Білім

ШЕТ ТІЛІН ҮЙРЕНГІҢІЗ КЕЛСЕ…

phrasebooks630x354

Есімі әлемге танылған полиглоттардың бірі – венгриялық Като Ломб еді. 16 тілде еркін сөйлеген аудармашының қабілеттері таңдай қағарлық. Өйткені, ол шет тілдерінің көбін өз бетінше меңгеріпті. Тіл үйренуге қатысты Като Ломбтың қысқа да нұсқа кеңестерін оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Тіл үйренгіңіз келсе, күнделікті жаттығу керек. Әсіресе, таңғы уақытта. Уақытыңыз тапшы болса, кем дегенде 10 минутыңызды қиыңыз.

Құлшынысыңыз бәсеңдесе, зеріктірмейтін тәсіл іздеңіз. Бір мезгіл кітабыңызды қойып, сол тілде музыка тыңдауды, кино көруді әдетке айналдырыңыз. Бірақ оқу мен демалыс арасындағы үзіліс ұзаққа созылып, сабағыңызды тастап кетпеңіз.

Сөздерді бір-бірлеп емес, бірден мәтін ішіндегі сөз тіркесін, сөйлемді жаттауға тырысыңыз.

Іштей бәрін аударып жүріңіз. Көшедегі жарнама, әннің сөзі, газеттегі мақала, кездейсоқ естілген диалог, тағы да басқасын.

Мәтіннің қатесіз екеніне көз жеткізіп барып жаттауға кірісу керек.

Фразеологиялық тіркестерді, қанатты сөздерді қойын дәптеріңізге түртіп қойыңыз.

Шет тілі – берік қамал. Оны жаулаймын десеңіз, сол тілде кино көру, кітап оқу, интернет сайттарындағы жаңалықтарды шолу, тілді білетін адамдармен әңгімелесу  сынды жан-жақты ізденіс қажет.

Қателесуден қысылмаңыз. Керісінше білетіндерден сізді түзетуін сұраңыз.

Мақсатқа жетемін деген берік сенімде болыңыз. «Жасымайтын күш-жігер, тіл меңгеруге деген ерекше қабілетім бар» деп ойлаудан жалықпаңыз.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button