Басты ақпарат

Шетқақпай қалатын жөні жоқ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында еліміздегі орыс тілі мен қазақ тілінің жағдайы туралы пікір білдірген кезде «Түптеп келгенде, мемлекетіміздің атауының өзінде «қазақ» деген сөз бар. Яғни біз қазақ тілін үйренгісі келетін, баласын қазақ мектебі мен балабақшаға бергісі келетін адамдардың мүддесін қамтамасыз етуге тиіспіз» деген болатын. Биылғы Балалар жылында қазақ тілінде оқыған балаларға қандай мүмкіндік берілді деген мәселеге назар аударсақ, көңіл көншітпейтін көлеңкелі мәселелер де кездеседі екен.

[smartslider3 slider=3248]

Кеше баласы Назарбаев зияткерлік мектебіне «ілінбей» қалған бір топ көпбалалалы ата-ана министрге арыз айта келіпті. Алайда Балалар жылында балаларының құқығын «жоқтаған» оларды есігі «еменнен» жасалған министрлік табалдырықтан әрі аттатқан жоқ. Олар «жауап алмай кетпейміз» деп қасарысып тұрып алғаннан кейін министрлік өкілі шығып, Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдерін де шақырып, ата-аналар арызын тыңдады.

«Бізге қазақ сынып ашып беріңіздерші!»

Арыз айта келген ата-аналар уәжіне жүгінсек, биыл Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінде 2022-2023 оқу жылынан бастап 7-сыныптарда грант саны қысқарып қалған. Яғни 2020, 2021 жылдары қазақ тілі тобына 4 сынып, орыс тілі тобына 3 сынып ашып келген бұл оқу орны аяқ астынан жүрісінен жаңылып, қазақ сыныптың біреуін азайтып, 3 қазақ сынып, 3 орыс сыныптың әрбіріне 75-тен 150 оқушы ғана қабылдаған. Ал өткен жылдары қазақ тобына 96, орыс тобына 75 оқушы қабылданған екен. Арызданушылардың басты наразылық танытып тұрғаны да осы мәселе. «Неге биыл қазақ тобындағы оқушылардың саны қысқарып, орыс тобының саны өзгеріссіз қалады? Балалар жылы грантты көбейткеннің орнына, керісінше, азайтқаны қалай?». Ата-аналардың айтуынша, биыл аталған мектепке түсуге орыс тілі тобы бойынша 706 бала бақ сынаса, қазақ тілі тобында 936 бала емтихан тапсырған. «Бірақ грант бөлген кезде мемлекеттік тілдің мәртебесі де, қазақ тілі тобында оқитын балалар санының көптігі де ескерілмей, грантты тең бөле салып, қазақ тобының бір сыныбын қысқартып тастау ақылға сыймайды» дейді олар. Оның үстіне, биыл бөлінетін грант санының қысқаратыны да ата-аналарға ескертілмеген. Балалар емтихан тапсыруға тізімделген кезде, мектеп өкілдері «қазақ тілі тобына былтырғыдай 96 немесе одан да көп бала қабылданады» деген ақпарат берген. Ата-аналар сол ақпаратқа сеніп, «баламыз емтиханнан өтті, Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсетін болды» деп қуанып жүргенде, жақында аталған оқу орнына жолдама алған балалардың тізімінде жоқ болғаны бастарынан жай түскендей дел-сал қылған.

 Қазақ мектептері бұдан былай 1-сыныптан бастап тек қазақ тілінде оқыса, орыс мектептері қазақ және орыс тілінде оқитын болды. Ал орыс тілі қазақ мектептерінде 2-сыныптан бастап, ағылшын тілі қазақ және орыс мектептерінде 3-сыныптан бастап оқытылады. Бұған да тәуба

Орысша оқуға ынталандыру емес пе?

Оның үстіне, қазақ тілі тобындағы балалар ең төмен болғанда 1027 балмен түссе, орыс тілі тобындағы балалардың ең төменгі нөмір шегі 993 балл болған. Неге олай?! ­Ата-аналардың арызын тыңдауға келген өкілдер бұл мәселеге де жарытып жауап берген жоқ. Сипай қамшылап өте шықты. Ал ата-аналар болса «бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қарсы жасалып отырған қадам. Орыс тіліне қазақ тілімен тең грант беру және оған түсетін шекті балды төмен қою – бұл балаларды орыс тілінде оқуға ынталандыру» деп санайды.

– Қазақша оқып, 1200-ден артық балл жинаған балам грантқа ілінбей қалады да, орысша оқып, одан төмен балл жинаған бала грантқа түседі. Мұны қалай түсінуге болады? Біздің Ата Заңымызда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазулы тұрған жоқ па?! Енді неге қазақ тілінде білім алған балалардың жолын қиындатып қойды? Біз көпұлтты елміз, елімізде 130-дан аса ұлт бар, неге солардың бәрін тең көрмей, орыс тіліне ғана мән береміз?! Орыс тілінде оқығандарға грант көп бөлінсе әрі шекті балл қазақ тілінен төмен болса, әрине, көп ата-ана баласын орысша оқуға береді. Өйткені онда бәсеке аз. Тым құрыса қазақ тілінде емтихан тапсырғандардың саны мен орыс тілінде емтихан тапсырғандардың сан жағындағы салыстырмасын неге ескермейді? Мектеп жетіспесе, неге тек қана қазақ сынып қысқару керек? – дейді Гүлдана Тасмағамбетова.

Қытайдан 2-3 жылдың алдында ғана көшіп келген Ағызан мен Айжан да жоғарыдағы шешімге наразы. Екеуінің де баласы жоғары балл алғанмен, грантқа ілінбей қалған.

– Біз Қытайдан Қазақстанға қызық қуып, байлық жинайық деп келген жоқпыз. Өз ата жұртымыз, қазақ елі болғандықтан осы елде қазақ болып өмір сүрейік, ұрпағымыз ана тілінен айырылып, басқа ұлтқа сіңіп кетпесін деп келдік. Қаптаған қалың қытайдың ішінде оқып жүрсе де баламыздың оқуы озат еді. Ал мұнда келсек, орыс тілі алдымыздан шықты. Баламыз ағылшын тілінен, математикадан жоғары көрсеткіш алғанмен, орыс тілінен төмен балл жинағаны үшін грантқа ілінбей тұр. Неге қазақ елінде қазақ тілінде оқитын балаларға көбірек грант бөлінбейді? Қазақстанда қазақ тілінде оқитын балалардың саны жыл сайын көбейе түсетінін білмей ме? Жоқ, әлде біліп тұрып, әдейі қысқартты ма? – дейді Ағызан.

Ақша алады, айтқанды тыңдамайды

Кездесуде арыз айта келген ата-­аналар Білім министрлігінің өкілінен Назарбаев зияткерлік мектебі биыл грантты не үшін қысқартып тастағанын сұрап еді, ол «Назарбаев зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымы болғандықтан, олардың жұмысына біз кіріспейміз. Бұл мектептің грантын «қамқоршылық кеңес» шешеді. Олар тізімді бекіткеннен кейін, ҚР Қаржы министрлігі грантқа қаржы бөледі» деп жауап қайырды. Демек Назарбаев зияткерлік мектебі мемлекет қазынасынан қаржы алады, бірақ ҚР Оқу-ағарту министріне бағынбайды. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Ел қоржынынан ақша алатын кезде мемлекетке қарайды да, ал басқа кезде дербес білім беру орны бола қалады екен, «бұл – баланың ойыны, бақсының жыны» деген сөз емес пе? Дербес білім беретін орын болса, онда өзін-өзі қаржыландырсын, онда айтар сөзіміз жоқ. Бірақ мемлекеттен қаржы алып тұрып, министрлікке бағынбау қай жосынға сыяды?!

Тіл тағдыры толғантады

Жалпы «Атыңның басы бітіп, жорғасы қалып па?» дегендей, Қазақстанда мемлекеттік тілдің көсегесін көгерте алмай жүріп, үш тұғырлы тіл деп тыраштанғанымызға біраз уақыт болды. Ата Заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жазылғанмен, мектептен бастап мемлекеттік мекемелерге дейін мемлекеттік тілде толыққанды жұмыс істеп отырған жоқ. Сондықтан да тілі қазақша шыққан жасөспірім балабақшаға барған күннен бастап орысша сөйлей бастайтыны жасырын емес. Ол аздай, әріпті енді үйренген балаға ағылшын тілін тықпаладық. Бірақ осы тәрбиеден үш тілде қатар сайрап кеткен бала шамалы. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегендей, жас жеткіншектер ақыр аяғында ана тілінен де мандатып сауат ашпай, орыс тіліне бейімделіп шыға береді. Өйткені біздің қоғамдық ортамыз бен экран әлемімізде орысшаның десі басым. Көңілге медет болатыны жақында бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша қазақ мектептері бұдан былай 1-сыныптан бастап тек қазақ тілінде оқыса, орыс мектептері қазақ және орыс тілінде оқитын болды. Ал орыс тілі қазақ мектептерінде 2-сыныптан бастап, ағылшын тілі қазақ және орыс мектептерінде 3-сыныптан бастап оқытылады. Бұған да тәуба. Бірақ балаға бір жылда бір тіл үйрету қаншалық тиімді?

Қытайда бұрын аз ұлт тілінде оқитын ұлттардың (қазақ, ұйғыр, қырғыз сияқты ұлттар) балаларына 3-сыныптан бастап қытай тілі сабағы енгізілсе, қытайлар 3-сыныптан бастап ағылшын тілін оқитын. Ал қазір жағдай толықтай өзгерді, өзге ұлт тілінде оқыту ісі жаппай тоқтатылып, тек қытай тілінде ғана оқитын болды. Біз басымызға көтеріп жүрген ағылшын тілін де оқу бағдарламасынан біртіндеп ығыстыра бастады. Ал Жапонияда бұрын ағылшын тілі 5-сыныптан бастап оқытылатын. Дегенмен ел билігі балалардың ағылшын тілі сауатын күшейту мақсатында 2020 жылдан бастап 3-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту жөнінде қаулы қабылдады. Германияда да ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады. Ендеше біздің балалар үшін орыс тілі де – шетел тілі. Биыл қазақша, келер жылы орысша, үшінші жылы ағылшын тілін оқыған баланың миы «көже» боп кетпей ме? Демек, 1-сыныптан бастап барлық мектептер орыс-қазақ демей, мемлекеттік тілде оқуы керек. 3-сыныпқа келгенде шетел тілі ретінде орыс немесе ағылшын тілінің біреуін баланың өзі таңдауы тиіс. Мынау қазақ мектеп, мынау орыс мектеп, мынау аралас мектеп деген қоғамда айқын жік қалыптастыратын оқу түзімі де бізге керек емес. Егер керек болса, онда орыс мектепте оқи ма, аралас мектепте оқи ма, мемлекеттік тіл міндетті пән ретінде оқытылып, жыл соңында қазақ тілі емтиханынан өтпесе, сынып аттатпау керек. Жоғары оқу орнын бітіретін түлектерге де мемлекеттік тілді игеру деңгейін анықтайтын емтихан нәтижесі болуы шарт етілуі керек. Қазақ тілінде оқыған балаларға да грант көп бөлінуі тиіс. Өйткені қазақ ұлтының жан саны салыстырмасы елімізде 80 пайыздан әлдеқашан асып кетті. Қазақтың саны көбейген екен, баласын қазақша оқытатындар да көбейетіні табиғи. Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасымен оқитын жастар, ең алдымен, мемлекеттік тіл өткелінен өтуі тиіс. Сонда ғана қазақ тілінің тамырына қайта қан жүгірер еді…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button