Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Шетел полициясы туралы не білеміз?

Күні кеше әлеуметтік желіде әріптесіміз үйіне ұры түскенін, содан бері тоғыз сағат өтсе де, бірде-бір полицейдің келмегенін жазды. Әрине, соңғы он жыл ішінде бесінші мәрте тоналып отырған оның жанайқайын түсінуге болады. Біздің елде мұндай қылмыстың дер кезінде ашылмауы өз алдына, қарапайым әдептен жұрдай тәртіп сақшыларының дөрекілігі алдымен жиі сыналады.

Мәселен, 20 қазан күні тыйым салынған жерді кесіп өткені үшін астаналық келіншекті екі полиция қызметкерінің күштеп қызметтік көліктеріне мінгізгені туралы видео көпшіліктің ашуын тудырды. Ал басқа жағдайларда құқық қорғаушылардың қызметіне мұқтаж жәбірленушілердің полиция бөлімшесіне барғанда еститіні «Телефоныңыз бәрібір табылмайды», «Өзің кінәлісің» немесе «Арыз жазып қайтесің?» деген жаттанды сөз. Мұның бәрі құқық қорғау органдарына деген селкеу сенімді одан сайын әлсіретіп, олардың беделін түсіретіні белгілі.
Хош. Елбасы Жолдауынан кейін ел назары – құқық қорғау саласында. Қазір көпшілік «полиция қызметкерлері енді қалай өзгереді?» деп елеңдеп отырғаны анық. Осы ретте «Шетелдің полиция қызметкерлері қандай?» деген ойдың қылаң беретіні рас. Ендеше бірнеше жылдан бері шетелде тұратын немесе көшіп келген отандастарымыздың шетел полициясымен бетпе-бет келген кездегі жағдайын жазғанды жөн көрдік.

Түркия: мотоцикл ұсынған сақшы

Шардара өңірінің тумасы Исатай Бердалиев үш жарым жылдан бері отбасымен Түркияның Конья қаласында тұрады. Алғаш оқуға түскен жылы Қазақстаннан барған үш жігіт Стамбулдың үлкен көшесінде адасып, діттеген мекенді таппай қиналған екен.
«Ең алдымен іздеген мекенжайды өткен-кеткен жұрттан сұрастырдық. Нәтиже болмады. Полиция қызметкерлерінен сұрау­ға қорықтық. Несін жасырайық, біздің елдегідей қамап тастайтын шығар деп ойладық. Бірақ онымыз бекер болып шықты. Бізге жолыққан тәртіп сақшысы өз көлігіне отырғызып алып, бір сағаттық жерге тегін жеткізіп тастады. Алғашында таңғалдық. Кейіннен қандай жағдай орын алса да, алдымен құқық қорғау қызметкерін іздейтін болдық. Жуырда Коньяда қызық жағдай болды. Түрік досым дүкенге кіріп кеткенде, есік алдына қойып кеткен мотоциклін ұрылар мініп кетіпті. Дереу полицияға хабарлады. Дәл осы сәтте күтпеген жағдай болды. Полиция өзімен бірге әкелген мотоциклін көлік табылғанша уақытша пайдалана тұруды ұсынды. Шағым қабылданғаннан кейін міндетті түрде табылатынын сенімді түрде жеткізді. Менің полицияға деген көзқарасым осыдан бастап өзгерді.
Ал өткен жылы бір ай демалыс алып, елге қайттым. Тараздың әуежайынан түскеннен кейін жолшыбай полиция қызметкерінен жөн сұрай салғаным сол, өзіме бәле болып жабысты. «Қайдан келесің?», «Балаларыңның құжаттары бар ма?», «Мына сөмкеңнің ішінде не бар?» деп екі қол жүгімді алып, бермей қойды. Себебін сұрасам, бөлімшеге барғанда түсіндіретінін айтты. Ағалап жүріп әрең алғанымды ұмытпаймын. Содан бері Қазақстанға келгенде олардан мүмкіндігінше алыс жүруге тырысатынымды жасырмаймын» дейді күліп.

Мысыр: халық қамқоршы көреді

«Мен Мысырда бес жарым жыл тұрып келдім. Ол елде билік жү­йесі әскери болғандықтан, полиция қызметкерлері өте көп. Әр көшенің бойында, қоғамдық орындарда қаптап жүреді. Кез келген қажеттілік туындағанда, еркін көмек сұрай аласың. Қолыңнан жетектеп жүріп жол тауып беруге дайын. Олардың ең жақсы қасиеті – қарапайым халықпен жұмыс істеуге әбден машықтанған. Әсіресе, шетелдік азаматтарға көп жағдайда жұмсақтық танытады. Араб тілін жақсы меңгергендіктен кейде әзілдесетінмін. Әзіліме әзілмен жауап беріп, таңғалдырғандары бар. Өздеріңізге белгілі, Мысырда бағдаршам болмайды. Әр көшенің бойында немесе қиылысында полиция қызметкерлері көлік ағынын қолымен реттеп тұрады. Соған қарамастан, бірде-бір көлік апаты болып жатқанын көрмейсің. Біздің елде бағдаршам, бейнекамера тұрса да, көлік апатынан келетін кісі өлімі көп қой. Мүмкін, бар мәселе азаматтардың өзінде шығар» дейді Жалғас Асхатұлы.
Бүгінде елге келіп, Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып жұмыс істейтін Жалғас Мысырда талай рет жалға көлік алып, басқа қалаларға сапар шеккенін айтады. «Әр бекет сайын тәртіп сақшылары тұрады. Дегенмен полицейлердің себепсіз тоқтатып, құжат сұрағанын көрмедім. Халықтың полицияға деген құрметі ерекше. Шынын айтқанда, қамқоршы көреді. Ал қоғамдық көліктерге билетсіз мініп немесе қоғамдық орындарда тәртіпсіздік жасасаң, әрине, жұмсақтық күтпейсің» дейді ол.

Ұлыбритания: ұсақ-­түйекке мән береді

Ару Сағи есімді келіншек Анг­лияда болған оқиғасын әңгімелеп берді. Үш баласы бар ана қызын мектептен алу үшін кішкентай ұлын жетектеп сыртқа шығады. Мектеп ауласына жақындағанда ұлы ойнағысы келетінін айтады. Ауласы әйбат ойын алаңында басқа да әйелдер балаларын ойнатып жүр. Ойында ештеңе жоқ, баласын әткеншекке отырғызып, өзі жолдың қарама-қарсы бетіндегі мектепке бес минутқа кетіп қалады.
«Мектептен үлкен қызымды алып келсем, алдымда төрт полиция қызметкері тұр. Сөйтсем, оларға менің үстімнен шағым түсіпті. «Баласын жалғыз тастап кетті» деп қоңырау шалған ғой. Сонымен не керек, ресми түрде мені «әлеуметтік қызметтің» тізіміне алды. Ол дегеніңіз, сіздің қара тізімде екеніңізді білдіреді. Яғни ереже бойынша сіз бақылаудасыз. Полицейлер кез келген күні үйіңе келіп, балалармен қандай қарым-қатынаста екеніңді тексере алады. Олар сенің балаларға айқайлап немесе шапалақпен тартып жіберген сәтіңнің үстінен түссе, жағдайың одан сайын қиындайды. Мұның соңы «балаларға қауіпті» деген айыппен ата-ана құқынан айырумен аяқталуы мүмкін.
Жаңағы жағдайдан кейін, шынын айтқанда, аздап абыржыдым. Өйткені Қазақстанда көлік апатын жасағанда, телефонымды ұрлатып алғанда полицейлердің қалай жұмыс істегенін білемін ғой.
Көп ұзамай көптен күткен по­­ли­цейлерім үйге келді. Өзде­рімен бірге учаскеге барып, жасаған әрекетімнің қаншалықты дұрыс-бұрыстығын тыңдау үшін лекция тыңдап, сұхбаттан өтуімді сұрады. Қолайлы болу мақсатында қалаған күні қалаған уақытта арнайы көлікпен алып кететінін және қайтадан әкеп тастайтынын айтты. Қаласам, тегін аудармашы қызметі мен адвокат ұсынады екен. Бір жағынан, олардың жұмыс істеу жүйесін білгім келіп, айтқан талаптарына келістім» дейді ол.

БАӘ: іздесең де таппайсың

Салтанат Баймағанбетова – Дубай қаласындағы байланыс компаниясының қызметкері. Айтуынша, біздегідей патрульдік көліктер мен полицияны көшеде көрмейсің. Аталмыш елде заң өте қатал. Сондықтан тұрғындар ешқандай құқық бұзушылыққа бармайды.
«Қала ең «ақылды» инновация­лық технологиялармен жабдық­талған. Шаһардың әр бұрышы мен қуысында – соңғы үлгідегі бейнекамералар. Іздеуде жүрген адамды «ақылды» камералардың көмегімен бір минутта тауып алады. Полицейлік – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Полиция мен әскери қызметкерлерді тек әуежайдан және мемлекеттік мекемелерден ғана көресің. Заң өте қатал. Айып­пұлдың бағасы да өте жоғары. Содан болар, ешкім артық қадамға барғысы келмейді. Бұл заңды сырттан келгендердің өзі қатаң сақтайды. Көше тыныш. Қауіпсіз. Кез келген адам өзін жайлы сезінеді» дейді кейіпкеріміз.

Біз неге аулақ жүреміз?

Менің де студенттік кездегі басымнан өткен оқиғам есіме түсіп кетті. Кешкісін бір топ студент жатақханаға қайтып келе жатқанбыз. Кенет алдымыздан екі-үш полиция қызметкері кездесті. Біздің көргеннен «Әй, сен түрік, бізбен бірге жүр» деді олар арамыздағы шетел азаматы Седат Солакоғұлына дөрекелік танытып. Шамасы, түр-тұрпатына қарап, оның жергілікті азамат емес екенін бірден аңғарса керек. Дәл сол күні Түркиядан келген қазақ бауырымыз Седаттың домбырамен тартқан күйлерін тыңдап, рухани кештен шыққан едік. Шет елден келсе де, қазақтың ұлттық аспабы –домбыраның танылуына үлес қосып жүрген өнер факультетінің студенті Седаттың қазақ екенін айтып, арқасына асынып алған домбырасын көрсетіп, өзімізше шыр-пыр болдық. Курс­тасым Ғылымғазы Төлегенұлы «Седаттың алдында ұятқа қалдық-ау» деп, полицейлерді оңаша шақырып әкетіп, әйтеуір «тілін» тапты-ау…
Содан бері қанша жыл өтсе де, бұл полицейлер өзгерді дей алмаймыз. Замандастарымыз полиция қызметкерлерімен белгілі бір мәселеде бетпе-бет келмесе, көшеде тұрса айналып өткенді құп көреді. Тіпті жолшыбай көлікке міну қажет болып жатса, полицей тұрған жерге такси тоқтамайтыны қандай өкінішті?!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button