ШЕТЕЛДЕ СЫНАҚТАН ӨТТІ
Елордалық бес медицина қызметкері Таллин, Хельсинки және Тарту қалаларының медицина мекемелерінде он күндік сынақтан өтіп келді.
Олар дағдарыстық орталықтар мен хоспистегі мейірбикелердің күтіп-бағуы бойынша ауруханалардың ұйымдастыру жұмысын, сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудегі эстон және фин әріптестерінің тәжірибесін зерттеді. Мамандар енді өздері үйренген жаңа әдістемелерді жұмыс орындарында қолдана бастады. Көп ұзамай бұл халыққа ұсынылатын медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді жақсартуға ықпал ететін болады.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, дағдыларын жетілдіру және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу мақсатында биыл тағы да Астана қаласының стационарларында жұмыс істейтін алты дәрігер мен медбикенің Сент-Луис (Миссури, АҚШ) университетінде тағылымдамадан өтіп, «Ауруларды қабылдау бөлімінің жұмысын ұйымдастыру» тақырыбындағы курстарға қатысуы жоспарланған.
Сонымен қатар, тоғыз дәрігер «Хирургия», «Акушерлік және гинекология», «Қоғамның денсаулығы», «Анестезиология және реаниматология» мамандықтары бойынша Оңтүстік Корея клиникаларында оқитын болады.