Шинкиокушинкай каратэден республикалық турнир өтті
2 күнге жалғасқан бәсекенің алғашқы күнінде қатысушылар каратэнің теориялық негіздерін көрсететін «ката» бағдарламасында бақ сынаса, екінші күні «кумитэ» бағдарламасында жекпе-жеке шықты.
«Мұндай турнир екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы спорт түрі енді ғана дамып келе жатқандықтан, 9 өңірден 120 қатысушы келді. Салыстырмалы түрде бұл – жақсы көрсеткіш. 7 желтоқсан күні «ката» сайысы бойынша түрлі санаттағы спортшылардың базалық элементтерді дәлме-дәл көрсетуі бойынша жеңімпаздар анықталды. Мұның ерекшелігі – жекпе-жекке түскісі келмейтін кей жандар және жасы үлкен азаматтар тек осы бағытпен шұғылданса болады. Мысалы, 44 жастағы қатысушымыз жастармен бәсекелесіп, ел ішіндегі додаларда топ жарып жүр», – деді Республикалық турнирдің бас төрешісі Максим Вавил.
Республикалық жарыста Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қостанай, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарынан келген сайыскерлер арасында 8 жас және одан жоғары жас санаттары бойынша жүлделер сарапқа салынды.