін біліп, шешім қабылдаудан қашқақтайтын да осындайлар

Рас, шенеунік, бір жағынан алып қарасаңыз, халықтың қызметшісі, екінші жағынан, сол халықты билеп отырған адам. Әрі құл, әрі би болудың ауыртпашылығы да бар шығар. Қарапайым халықтың алдына шыққанда қай қасиеті басым түссе, ресми тұлғаны солай қабылдайсыз. Өкінішке қарай, бар-жоғы бір үстелдің қожайыны ғана орташа дәрежедегі шенеуніктердің, әкім-қараның айналасында жүргендердің кейбірінің кәсіби біліктігіне күмәніміз бар. Тағдыр­лы таңдау жасарда халықтың талабына қарай тартпай, жоғарыға жалтақтап, табанының бүрі болмаған соң тайғанақтап тұратыны жасырын емес. Қызметке қолы жетсе, екі аяғын тең баса алмай сызданып қалғандардың ішінен жүзінен нұры тамғандарды жиі кездестірмейсіз. Тілшілік жөніммен жолымда талайы кездескен-ді. Сұхбаттаса келе, көбінің өресі төмен, қоғамға алары болса да, берері кем, өзіндік пікірі жоқ, қуыс кеуде екенін біліп талай рет қапалы болғанымыз бар. Соған қарап кейде мемлекеттік қызмет дарынсыздардың ортасы ма деп те қаласың. Халықтың ортасына барып, бетпе-бет жолығып, пікірін біліп, шешім қабылдаудан қашқақтайтын да осындайлар.

Шенеуніктер өздерінің ­ар-намыс кодексін жатқа біле ме, әлде жоқ па, хабарым аз. Өзіме келсем, ­коммунизм құрушылардың моральдық кодексін жатқа білмесем де, негізгі қағидаттарын жадымда қалдырғандардың бірімін. Оның бір себебі коммунизм құрушылар аса басын қатырмай, барша адамзатқа ортақ құндылықтарды қабыл алғанынан болар. Содан болар адам өмірінен ол құндылықтарды алып тастай алмайсыз. Әлі де ар-намыстың, адамгершіліктің таразысын сол қағидаттармен өлшеп келеміз.

Осыдан біраз жыл бұрын ­әл-Фарабидің мерейлі жылында оқымысты философтың еңбектерімен таныстық. Ойшылдың қайырымды қаланың тұрғындарына, оның бекзат басшыларына арналған жазбалары еріксіз еске түседі. Басшы көкірек көзі ояу, қиындықты жеңе білетін болу керек. Нәпсіге берік, рухы биік, намысты, батыр болуы қажет деп тұжырымдап: «Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан ­мінез-құлық болмаса, қарама-қарсы мінез-құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін. Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе – әдет, ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі және ұзақ уақыт қамтылуын айтамын. Мінез-құлықтың қалыптасу жол­дары өнер үйрену жолдары сияқты…» деп ел алдына шыққан адамның жауапкершілігінің ауыр, үнемі ізденіс жолында болу керектігін еске салады.

Егер осы негізді басшылыққа алсақ, онда мемлекеттік қызметшілерді тура жолдан тайдырмайтын нақты жолы, ұстанымы мен асыл мұраты, басқа сөзбен айтқанда, стандарты болуы тиіс қой. Бұл қалай сипатталған екен деп мемлекеттік қызметшілер туралы заңды ақтардық. Мін таппадық. Заң көзімен қарасақ, халыққа қалтқысыз қызмет ететін елдің нағыз патриоттары біздің шенеуніктер болуы тиіс. Әсіресе, 20 баптан тұратын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қыз­метшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы ережелер көңілден шықты. Сонда да біздің шенеуніктердің қызметіне неліктен айтарымыз көп? Жан-жағын жемқорлық, жершілдік, рушылдықпен қорғап, өз мүддесін қоғамнан биік қо­йып, мансабын жеке басының баюына, қызметін, абыройын асыруға пайдаланатын, адами да, Құдайдың да заңына қиғаш келсе де жазаланбайтын, байлық-ақша құлқынын тескен, қорыққанын сыйлайтын, жағымпаздық пен айлакерлікпен биліктің барлық сатысына өтіп, айдарынан жел ескендерді біле жүріп, тілімізді тістейміз. Неліктен?

Өзге елдің мемлекеттік қыз­метшілерінің тірлігі мен ­тыйымы қалай екен деп интернет «араладық». Жемқорлықты жеңген Сингапурдың мысалына қарап отырып, билік өкілдерінің ­ар-ожданы тиімді басқарудың кепілі болатынына көзіміз жетті. Сингапурдың мемлекеттік қызметі мемлекеттік қызметшілерге арналған адалдық, сатылмайтын және ашықтық қағидаттарына негізделген жоғары мінез-құлық стандарттарын белгілейтін әдеп кодексімен реттеледі екен.

Шенеуніктер сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері туралы ресми органға хабарлау­ға міндетті. Елдегі «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы» заң сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтары туралы хабарлаушының жеке басын қорғай алады. Мемлекеттік қыз­метшілерге жоғары жалақы төленеді, бірақ жеңілдіктер мен қосымша ынталандыру сыйақылар қарастырылмаған. Мемлекеттік қызметшілер жыл сайын кірістері мен шығыстары туралы есеп береді. Лауазымды тұлғаларға өздерімен іскерлік, әріптестік қатынаста тұрған адамдардан ақшалай немесе басқа түрдегі сыйлық алуға тыйым салынады. Сондай-ақ қызметші баратын, тойлайтын жерін анықтап алуы тиіс. Егер кіріптар ететін болса, мұндай отырыстардан аулақ жүргені дұрыс.

Бүгінде Transparency Inter­national мәліметі бойынша Швеция әлемдегі жемқорлығы жоғалған, шенеуніктердің мінсіз қызметімен сипатталатын елдердің басында тұр екен. Швецияда халқының табысы туралы декларация жоқ, өйткені барлық ақпаратты салық басқармасына қоңырау шалу арқылы алуға болады. Швецияның кез келген азаматы салық органына қоңырау шалып, шенеуніктің жеке нөмірін бере алады, оған табысы, мүлкі, қолда бар көліктері, тіпті оның қарыздары туралы ақпарат беріледі. Егер дамыған елдердің мемлекет басқарудағы тәжірибесіне қарап отырсақ, қызметшіні меритократия принципімен қабылдайды екен. Бұл лайықтардың билігі, яғни «клептократия» – ұрылар билігінің кері мағынасын білдіреді. Мұнда дарынды, қабілетті адамдарды кез келген әлеуметтік ортадан іздеп тауып билікке, мемлекеттік қызметке тартады.

Біз айтқан Сингапурдағы мемлекеттік қызметшінің дарындылығы мен қызмет сатысының ілгерілеу дәрежесі оның қызметін рейтингтік бағалаумен де анықталады екен. Сингапурдың мемлекеттік қызметіндегілердің барлығы халықтың қырағы нысанасында деуге болады. Ал олардың қай-қайсысы да жасы мен кәсіби және өмірлік тәжірибесіне қарамастан, кәрі-жас болсын, рейтинг барысында жоғары ұпай жинаса, элитаның алдыңғы қатарында жүріп, ірі ұйымдардың басшылығына тағайындалады.

 

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button