Білім

ШЕТЕЛ ТІЛДЕРІ ПӘНДЕРІНІҢ ОНКҮНДІГІ

Біздің мектеп-гимназияда қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын, француз, неміс тілдері оқытылады. Оқушылар осы тілдерде өз ойларын еркін жеткізумен бірге әртүрлі тақырыптарда пікір таластырып, ән де  айтады. «Тіл – ойдың бейнесі» тақырыбында мектебімізде өткен шетел тілдері пәндерінің онкүндігі барысында оған анық көз жеткіздік. 

Оқушылардың ағылшын, француз, неміс тілдеріндегі өз білімдерін жи­нақ­тап, көрсетуіне, сондай-ақ, олар­дың шетел тілдеріне деген қызығу­­­шылығын арттыру мақсатында ұйым­дас­тырылған осы шараны өткізуге алдын ала жоспар құрылды. Іс-шараны жүргізу барысында сахна безендіріліп, әдеби кітаптар мен оқушылардың шы­ғар­ма­шылық жұмыстарынан көрме ұйым­дастырылды. Тақырыпқа сай стендтер жасалынып, қанатты сөз­дер жа­зылып, слайдтар көрсетілді. Ағылшын тілі пәні ерте жастан бастап оқытылатын болғандықтан, сол пәннің мұғалімдеріне салмақ көбіректеу түсті. Оқушылар өздерінің ерте жас-тан бастап ағылшын тілін оқып қана қоймай, оны жақсы меңгергендіктерін «Сinderella, Three bears, Magic lake, Alice in Wonderland 6The Wind and the Sun» қойылымдарын қою барысында байқатты.

Француз тілі күнінде оқушылар Франция елінің туы түстес галстуктер тағып, сол тілде ән айтып, би билеп, сахналық қойылымдар көрсетті.

Неміс тілі күні оқушылар неміс биін билеп, сол тілде құстар әнін сайратты. Кеш «Immer scheine die Sonne» әнімен аяқталды. Бұл ретте А.Жексенбаева, Д.Ахметова, И.Әбдіқалықова, Н.Жақыпбекова, Ж.Жолымбетова, С.Айдарбекова, А.Кубекова, Г.Тоқмурзина, К.Бердакова, Г.Жүкенова сынды ұстаздардың еңбегі ерекше.

Жалпы, онкүндікті өткізуде қойған мақсатымызға жеттік. Оған жеткіншектердің пікірлері дәлел. Мәселен, мектебіміздің 9-сынып оқушысы Бейімбет Молдағали шетел тілдерінің онкүндігі өзіне қатты ұнағанын, әсіресе, сыныптас досы Әлфараби Аймақов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде орындағанда, көпшіліктің бір серпілгенін жасырмады. «Шетел тілдерін босқа оқып жатпағанымызға көзіміз жетті. Шара барысында тақпақтарды, қойылымдарды жақсы түсініп, сол елдердің дәстүрін, тарихын білетінімізді мақтанышпен айта аламын», – деді Бейімбет. Ал, неміс тілін 2-сыныптан бастап оқитын 4 «г» сыныбының оқушылары болса, осы тілдің өздеріне ұнайтынын, мереке барысында жақсы өнер көрсетіп, «Der Zirkus kommt және Der Wolf und die Hexe» қойылымдарын қойғандары үшін мақтау қағазымен марапатталғандарын айтты. Шара барысында Камила Нұрмағанбетова, Іңкәр Қажыбек, Райхан Балтабай, Аружан Нұрулла, Бейімбет Молдағали, Іңкәр Елен, Серік Рахымқұлов, Айым Есімсейітова да ерекше көзге түсті.

Елбасы айтқандай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін балалар үш тілді меңгеруі керек. Сондықтан, алдағы уақытта бірлестік басшысы Салтанат Айдарбекованың жетекшілігімен мұндай шаралар жалғасын табады деген үміттеміз.

Камалхан ТОҚТАҒАЗИНА,
Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы неміс тілі пәнінің мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button