Денсаулық

Шетел азаматтары медициналық тексеруден қалай өту керек?

Нұр-Сұлтан қаласының №1 қалалық емханасында шетелдік азаматтарға 028-У нысанындағы «Шетелдіктің, көшіп-қонушының, еңбекші көшіп-қонушының Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат немесе азаматтығын алу үшін денсаулық жағдайы туралы қорытынды» анықтамасын алу үшін медициналық тексеруден өтуге болады. Бұл анықтама еліміздің аумағында уақытша тұруға және еркін жүріп-тұруға рұқсат алу мақсатында, сондай-ақ ҚР азаматтығын алуға ниет білдіргендер үшін ресімделеді.

[smartslider3 slider=3375]

 

Елордада шетелдік азаматтардың ағыны және Ресейден көшіп-келу белсенділігі байқалуда және бүгінде олардың денсаулығы туралы ақпарат беруінің мәселесі өзекті болып қала бермек. Көптеген шетелдік азаматтар елордаға турист ретінде, ал кейбіреулері мұнда жұмыс іздеп келуде. Олардың барлығы міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет.

Нұр-сұлтан қ. №1 қалалық емханасының ақылы қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Г.Е. Туралинова: «Біздің емхана шетелдік азаматтарға медициналық куәландыру нәтижелерін беретін медициналық ұйымдар арасында алғашқылардың бірі болып бекітілді. Медициналық куәландыру ерікті түрде және ақылы негізде қамтамасыз етіледі. Азаматтардың мақсаттары әртүрлі және міндетті түрде еңбек қызметімен байланысты болмауы мүмкін. Біздің мекемеде пациенттерді қабылдау дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8.00-ден 16.00-ге дейін жүргізіледі. Ал анықтаманың құны 3 700 теңгені құрайды. Әдетте, басқа медициналық ұйымдардағы шығындар өз қалауы бойынша белгіленеді және біздің құнымыздан асып кетуі мүмкін», дейді.

Медициналық куәландыру рәсімі күрделі тексеру емес және маман дәрігерлердің (терапевт, фтизиатр, дерматовенеролог, психиатр-нарколог, инфекционист дәрігері) тексеруін және айналадағылар үшін инфекциялық аурулардың, оның ішінде АИТВ инфекциясының, нашақорлық пен туберкулездің қауіптілігін болдырмау үшін белгілі бір медициналық зерттеулерді қамтиды.

Шетелдік тұлғаға жүгіну кезде төлқұжат (ЖСН), көші-қон картасын немесе жұмысқа рұқсат қағазын ұсыну қажет. Емхананың тіркеу орнында пациенттің медициналық картасы толтырылады және медициналық комиссиядан өтуге медициналық бланк беріледі. Анықтама 1 күнтізбелік ай бойы жарамды. Толық ақпарат және жазылу үшін Нұр-Сұлтан қаласының №1 қалалық емханасының CALL орталығына хабарласуға болады – (8 7172) 39 99 78.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button