Басты ақпаратРуханият

Шетін тақырыпқа шектеу қоятын заман өтті

Қазақ хандығының азаттығы үшін арпалысқан Кенесарының күрделі тағдыры мен қазақ халқының күрескерлігі туралы жазылған «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы жайлы бірер сөз.

Төрелер тарихынан көп томдық көркем романдар жазған екі адам бар. Хандар тарихы деп жүргеніміз, Кенесарының өлімімен аяқталатын төрелер тарихы. Ал сол екеудің мәшһүрі Ілияс Есенберлин, бүгінгісі – Әділбек Ыбырайымұлы. Бірі тар заманда, екіншісі кең заманда қалам тартты.

«Семсер жүзіндегі серт» атты үш томдық романды беттей алмай жүріп, ақыры түгел оқып шықтым. Бір ізіне түсіп алғаннан кейін, қалай аяқтағанымды білмей қалдым.

Осы заманда осындай үш том роман жазу – көзсіз батырлық. Бұл әлі де өте бір шетін тақырып қой… Ертеңгі күні жарық көрмей қалуы да мүмкін, жарық көрген жағдайда дау туып кетуі де ықтимал. Әртүрлі кедергілерді біле тұра, автор соған қалай барды екен деген ойда қалдым. Шығарманы оқып шыққаннан кейін ғана қазақ қоғамының тәуелсіз ұлттық санасын қалыптастыру үшін осындай әдеби көркем туынды керек екенін жүрегімен сезініп, жазушы батыл қадамға барғанын түсіндім. Ауқымды дүниесінің ең бірінші бетіне Әділбек Ыбырайымұлы «Бұл еңбегімді қаһарман қазақ халқына арнаймын» деп жазыпты. Небір өткелектен өтіп кеп, бүгінге жеткен халқымыздың тағдыры көз алдыма елестеді. Бұл сүбелі «Семсер жүзіндегі серттің» Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы да әбден орынды. Бәйге алып жатса, төл әдебиетіміздің толайым табысы лайықты бағаланған екен деп білемін.

Ә.Ыбырайымұлы бұрын ақындығымен танылған, одан кейін детектив жанрына да қалам тартты, арасында романдары бар бірқатар көркем шығармалар да берді… Енді, міне, қомақты тарихи туындысын қазақ шығармашылығына қосып отыр.

Отаршылдардың, қандықол генералдарының, офицерлерінің аты-жөндерін, қазақ даласына салынған бекіністерін, сүйретіп жүрген зеңбіректеріне дейін дәлме-дәл келтірген. Осынша мол дерек-дәйектің бәрін жинап, жүйесімен пайдаланған бұл еңбектің жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Архивтен сирек құжаттар тапқанын да байқадық.

Әдеби тілдің нормасы бар деп, үнемі шектеу жасап, тіпті Абай келтіретін диалектілердің өзін пайдаланбайтын болдық. Осы тұрғыдан келгенде, Әділбектің бұл роман-трилогиясында тілге еркіндік бергенін аңғардым. Диалектілер бар, архаизмдер бар, тарихи жағдайларға байланысты туындаған сөздер бар, бәрін кездестірдім. Үштомдықты оқып шыққаннан кейін автор бір ­дайын қолжазба тауып алған ба, архивтік материалдарды ақтарған кезде сондай тілдің бір кеніне кезіккен бе деп те ойладым. Дайын қолжазбаға кезікті ме деген де ой болғанын жасырмаймын. Қайткенде де сөздік қорының бай екенін көрсеткен.

Қасымның ағасы Уәли хан отаршылдармен тіл табысып, «сен тимесең – мен тимен, бадыраң көз» принципімен, әйтеуір, тыныштықты сақтайық деген жолды ұстанған. Ал Кенесарының әкесі Қасым төре елдің, жердің тоналып бара жатқанын, Қазақ хандығы биліктен айырылып бара жатқанын біліп, отаршылдарға қарсы шығады. Өткір ұсыныстарымен, төтеннен жасар шешімдерімен ханмен, өзінің туған ағасымен келісе алмайды. Ақыры, бастары бір қазанда піспейтінін біледі. Түн ішінде ұлдары Саржан, Есенкелді, Кенесары бар, басқалары бар Уәли хан ұйықтап жатқан ордаға кіріп келеді. Ағасын оятып, Қасым төре: «Аға, мен кетіп бара жатырмын, малдың жартысын, ел-жұрттың жартысын бөліп алдым, әмеңгеріңіз Ажар сұлуды да ерттім. Мына отаршылдықпен келіспеймін, басқа жаққа ауа көшіп барамын» дейді. Сонда Уәли хан: «Әй, сен орыстармен бекер кикілжіңге түстің ғой, бірақ алсаң өзіңнің малыңды алыпсың, қатын ғып алсаң өзіңнің әмеңгеріңді алыпсың, мен саған не деймін» дейді.

Шығармада бұдан басқа да аңыз­дар көп. Мысал үшін Кенесарының жүрегін жарғанда қыл шығатыны, Наурызбайдың жүрегін жарғанда түк шығатыны. Шындыққа негізделген шығарманы осы аңыздардың өзі-ақ көркемдеп тұрғаны мәлім. Оны үлкен ізденістің көркем нәтижесі, ұтқырлығы деп атап өткен жөн.

Романның негізгі ұстанған позициясы – қазақтың ауыз біршілігінің болмауын көрсету. Қазақ қана емес, Орта Азиядағы ислам мемлекеттерінің ынтымақтығының жоқтығы, бір-бірімен бақтастықтары – отаршыларға оңай олжа екендігін меңзеледі. Сонымен қатар бұл ғана емес, автордың көтеріп отырған мәселесі, төрелердің тарихындағы ағайындардың ауызбіршілігінің қашқандығы, содан халықтың, мемлекеттің қалай зардап шеккені туралы тебірене жазады.

Осы уақытқа дейін біз Қоқанмен, Хиуамен соғыстық деп айтамыз. Ол бір жағынан рас та, екінші жағынан солардың бір бөлігі қыпшақтар болғанын ескере бермейміз. Ал енді қарап отырсақ, мына романдардың ішінде сол кең жазылады, кең қамтылады: бұл масштабты үлкен роман, территория жағынан кең қамтыған. Осы қоқандар да патшалық империяның тепкісін көрді. Ұзынағашқа дейін соғыс салып келгенінде де бір сыр бар. Ал соңғы соғыстарға қоқан жағында көп қазақтар да жүрді, қалың қолдың бірін бастап келген Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан. Сол сияқты қоқандардың сәл әріректе, Шерәлі ханның тұсында әскерін басқарған Мұсылманқұл қыпшақ және әскерінің тең жартысы қыпшақтар. Жерұйықтай Ергене (Ферғана) мен Қоқанд, Марғилан қаласы жағында отырған халықтың да біразы қазақтар, қыпшақтар.

Романнан бұрын да біліп, оқып, пікір таластырып жүргенімізбен, мына романда бәрі рет-ретімен, ашық-айқын суреттелген. Кенесарының ұлдары Сыз­дық сұлтан қоқандықтармен бірігіп, орыс отаршылдарымен соғысып жүр. Ал оның ағасы Тайшық, інісі Ахмет орыс отаршылдары жағына шығып, солардың әскери шені бар қызметтегі адамы болып алды. Қарап отырсаңыз, бір-біріне қарсы. Адамның жүрегін ауыртатыны – Сыздық сұлтанның қасында жүрген батырлардың бірі ағасы Тайшықты қапыда найзамен түйреп өлтіріп, сонда Сыздық сұлтанның көзіне жас алып жылайтын кезі. «Үлкен шешем Күнімжанның бетіне қалай қараймын» дейді.

Ілияс Есенберлин де уағында осындай жігіт кезінде-ақ роман жазды, дегенмен оның арқасында Қонаевтай үлкен тіреуі болды, жазушылар Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов өңдеп, материал жинап көмектесті. Бүгін материалды Әділбек өзі жалғыз жинап, көркемдік жағынан да, тәрбиелік жағынан да тұшымды дүниені көпшілікке ұсынып отыр.

Сол заман, сол уақыт туралы, тіпті осы Орта Азия территориясы туралы пікір керек болса, осы романды оқып шықса да болады: тарихи дәйектер көркемдік жағынан да, дерек жағынан да бәрі бар, толық қамтылған, дайын дүние.

Мұнда көп сюжеттердің бірінде Тайшық пен Сыздық сұлтан қыпшақтарды шауып келді дейді. Ол кезде Тайшық әлі патша билігіне қарамаған уағы. Хан әулеті қырғыздарды ғана шапқан жоқ, қыпшақтарды да шапты, мына жақта жатқан ақ патшаға бүйрегі бұрған ұлы жүздің бір руларын да қан қақсатты. Ашынған жаралы жолбарыс іспетті барлық жаққа қару сілтеді.

Осы тұрғыдан келгенде көпшілігіміз қорғалақтап, үргелектеп, Кенесарының қырғыз майданына қатысты тақырыпты айтудан қашамыз, неге қашамыз? Біреулер «әлі уақыты келген жоқ» деп, жылы жауып қойғанды жөн санайды. Арты күйген күшіктей өз тарихымыз­дан өзіміз сырт айналып жүрсек, шилі жараның аузын кім ашады? Ол күндердің күнінде ашылуы тиіс, уақыт ұзаған сайын кеудеде дық болып тұра береді. Байқауымша, мезеті әлдеқашан өтіп кеткендей.

Осылай ашық жазылған шығарманы мен бірінші рет көрдім. Меніңше ескі жараның аузын тырнағысы келмегендіктен оған Ілияс Есенберлин де тереңдеп бармайды, ол Нысанбай жырауға арқа сүйейді. Ал Әділбек Ыбырайымұлы тереңдеп барды және Есенберлиннен, Ілекеңнен айырмашылығы – кең көлемде қамтып қарауы. Әділбектің мына үш томдығында алып шығатын бір алтын өзек – Абылайханнан бастап кешегі біздің алашқа дейін, мына желтоқсанға дейін келген ұлттық рух, азаттық рухы, азаттық мәселесі.

Ілияс Есенберлин артына ештеңе қалдырмай, осы тақырыпты барынша жазып кетті де есептейміз ғой. Дегенмен Есенберлинде көркемдік көп те, тарихи деректер аздау. Ал Әділбектің ұтқан жері, айырмашылығы – тарихи деректерді өте көп қамтыған. Әрбір соғысты, барлық шайқасты тізбектеп жазады, атты әскер, тіпті қанша оқ атылғанына дейін берген. Әр бетін ашқан сайын соғыс картинасы, майдан нанымды кескінделген.

Үлкен шығарма жазған кезде кей детальдар, штрихтардың көбі айтылған жерінде ұмытылып қалады. Ал Ә.Ыбырайым­ұлының мұқияттылығы бір томда айтылған детальды екінші томда соған сілтеме жасап, тарқатып, ұмыттырмай еске салып отырады. Соның бірі екінші томның екінші бөліміндегі матайлардың биі, батыры Тәнеке Наурызбаймен кездескен кездегі әңгімесіндегі дерек үшінші том аяқталған кезде сабақтастығын табады. Қарасаңыз, кейіпкер ұмытылмай, шығарманың аяғында қайтадан оралып отыр. Бұл көлемді шығармаларда, көлемді романдарда өте қатты ескерілетін дүние. Біздің қазақтың жазушыларында неге екенін, тарихи кейіпкерлер айтылған жерінде айтылып, сонымен қала береді.

Шығармада жақсы байқалатыны – тарихи образдар, кім өзін тарихи жағдайда қалай ұстады, солардың барлығына жеке баға берілген. Артында мол мұрағат, ақылшылар тұр дегенмен, жазушының өзінің еңбегі, шығармашылық қуаты, таза таланты осы деңгейде алып шыққан.

Мәселен, Кенесарыға келгенде Құнанбайдың аты ғана айтылады да, басқа нәрселерді айтқымыз келмейтіні шындық. Ал, енді, Құнанбай шын мәнінде, Барақ сұлтан екеуі отаршылдармен Кенесарыны ұстап береміз деп уәделескен адам. Алайда жеме-жемге келгенде Кенесары Балқаш жағасына кеп қоныстанған кезде, олар «осы жерде ұстап тұтқындаңдар» деген тапсырманы орындамайды. Әдейі қасақана бейтарап күйде қалып қояды. Бұған шамданған Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков Барақ сұлтанға «қатерлі сұлтан қолға түсіп тұр еді ғой, неге ұстамадыңдар?!» деп шүйлігеді ғой. «Қыс келіп қалды, біз жазды күтеміз» дейді Барақ. Сол аралықта Құнанбай Кенесарыға, сосын шекараның арғы беті қытайдағы Қызыр сұлтанға хабар жібереді: «Мына Кенесары ханды ұлысымен арғы бетке өткізіп алыңдар, бізде басқадай оны қорғайтын амал жоқ» дейді. Сөйтіп, Кенесары арғы бетке ауам деп тұрған кезде тағы да алдынан сатқындық, отаршылдардың әбжілдігі, көші-қон кедергі болып, Жетісу төрелерінің бая-шаясымен қақпанда қалып, қырғыздарға ұрынып отыр.

Тағы да қайталап айтқым келеді, біз осы Кенесары жайын сөз еткенде міндетті түрде қырғыздарға тоқталамыз, міндетті түрде Сыпатай мен Рүстемді ғана көлденең тартамыз. Ал шын мәнінде одан басқа жағдаяттарды Әділбек жіліктеп, түгел келтіріп, шағып айтқан. Біздің тарихымыздағы сатқындық деген нәрсені әдебиетте, шығармада бірден-бір айқын көрсеткен шығарма осы. Ұлы жүзді тұтастай уысында ұстайтын ұлыс бегі Әли сұлтан, албан-суанның Тезек төресі, жалайырдың сұлтаны Сүйік, Жетісудың Қамбар, Жанғазы, Мамырхан, Аблек, Тінаш сияқты сұлтандары, дүйім дулаттың Мәуке биі жылпостыққа барды. Орыс әскерін Кекілік, Сеңгірге қарай өткізіп жіберуге қолайлы аңғарлар мен қолаттарды іздеп, Қамбар Асыланов күндіз-түні Рүстем төремен бірге жүрді. Бұл амалдарын хан Кененің ту сыртынан жасады. Орыстың жандайшабына айналған Қамбар тәрізді төрелер ұлықтың мың әскерін астыртын әкелісімен істің аңысын бағып, шатқалдарда бұғып қалды. Олардың өздерімен ниеттес екенін манаптар жақсы білді.

Тау-шатқалдарға жасырынып қалған сұлтан Қамбар Асыланов ең бірінші болып Горчаковқа «Жаратушы құдай және ақ патшаның ұйғарымымен… сіздердің қас жауларыңыз Кенесары өлді…» деп, үшбу хатын қуана жазды. Бұл – Кенесарының қайғылы жағдайға ұшырағаны жөніндегі орыс билігін құлақтандырған алғашқы сүйінші ақпар еді. Одан әрі қарай Қамбар: «Кенесарының қолы талқандалып, тірі қалғандары жан-жаққа бас сауғалай қашты. Жеті мың сарбаздың аман қалғандары аз» деп, насаттана әрі тындырымды ісінің нәтижесін тәптіштей баяндады.

Міне, трилогияның бүкіл төре тұқымының бәрін орын-орнымен анықтап жазғаны ұнады маған, шығарманың кілті, нүктесі де сонда.

Әр мемлекеттің өз мүддесі бар, қыр­ғыздың да, қазақтың да өзінің мүддесі бар екенін Әділбек керемет көрсетеді. Ал шындап келгенде Кенесарыны өлтірген қырғыздар емес, қазақтың алауыздығы, орыстың отаршылдығы, есепқойлығы және зымияндығы. Жазушы осының бәрін қолмен қойғандай қат-қатымен, жүйе-жүйесімен ашады. Өкінішке қарай, бізде көп адам, көп жазушы, көп тарихшы, бәрі мәселе осы орыс отаршылдығына байланысты екенін ескермей, аттап өте шығады.

Отаршылдардың мақсаты – қазақтың жерін, шұрайлы алқабын басып алып, көтеріліс жасаған өңірлердің бәрінде халықты қырып жіберіп, орыстарды әкеп орналастыру. Әкімшілік басқаруға қолайлы болуы үшін қолма-қол аймақты орыстандырып жіберуді көкседі әрі мейлінше жылдам көздегендерін жүзеге асырды. Олардың әрқайсысының өз мүддесін орындау жолы, оны қалай орындағанын Әділбек тамаша дәлдікпен келтірген.

Романды аяқтар кезде Кенесарының қалай өлгені, басының қалай шабылғаны, Наурызбайдың қолы қалай шабылып, олардың қасындағы сарбаздардың қалай қинап өлтірілгені ерекше суреттеледі. Оны тебіренбей, түршікпей оқу мүмкін емес. Сәл үзінді келтіре кетейін:

«…Бұл мезетте ханды оншақты шоң мен шоралар, жең сыбанған жаналғыштар қаумалай қоршап үлгерген. Әп-сәтте қарулы жініккен білектер екпеттетіп дөңбекке мойнын қойды. Көп сөз бұйдаға салмай, әжік-күжік бір екі тіл қатысты да баскесер өз ісіне кірісті. Алмас қылыштың жүзі әуеде найзағайдың сынығындай жарқ ете қалды. Біреу қара құрымды ханның иығына жаба қойды.

Құйқасы қатпар-қатар ұстарамен әдейі тықырлап алынған бас шоршып жерге түсті. Жазық маңдайы мен қыран қабағы көкке қарап, бірі қызыл, бірі жасыл қос жанары жаратушыға қадалғандай заңғарға шаншыла ашық қалыпты. Сәл бір езуі тартылып, ерніне күлкі жүгірген. Орманбет бастап, Жантай қостаған құйыршық манаптарды, қазақтың сатқын сұлтандары мен тексіз төрелерін келемеждеп жатқандай.

Қолқадан шапшыған қан сидектеп, сыр-сыр дыбыс шығарады. Қол-аяғын басып ұстап отырған білеуіттер жан тәсілім сәтте бассыз дененің бұлқынғанына әзер ие болды. Тыныс іздеп қолқаны суыра ышқына солықтаған өкпе кеңірдекті қор-қор еткізді. Бой бермей орнынан тұрып кететіндей зәрелері ұшты.

– Мынау қайтеді-ей!

– Бас жауырыннан! Нығарлай дізеге сал!

– Келіңдер-ей, әл бермей барады!

Аяғын ұстаған біреу хан денесі жантәсіліммен тізесін бүгіп, қайта сермеп қалғанда жұлындай ұшты.

– Өй, өй!.. Жіберме, ұста!

– Жабылыңдар! Тұрып кетеді!..

– Ие бол!

– Өзінде он атанның күші бар ма, дүлейдің… қалай?..

Құмырсқаша қаптаған шоң мен шоралар бір әредік қарбаласқа түсіп, шұрқыраса, үймелесіп кетті. Арпалыс сәл саябырлап, жан шығып біте бастағанда денені шалқасынан салды. Күре тамырдан сырылдап ағып жатқан қанға Жантай қолын тосып, уысы толғанда ұрттап кеп жіберді. Ежелден бабасынан бері келе жатқан өзегін қыз-қыз қайнатқан кегі қайтқандай қан жұққан домбық еріні жайыла рақаттана ыржиды. Сол-ақ екен «Қанын ұрттаймын! Қанын ұрттаймын!» деген кекшілдер тұс-тұстан жамырады. Олар көне дәуірдегі қалмақ дәстүрімен қас жауының қанын жұтып, бір демде қандыезу, қызыл тұмсық боп шыға берді».

Үш томнан тұратын күрделі шығарма мемлекетіміздің Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы сыйлықты алып жатса, олқысынбақ емеспіз. Қиянатпен басы кесілген Кенесары хан туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясын, жеме-жемге келгенде қазылар алқасы тарихи шындықты да ескеріп, бағаласа құба-құп дер едім.

Қазіргідей дүние бүлініп тұрған жағдайда империяларға жем болып кетпеудің жолын бұл жазушы осы роман-трилогиясында жақсы ашқан, көрсеткен екен деуге болады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат

саласындағы сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан-Үміт»

сыйлығының лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button