Қоғам

Ширек ғасырлық белес

«Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай «Ауыл» партиясы. 25 жыл белесі» атты партияның Астана филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Іс-шараға, Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов және «Ауыл» партиясының мүшелері мен ардагерлері, Жастар қанаты өкілдері қатысты.

Жиналыс барысында қалалық ішкі саясат басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысушыларды арнайы мерейтойымен құттықтап, партия филиалының төрағасына алғыс хат тапсырды.

– «Ауыл» партиясы ширек ғасыр бойы еліміздің ауылшаруашылығымен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Партияның қызметі Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыттарымен үйлесім тауып, елдің тұрақты дамуына ықпал етуде. Шын мәнінде, қазіргі жастардың бойына «ауыл көркейсе, ел көркейеді» деген түсінік қалыптастыруымыз керек. Өйткені қазақтың тамыры ауылдан ешқашан үзілмейді. Сондықтан бүгінгі партия құрамындағы жастардың бастамаларына, партияның алға қарай дамуына, өздеріңіздің бағдарламаларыңызды толықтай жүзеге асыруларыңызға әрқашан сәттілік тілеймін, — деді Нұрдәулет Әлмұханов.

Ал, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы – Мейрамбай Оралов   өз партияластарын  25 жылдық мерейтойымен құттықтап, партияның ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, ұлт мүддесіне адал қызмет еткен, ауыл шаруашылығы мен қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан парияның ардагерлеріне айырықша алғыс айтты.

–Партиямыз осы 25 жылдық тарихында өз жұмысын ауыл тұрғындарының құқықтарын қорғау және олардың өмір сапасын жақсартуға бағыттады. Әрі өз  бағдарламасына сәйкес, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, ауылдық еңбек нарығын тұрақтандыру және ауылды жерлерде жастардың жұмыссыздығын төмендету сияқты мәселелердің шешімін табуына түрткі болды. Қазіргі таңда нарықтық заманның талабы күшейіп, ауыл тұрғындарының жағдайын төмендетіп, оларды қалаға жаппай көшуге мәжбрлеуде. Сондықтан да жастар, «ауыл» сөзін болашағы жоқ, лайықты өмір сүру мүмкіндіктерінен айырылған жер деп қабылдайды. Парадоксалы түрде, үлкен жер қорлары мен егіншілік пен мал шаруашылығының бай тарихына қарамастан, Қазақстан әлі күнге дейін азық-түлік импорттаушы ел болып отыр, ал халық өсіп келе жатқан азық-түлік бағаларынан зардап шегуде. Әлемде азық-түлік дағдарысы күшейіп келеді. Бұл Қазақстанға өз халқымызды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуден басқа, халықаралық нарықтарға ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауда көшбасшы болуға зор мүмкіндіктер береді!
Партиямыз өз жұмысын бастаған кезден бастап, ауылдық аймақтарды қолдау, ауылдағы өмір сапасын жақсарту және аграрлық секторды дамытуды мақсат етті. Алдағы уақта да осы тұрғыда нәтижелі жұмыс жасайтынымызға сенеміз. Өздеріңіге мәлім, 2024 жылы жазда өткен XXIV съезде «Ауыл» партиясы жаңа саяси бағдарламасын қабылдады.Бүгінде осы сайлауалды бағдарламаның қабылданғанына екі жыл болды. Бұл бағдарлама ел ішіндегі және әлемдік экономикадағы өзгерістерді ескере отырып әзірленді. Өткен жылы біздің партияның ребрендингі де өтті. Саяси бағдарламаның атауы — «Ауылды өркендету — елді өркендету». Оның басты мақсаты — ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, адамдардың өмір сапасын жақсарту, аграрлық секторды қолдау және ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтау. Қазақстанды күшті аграрлық державаға айналдыру жөніндегі мақсатымыз Мемлекет басшысының 14 наурызда Бурабайда өткен 4-ші Ұлттық Кұрылтайда айтқан ұлттық мақсатымен үндесіп отыр,–деп атап өтті филиал төрағасы Мейрамбай Әскербайұлы.

Сонымен қатар, жиналыс барысында партияның алдағы мақсаттары мен басымдықтары айқындалып, ауылды дамыту, аграрлық секторды қолдау және ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында нақты ұсыныстар жасалды. Партия мүшелері ауыл экономикасының дамуына ерекше назар аударып, жастарды ауылдық жерлерге тарту үшін білім беру бағдарламалары мен кәсіпкерлік бастамаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, партияның экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялары мен заманауи технологияларды енгізу жөніндегі жоспарлары талқыланды.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button