Sport

ШИРЕК ФИНАЛДАҒЫ ҚАРСЫЛАСЫМЫЗ – «TEAM GERMANY»

450_52663e11ee695Бүкіләлемдік бокс сериясында, көпшілік күткендей, «Астана арландары» өз тобынан екінші болып шықты. Ол да жаман көрсеткіш емес. Көктемнің алғашқы күні олар Польшадан келген қонақтарды бір «қуырып» алды.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен кездесуде төрт бірдей боксшымыз клуб сапында алғашқы рет рингке көтерілген болатын. Поляктарға қарсы әлем чемпионы Данияр Елеусінов пен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов шықты. 60 келі салмақта әлемдік доданың қола жүлдегері Берік Әбдірахманов та өзінің алғашқы жекпе-жегіне шығуы керек болатын. Бірақ, кездесу алдында бапкерлердің шешімімен Беріктің орнын Ғани Жайлауов басты. Ал, Ғани – әлем чемпионатының 2011 жылғы қола жүлдегері.

Рингке алғашқы болып көтерілген 52 келі салмақтағы Ілияс Сүлейменов пен Гжегорж Козловски кім мықтыны анықтады. Әп дегеннен-ақ жекпе-жек тізгінін өз қолында ұстаған Ілияс соңғы раундқа дейін қарсыласын сабаудан шаршамады. Төрешілерден жоғары баға алған отандасымыз осылайша алғашқы жеңісті әкелді.

Кейін рингке Ғани Жайлауов, Данияр Елеусінов және Әділбек Ниязымбетовтер кезек-кезегімен көтерілді. 60 келі салмақтағы Ғани Жайлауов Давид Павел Михелусты ұтса, 69 келі салмақтағы Данияр Елеусіновке Жора Симонян қарсылық таныта алмады. Ал, 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов Казюж Зыциньскиді оңдырмады. Командадағы «су жаңа» боксшылар алғашқы жекпе-жектерін өте жақсы өткізді деуге болады. Сонымен төрт кездесудің барлығында басым болған «арландар» бесінші кездесудің қорытындысын күтпей-ақ үш ұпайды қалтаға басып қойған еді.

Бірақ, аса ауыр салмақтағы Армен Симонян командаластарының жеңісті жолын жалғастыра алмады. «Салт аттылар» сапындағы украиналық легионер Сергей Вервейкомен қолғап түйістірген «арланымыз» жекпе-жекті уақытынан ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Бүкіләлемдік бокс сериясының топтық кезеңі бірнеше команда үшін аяқталғанымен, кейбір кездесулер әлі өте қойған жоқ. «Астана арландарының» ширек финалдағы қарсыласы – «Team Germany». Алғашқы кездесуі 28 наурыз күні сыртта өтсе, қарымтасы 5 сәуір күні өз алаңымызда болмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button