Жаңалықтар

Шолпан Иманбаева

387718_60573094_478_ymanbaeva_sholpan

Астанада Иманбаева көшесі бар. Ол А.Бараев көшесінен басталып, Отырар көшесінде аяқталады. Ә.Ысмайылов, Рамазан, Жәнібек Тархан, Ақмола, Ағыбай батыр, Баянауыл, А.Иманов, М.Дулати, Кенесары көшелерін қиып өтеді. Көшенің ұзындығы – 1158,8 м.

Шолпан Иманбаева – қазақтың ақын қызы. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тумасы. Бар болғаны 22 жыл өмір сүрген. Артында өз заманында ғұмыр кешкен қазақ әйелдерінің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлаған «Қазақ әйеліне», «Апайыма», «Қоңыр қаз», «Жолаушы мен жұмыскер» және «Бұлбұл мен қарға», «Зейнепке», «Жәкең жаман сасады» секілді қоғамдағы ұнамсыз құбылыстарды өткір сынға алған өлмес өлеңдері қалды. Шығармалары мазмұны өткірлігімен, тілінің көр­кемдігімен ерекшеленеді…
Айта кеткен жөн, ақынға берілген көше атауын өзіміздің қазақтар әлі күнге дейін жиі шатастырады. Бұл туралы ілгеріде де айтқанбыз. Әзірге нәтижесіз. Иманбаева орысшасы шығар деп, қазақша Иманбаев көшесі деп айтып жүр. Сол көшенің бойында орын тепкен ірілі-ұсақты кейбір мекемелер ресми түрде мекенжайында көшенің атауын Ш.Иманбаев көшесі деп көрсетіп, қазақтың ақын қызының тегін өзгертіп айтуды әдетке айналдырғалы қашан?!
Мәселен, 54 мектеп-лицей, Иманбаев, 4, «Стройархэкспертиза.kz» ЖШС, Иманбаев көшесі, 5в, кеңсе 9, «Шаңырақ» тұрғын үй кешені, Иманбаев, 5, «Dream Team» компаниясы, Иманбаев көшесі, 8/3… деп жалғаса береді.
Ал орысша нұсқасында аталған мекемелер түгелімен «улица Иманбаева» деп жазады.
Дұрысы, қазақ тілінде – «Шолпан Иманбаева көшесі», орыс тілінде – «улица Иманбаевой» емес пе?!

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button