Шолпан КӨШЕНОВА, Астана қаласы прокуратурасының баспасөз хатшысы: Қаржы пирамидаларына тосқауыл күшейд
Астана қаласының прокуратурасы шектен тыс пайыздар мен бонустар төлейміз деп алдау арқылы халықтың ақшасын иеленетін қаржы пирамидаларының бар екендігін тұрғындарға ескертеді. Бұл туралы толығырақ баспасөз хатшысы Шолпан Көшенова айтып берді.
– Кейбір азаматтар қаржы пирамидасы арқылы тұрмысының түзелгенін айтады…
– Әрине, қаржы пирамидасында қызықтыратын жоғары кіріс ұзақ уақыт бойы жалғаса бермейді. Ал пирамида міндеттемелерін барлық қатысушыларға толығымен төлеу мүмкін емес. Жаңа инвесторлардың қаражаты оған дейінгі қатысушыларға, жарнамаға және ұйымдастырушылардың табысын қамтамасыз етуге жұмсалады. Осындай жағдайлардың нәтижесінде жобаның банкротқа және соңғы инвесторлардың шығынға ұшырауы – заңдылық.
– Бұл бағытта жұмыс жасаушыларға қандай да бір жауапкершілік көзделе ме?
– Еліміздің заңнамасында қаржы пирамидасы схемаларын пайдалану арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың жауапкершілігі көзделген. Мұндай қызмет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 177-бабында (алаяқтық) айтылған қылмыс белгілеріне жатады. Азаматтық кодексте азаматтарды түрлі қаржы пирамидаларының айла-амалдарынан қорғау мақсатында, яғни 715-бап бойынша кәсіпкерлік қызмет ретінде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуға тыйым салынады.
– Мұндай заңмен реттелген күннің өзінде олардың қызмет аясы кеңейіп жатқан тәрізді…
– Аталған мәселенің заңнамалық тұрғыда реттелгеніне қарамастан, қазіргі кезде қаржы пирамидаларын құру, олардың қызметін түрлендіру және жетілдіруде жаңа үрдістер байқалады. Мәселен, Сергей Мавродий мен оның серіктестері құрған «МММ-2011: Мы можем многое!» халықаралық қаржы пирамидасы – осының айғағы. Бұл пирамиданың ерекшелігі – ресми тіркелген ұйымның және банкте бірыңғай шоттың болмауы. Барлық ақша аударымдары қатысушылардың арасында тікелей жүзеге асырылады.
– Ұйымның қатысушылары көп пе?
– ТМД елдерінде оған қатысушылар саны шамамен 10-15 млн адамды құрайды. Қазақстанда «МММ-2011-дің» 20 басшысы анықталған. Қазіргі уақытта бұл жүйеге қатысушылардың барлығына төлемдерді тоқтатты, бұл іс жүзінде қаржы пирамидасының күйрегенін айғақтайды. Сондықтан қала тұрғындарын осы ақпарат арқылы қырағылық танытуға, күмәнді операцияларға қатыспауға шақырамыз.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ