Шетел азаматы алғысын білдірді
Шетел азаматы қызын табуға көмектескен Ұлттық ұланның қызметкерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын тамашалауға келіп, қызын жоғалтып алған Түрік елінің азаматына көмектесті.
Оқиға 8 қыркүйекте этноауыл қалашығында болған. Кіші сержант Рауан Иманбердиев пен ефрейтор Нұрдос Манас қараусыз қалған, жылап тұрған қызды байқап қалды. Дереу ата-анасына іздеу салған әскери қызметшілер көп ұзамай қыз баланың әкесін тапты. Балақайдың сөзі мен реакциясынан осы азаматтың оның әкесі екеніне көз жеткізген соң, қызын оған табыстады.
Айта кетсек, 8-13 қыркүйек аралығында өткізіліп жатқан ауқымды іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты назарда. Ішкі істер органдары қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтардың тыныштығын сақтау мақсатында күшейтілген режимде қызмет етіп жатыр.