Әлеумет

ШЕЖІРЕНІ ШЕКТЕМЕЙІК

Шежіре

Дүние жүзінде еш халықта кездеспейтін, біздің ұлтқа ғана тән шежіре тарату – ата дәс­тү­ріміздің ең озығы. Бұл жайдан-жай шығарылған, яғни, руға бө­лінушілік емес. Оның көптеген пайдалы жақтары бар екенін қазақтар ерте заманда-ақ білген.

Атап айтқанда, жеті атаға дейін ұр­пағының қан тазалығы мен саулығын сақтау қамымен бабаларымыз рулас жас­тарды бір-бірімен үйлендірмеген.

Ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып, біздің заманымызға дейін келген бұл жеті ата – бір шынжыр үрдісі ұрпақ денсаулығы мықты болып, жан мен қан тазалығы сақталуына бірден-бір себеп екендігін ғылымның дамыған ке­зінде дәрігер-ғалымдар дәлелдеп отыр. Сол алмағайып заманда  ата-бабамыз жеті ата ішінде үйленбеу қағидатын қатаң сақтай отырып, ел бірлігі, жер тұтастығы үшін алыс рулармен құдандалы болған. Оның басты себебі, жауға қар­сы тұруға құдандалы, нағашы-жиен болып келген елдер бір-біріне көмекке барған.

Біздің осы жақындығы жеті атадан аспайтын жас­тарды бір-біріне қоспау дәстүріне қазіргі кезде дү­ние­жүзі қызы­ғушылық танытып отыр. Себебі, бұл болашақ ұрпағымыздың шет елдердегідей «дауна», «ақ қан» ауруларымен тууын болдыртпайды. Бүгінде Еуропаның медицинасы дамыған елдерінің өздері біздің осы салтымыздан үлгі ала бастады. Германия да мұны дәлелдеп, өз елінде төрт ата ішінде үйленбеуге заң шығарып қойды.

Меніңше, ұрпағымыздың тағ­дыры үшін алаңдай отырып, осы қасиетті салтымызды қадір­леп, оны өмірімізге ұстанып, заң­дас­тыруымыз керек. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ»демекші, қазір көпшілік жұрт шежіреге мән бермейді. Соның салдарынан кейінгі кезде емделуі қиын, туабітті аурулар қатары көбейіп келеді. Мұндай аурулар, әсіресе, тастанды балалардың арасында көп кездеседі. Сонымен қатар, әкесіз туған және ата-анасы айырылысқан соң, анасының қолында қалып, нағашыларында өскен, со­лардың тегіне жазылып өскен балалардың арасында да аз емес. Өз ата жұртын білмейтін мұндай балалардың өскенде өзінің аталас туысымен бас қосуы әбден мүмкін.  Міне, осындай келеңсіздіктерді жою үшін жоғарыда айтылған жәйттерді бол­дырмауға тырысуы­мыз керек.

Базарбай БАҒЫСОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button