Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Шет аймақтар мәселесі – күн тәртібінде

1999 жылы жаңа елорда әкімдігі «Шет аймақ» бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Осы жылдар ішінде қалалық әкімдік елордалық шет аймақтарды дамыту бойынша жұмыс істеп келеді. Арада өткен ширек ғасырдан астам уақытта елордамыздың шет аймақтары қалай дамыды? Олардағы өзгерістер туралы төмендегі материалдан оқыңыздар.

Биылғы жаздың басында Астанада ескі аудандарды жаңғырту ісі қолға алынды. Осы бағытта алдымен Байқоңыр ауданының орталық бөлігіндегі 240 гектар жерді қамтитын аумақ жаңартылады. Бағдарлама бойынша инвесторлар тартылып, жұмысты іске асыруға кірісті. Ірі құрылыс салушылармен келісімге қол жеткізілді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қаланың орталық бөлігімен бірге шет аймақтар да дамитын болады, бұл елорданың ескі бөлігі келбетінің өзгеруіне әкеледі.
Астанада 16 тұрғын алап бар. Онда елорда халқының төрттен бірінен астамы тұрады. Айта кетейік, 2010 жылы қаланың тұрғын алаптарын дамыту мақсатында Астана қаласының шет аймақтарын дамыту Тұжырымдамасы қабылданды. Оған сәйкес, 2011 жылдан 2022 жылға дейін жолдар мен инженерлік желілер салынды, оның ішінде 2019 жылдан 2022 жылға дейін Көктал-1, 2, Комсомол, Интернациональный, Достық, оңтүстік-шығыс шағын ауданының сол жағында инженерлік желілер салу жұмыстары жүргізілді. Соңғы төрт жылда орташа жөндеу шеңберінде жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын 237 көше жөнделді. Ағымдағы жылы 6 тұрғын алапта 7 жобаны іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
«Агроқалашық» тұрғын алабы
Бұған дейін Астананың шетіндегі тұрғын аудандарды сапалы сумен және жылумен қамтамасыз етуге байланысты проблемалар жиі көтерілген еді. Осы уақыт ішінде бұл мәселелердің барлығын шешуге болатыны белгілі болды. Тілендиев даңғылын жалғастырып жатқан Бөгенбай батыр даңғылымен жүріп келе жатып, қалың ағаштар көзге түседі. Сарыарқа ауданының шеті осы жерден басталады.
«Агроқалашық» тұрғын алабының жалпы аумағы 970 гектарды құрайды, онда барлығы 67 000 адам өмір сүріп жатыр. Олардың 4 200 жекеменшік және 115 көппәтерлі үйлерде тұрады. Тұрғын алаптың тарихы 1980-жылдардан басталады. Сол кезде қаланы дамытудың бас жоспары өнеркәсіпті нығайтуға ғана емес, сонымен қатар қалалық кешендерді дамытуға және жеке құрылысқа бағытталған болатын. 1986 жылғы Бас жоспардың арқасында Целиноградта Молодежный, Агроқалашық, Заводской, Западный шағын аудандары пайда болды. Келесі жылы Есіл арнасы бойындағы Целиноград қаласының батыс және шығыс шеттерінде саяжайлар бой көтеріп, қала жалпы теміржол бойымен дамыды.
Газ құбырлары соңғы жылдардағы ерекшеліктердің бірі деуге болады. «Агроқалашыққа» көгілдір отын 2021 жылы келді, бұл адамдардың өмірін жайлы әрі жеңіл ете түсті. Бұл ретте газға қосылу үшін техникалық шарттарды алу процедурасы жеңілдетілгенін – қажетті құжаттар тізімі сегізден төртке дейін қысқарғанын атап өту маңызды. Бұдан басқа, абоненттерге газды есепке алудың тегін құралдары ұсынылады, сондай-ақ 1,5 жылға 750 мың теңгеге дейінгі сомаға бөліп төлеу және пайызсыз кредиттеу қарастырылды. Тұрғындарды газбен жабдықтауға қосу мақсатында Астаналық АГШ және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен ынтымақтастықта ақпараттық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Өткен уақыт ішінде жеті секторда 5 жиын ұйымдастырылып, 200 абоненттің үйіне газ тартылды.
Мердігерлік ұйымдар тұрғын үй алабында орналасқан бес әлеуметтік сала объектілеріне газбен жабдықтау желілерін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта газбен жабдықтауға 6 нысан қосылған. Бүгінде «Агроқалашық» тұрғын алабында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 306 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2023 жылы 13 объектіге 52 бейнебақылау камерасы орнатылды, бұл аудандағы қауіпсіздікке оң әсер етті.
Бүгінгі таңда тұрғын алаптың 97 көшесінің 89-ы жарықтандырылды. 2019 жылдан 2023 жылға дейін тұрғын алаптың 46 көшесі мен тұйық көшелерінде қосымша тіректер мен шамдар орнатыла отырып жарықтандыру жүргізілді, онда бұрын жарықтандыру толық болмаған. Осылайша, жоғарыда аталған жұмыстар аясында 330 тірек және 505 жарықдиодты шамдар орнатылды.
«Кирпичный» тұрғын алабы
Бүгінде бұл тұрғын алабында аулаішілік аумақтарды абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жалпы, жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарықтандыру, апатты тұрғын үйлерді бұзу, жол салу, жылы аялдамалар орнату, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, автобус маршруттарын іске қосу, жаңа әлеуметтік нысандар салу проблемалары бітер емес. Бұл мәселелер тұрақты негізде шешіліп келеді, бірақ елорда мен оның халқы өскен сайын аудан әкімдіктерінің алдындағы міндеттер де жаңара береді. Мысалы, мектеп құрылысы туралы айтар болсақ, тұрғын алапта негізінен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, азаматтардың әлеуметтік осал санаттары тұрады, олардың арасында жұмыссыздар, мүгедектер және халықтың өзге де әлеуметтік қорғалмаған топтары көп. Мұнда бұрын 1966 жылы салынған №12 орта мектеп-кешені бұзылған. Ғимарат апатты деп танылып, 2021 жылы қиратылды. Сонымен бірге осы мемлекеттік мекеменің ішінде орналасқан бюджеттік балабақша да жұмысын тоқтатты. 2022 жылы балабақша құрылысы жеке инвесторға тапсырылды және маусым айында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бірақ 2023 жылдың мамырында құрылыс технологиясының бұзылуына байланысты ғимараттың төбесі құлап, жұмыс тоқтатылды. Тексеру жүргізіліп, нәтижесінде ол жобалау-сметалық құжаттаманың, сараптамалық қорытындының, техникалық және авторлық қадағалау құжаттарының жоқтығын анықтады. Біраз уақыттан кейін мектептегі құрылыс жұмыстары аяқталды.
«Нұрбесік» тұрғын алабы
Үкіметтің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысына байланыс­ты «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілгеннен кейін «Нұрбесік» шағын ауданның тарихы басталды. Бағдарламаның мақсаты – этникалық қазақтарды, Қазақстанға оралғысы келген елдің бұрынғы азаматтарын және өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы мүддесінде ішкі көшіп- қонушыларды ұтымды, ерікті түрде қоныстандыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу болды. «Нұрбесік» шағын ауданында  4 аялдама кешені, оның 1-і жабық үлгідегі аялдама орнатылды. Аялдама белгілерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Тұрғын үй кешенінен басқа, бөлінген жер учаскесінде балабақша, әкімшілік, сауықтыру-ойын-сауық орталықтары, мешіт және қонақ үй салу жоспарланған болатын. Алайда 2011 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы жабылды. Содан кейін жобаның қалған бөлігін жергілікті тұрғындар өз бетінше жүзеге асыруға мәжбүр болды. Осы мәселелерді шешу үшін олар әртүрлі мемлекеттік органдарға жүгінді.
– Біз қаланың қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбекке проблемамызды шешуге көмектескені үшін алғыс білдіргіміз келеді. Бүгінде біз әр үйді жекеменшікке өткізу үшін құжаттар жинап, сол құжаттарды ресімдеумен айналысудамыз. Қала әкімдігі әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты кейбір мәселелерді шешуге көмектесті, – деді жергілікті тұрғындар. Дегенмен, олардың мұндағы кәріз,
электр желісі, тротуарлар және т.б. туралы әлі де ескертпелері жоқ емес.
– Біздің шағын ауданды абаттандыру жұмыстары, өкінішке қарай, ұзаққа созылды, іс жүргізу, қағазбастылық болған жоқ. Бірақ әкімдіктің арқасында мәселе біртіндеп шешілуде. Біз, қарт адамдар, күні бойы үйде болғандықтан, айналамыздағы өзгерістерді көзбен көріп отырамыз. Бұрынғыдай емес, ілгерілеу бар, бірте-бірте жолдарға асфальт төселіп, тротуарлар, көшелерде шамдар пайда болды. Бұл тұрғын алапта негізінен, отбасылы адамдар тұрады, олардың әрбірінің үйінде кемінде екі-үштен балалары бар. Оларға жағдай жасау керек, – деді жергілікті тұрғын.
«Нұрбесік» шағын ауданында 1000-нан астам адам тұрады. 14 көшеде 204 үй орналасқан, учаскенің ауданы 13,0176 га құрайды. Сарыарқа ауданы әкімдігінің мәліметінше, шағын ауданның барлық 14 көшесі асфальтталған. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы «Нұрбесік» шағын ауданына іргелес жолдарды қамти отырып, Басықара батыр көшесін ретке келтірді. 78 жарықтандыру тіректері мен 78 жарықдиодты шамдарды орнату жұмыстары аяқталды. Жаяу жүргіншілер өткелдері де, жолдарда ескерту белгілері де орнатылды. Аудан әкімдігі балаларға жаңа алаңдар және футбол алаңын орнатып берді. Олар бос уақыттарының басым бөлігін осында өткізеді.
– Ересектерге арналған орындықтары бар гүлзарлар жетіспейді, олар да осы жерде отырып, немерелерімен бірге жүргісі келеді, – деді тұрғындар.
«Үркер» тұрғын  алабы
«Үркер» тұрғын алабындағы барлық жол-көлік инфрақұрылымы мен тіршілікті қамтамасыз ету желілерінің құрылысымен қаланың Отын-энергетикалық кешені мен Коммуналдық шаруа­шылық басқармасы айналысады. Жобалау жұмыстары 2008 жылы басталып, келесі жылы аяқталады. «Үркер» тұрғын алабын дамыту төрт кезекке бөлінген. Бүгінде тұрғын алапта сумен жабдықтау желілері 100%-ға қосылған. Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін кәріз желілері бойынша да осындай көрсеткішке қол жеткізілді.
– Жыл басынан бері мердігер ұйым кәріз желілерінде 250-ге жуық ақауды анықтады. Жарықтандыру желілері бойынша да жұмыстар аяқталуда. Ағымдағы жылы жоба бойынша жоспарланған 63 шақырым электрмен жабдықтау желілерінің соңғы 15 шақырымы салынды. Сонымен қатар, тұрғын алапта электрмен жабдықтаудың резервтік желілерін жобаланды. Егер тиісті қаржыландыру болса, келесі жылы біз тұрғын алапты дамытудың маңызды бөлігіне – жеке секторды газдандыруға кірісеміз. Бүгінгі күні жеткізуші газ құбырының құрылысы аяқталып, екі газ реттеу пункті орнатылды. Ағымдағы жылы тұрғын алап маңындағы санитарлық аймақпен КОС-2 құрылысын бастау жоспарланғанын атап өткім келеді, алайда қала әкімінің шешімімен тұрғындармен диалог барысында жобаның құрылысы тоқтатылып, орынды ауыстыру мәселесі қаралуда, – деді аудан әкімдігінде.
Биыл Үркер тұрғын алабында бес көшенің, атап айтсақ, Исатай батыр, Есет батыр, Сырым батыр, Айғыржал, Жантай батыр көшелерінің жөндеу жұмыстары аяқталды. 45 000 шаршы метр аумақты алып жатқан 27 көшеде тротуар салынды. 2024 жылы 60 000 шаршы метрді құрайтын 17 көшеде қалдық тротуарлардың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысты азайту үшін тұрғындардың өтініші бойынша 66 бейне бақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ көлік ағыны мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін келесі жылы тұрғын алабының жаңартылған қиылыстарында 8 бағдаршам объектісін орнату жоспарлануда.
«Пригородный» тұрғын алабы
Биыл «Пригородный» тұрғын алабында біршама жұмыс жүргізілді. Тұрғындардың өтініші бойынша Жаңадария мен Арнасай көшелерінің қиылысында бағдаршам орнатылды. Тұрғын алапқа кірген кезде контейнерлік алаңдарды көруге болады. Төрт мекенжайға бейнебақылау камералары ілінді. Тұрғындардың өтініші бойынша №51 автобустың «Аспан» спорттық-сауықтыру кешеніне дейінгі бағыты ұзартылды. №24 мектепте төсеніштер ауыстырылды. Сондай-ақ ағымдағы жылы саяжай қауымдастықтарында бес негізгі көшені жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2022 жылы «Пригородный» тұрғын алабындағы Жаңадария, 115, 126А көшелеріндегі қоғамдық кеңістіктер абаттандырылған болатын. Биыл барлық тұрғын алаптарда қоғамдық кеңістіктерді кешенді абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Арнасай көшесіндегі саябақты күрделі жөндеуге кіріспекші. Әрбір тұрғын алапқа санитарлық тазалау бойынша мердігерлік ұйымдар бекітілген. Бұл іске  40 бірлік арнайы техника, 38 жол жұмысшысы жұмылдырылған.
Ағымдағы жылы «Пригородный» мен «Тельманға» 700-ге жуық ағаш отырғызылды. Барлық тұрғын алаптарда тағы 500 жасыл желек отырғызу жоспарлануда. 2023 жылы «Пригородный» тұрғын алабындағы Е697 көшесінде «Аспан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне дейінгі көше жарықтандырылды.
Дайындаған 
Айгүл АЛЬЖАКСИНА,
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button