Басты ақпаратРуханият

Шераға шапағаты

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, республикаға еңбек сіңірген мәдениет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толды. Осы бір атаулы жылға орай республика көлемінде Шерағаңды еске алу шаралары өтіп, өскелең ұрпаққа қаламгердің өнегелі өмірі, кісілік болмысы кеңінен насихатталды. Сондай маңызы зор, мағынасы мол шараның бірі 21 желтоқсан күні ҚР Ұлттық музейінің ғылыми кітапханасында өтті.

Шерхан Мұртаза шығармашылығымен таныстыру, балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, оқушыларды кітап оқуға бейімдеу және оқу сауатын арттыру, шығармаларды талдай білуге, өз ойын еркін айтуға дағдыландыру мақсатында өткізілген бұл шараға Астана қаласының №65 мектеп-гимназиясы, І.Есенберлин атындағы №67 мектеп-гимназиясы, Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейі, №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі, «Білім-инновация» дарынды ұл-қыздарға арналған лицей-интернаты және мұғалімдері қатыс­ты. Олар «Мен оқыған шығарма» атты оқырмандар конференциясында жазушының «Ай мен Айша» романын талқылап, «Бір кем дүние» қойылымын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар өте сауатты талқы жүргізіп, Шерхан шығармаларының әр қырына талдау жасаған.

«Шерхан атамыз «Кітап бала сияқты. Ол сенің мұрагерің деседі кейбіреулер. Білмеймін. Кейін кітаптарым бала бола ма?» деп бір кем дүние туралы толғанған екен. Оқушылардың Шерхан атамыздың «Ай мен Айша» шығармасының тілін, ке­йіпкерлер мінезін жан-жақты талдап, өз ойын ортаға салып, әсерімен бөліскенін көріп, сол бір кем дүние­нің орны толғандай қуандым. Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі ол қандай жоғары білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» деген екен. Осы оқушылардай әдебиетті сүйіп оқитын жастарымыз міндетті түрде ана тілін сүйетін толық мәнді интеллигент болып өсетініне кәміл сенемін» деді шараны ұйымдастырушылардың бірі, ҚР Ұлттық музейінің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Майра Ермекбаева.

Шерхан ­Мұртаза – қазақ прозасында өзіндік стилін, өз мектебін қалыптас­тырған санаулы қаламгердің бірі. Оның қаламынан, сүбелі романдардан бөлек, адами құндылықтар мен жалпыадамзаттық мәселелерді көтеретін бірнеше әңгіме де туған

Сонымен қатар бұл шарада Шерхан туралы шағын көрме өтті. Көрмеде жазушының іссапардағы фотосуреттері, өзі қолданған заттары мен құнды дүниелер салынған портфелі көрсетілді.

Шерхан Мұртаза – қазақ прозасында өзіндік стилін, өз мектебін қалыптастыр­ған санаулы қаламгердің бірі. Оның қаламынан, сүбелі романдардан бөлек, адами құндылықтар мен жалпыадамзаттық мәселелерді көтеретін бірнеше әңгіме де туған. Өзі өмір сүрген дәуірдің сан қатпарлы бейнесін көрегендікпен тани білген жазушы қай шығармасында болсын ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді ешқашан қаламынан қағыс қалдырған жоқ. Жазушы Шерхан Мұртазаның тағы бір ерекшелігі – шығармаларында адам мен табиғатты астастыра суреттеп, сол арқылы адам жанының ең нәзік тұстарын танытады. Оның әңгімелеріндегі қандай мәселе болсын, жазушының өткір көзқарасы мен өжет болмысынан хабар береді. Бұл жөнінде белгілі жазушы Дулат Исабеков «Шерхан Мұртаза – қазақ әдебиетінің көгінде жарқырай біткен айрықша жарық жұлдыздың бірі. Ол халқына саф алтындай таза да құнды шығармалар беруімен ғана қадірлі емес, азаматтық, ұлтжандылық зор дауысымен де қастерлі. Шынайы суреткерлік пен азаматтық қасиет барлық жақсы жазушыға тән емес, екі қасиетті қатар алып жүру екінің бірінің маңда­йына жазбаған. Жаратушы осындай ірі қасиеттерді бір пендесіне тек сүйгендігінен емес, сенгендігінен сыйласа керек» деп баға берген болатын.

Айта кейік, жазушының 90 жылдығына орай қараша айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Шерхан Мұртаза атындағы аудитория, Жамбыл облысы Жуалы ауданында әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылған еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button