Жаңалықтар

ШОҚАН ЖАРТАСЫ

Көрікті Көкше жеріне келушілер табиғаттың осынау тамаша ескерткіші – Қазақстан мен Ресей сияқты мәңгі көрші екі елдің даңқты ұлдары Ш.Уәлиханов пен петрашевшіл ақын С.Дуровтың достығының талай өмір өткелдерінің куәсі болып, «Шоқан жартасы» аталып кеткен мұнара-тасты, оның үстіндегі алаңдағы аю-тасты қызыға тамашалайды…

…Сергей Дуров Омбы әскери-каторгалық түрмесінен босасымен Көкшетаудағы 3-линиялық Сібір ба­тальонына қатардағы солдат ретінде қызмет атқаруға жіберіледі. Өзі сияқты каторгадан босап, Семейдегі 7-батальонға қалған жазасын өтеуге қатардағы солдат ретінде бара жатқан Ф.Достоевскиймен қоштасады да, жолға шығады. Содан петрашевшіл ақын Көкшетауда бір жылдай қызмет атқарады. Достары «Про­гресс Апостоль» атаған тума ше­шен әрі бостандық жаршысы мұнда да тыныштық тапса-шы. Сарыарқа өсімдігінен коллекция жинамақ сыл­тауымен ол далалы аймақты аралап, Бурабай, Мезгілсор, Қарауыл, Шортан­ды, Ақкөл, Атбасарда болады. Барған жерінде көшпелі қырғыздардың (пат­ша дәуірінде қазақтар солай аталған) тұрмыс-тіршілігін зерттеп, дала өлкесін нақтылы басқару жүйесіне көңіл қояды. Ресейдің Ішкі жағынан келіп қоныстанушы-переселендер мен жергілікті тұрғындардың арасынан өзіне мақсаттас адамдарды іздейді; халық фольклоры мен аңыздарына кұмартады; Арқаның ақын-әншілерін тыңдайды. Осы уақыт аралығында ол халықтар қай тілде сөйлесе де, өзара тең және бір қоғамда адамша өмір сүруге лайықты екеніне тағы да көзін жеткізе түседі.

Осы кез Дуровтың онсыз да әлсіз денсаулығы әбден титығына жеткен тұс еді. 1855 жылы ол денсаулығының дімкәстігінен әскери қызмет өтеуден босатылып, «Сібір қырғыздарының» облыстық басқармасына писарлық етуге Омбыға қайтарылады. Дәл сол жерде Дуров офицер, губернатордың жеке адъютанты жиырма жасар Шоқан Уәлихановпен бетпе-бет кездесіп, тіптен жақын танысады. Дуров Орта жүз ханының немересі, сұлтан ұлының ақылы, білімдарлығы мен алдыңғы прогресшіл көзқарасына қаныға түседі. Рухани жағынан Шоқан Уәлиханов та Сергей Дуровпен туыстас болып шығады.

Сергей Федорович көзі оттай жанған осынау жас жігіттің болашақта өз халқының тағдырында қандай мәні барын сол кездің өзінде-ақ байқаған-ау. Шоқанның халық мұңы мен кайғысына жаны ашып, оның бостандығы мен ар­манына жету жолында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екендігіне басқасы басқа, ал С.Дуровтың көзі жеткелі қашан. Пат­ша жендеттері мен даланың шынжыр балақ, шұбар төс әулеттілерімен сор­пасы қосылмай жүретін Шоқанның бар ойы — халқының көзін ашу. Дуровтың да бұл даладан іздегені осы еді.

Шоқан Уәлиханов та Сергей Ду­ровты бір көргеннен ұнатып еді. Әбден тепкі көріп, бүкірейіп қалған осы­нау адам өзінің отты сөздері, сенімі мен табандылығы, биязылығы мен тіл тапқыштығының арқасында жас офицердің жүрегін бірден өзіне баурап алады.

Олар алғаш рет Капустиндердің үйінде жүздеседі. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының кеңесшісі Яков Капустин мен оның әйелі, ұлы ғалым М.Менделеевтің туған қарындасы, Елена Ивановнаның шаңырағы Шоқан үшін өз үйіндей болып кетеді. Кадет корпусындағы оқу, жаттығулардан сәл қолы босаса-ақ, Шоқан осында қарай асығатын. Капустиндердің үйінде омбылық білімдарлар мен зия­лылар, жолы түскен саяхатшылар мен ғалымдар үнемі бас қосатын. Офицер болғаннан кейін де көп жылдары Уәлиханов Капустиндерді ұмытқан емес.

Сергей Федорович пен Шоқан Шыңғысұлы, жастарының жиырма жылдай айырмашылығына қарамастан, тез тіл табыса сырласып, достасып кетеді. Халқымыздың болашақ ғалымы, петрашевшіл ақынның дәрістерін қомағайлана тыңдайды. Дуров жас ғалымды бостандық козғалысының негізгі кезеңдері және оның қозғаушы күшінің басты мақсаттарымен таныстырады. Ресейдің алдыңғы қатарлы ой­шыл адамдарының не үшін және қалай күресіп келе жатқанын тәптіштеп әңгімелейді. Сөйте жүре, Шоқан өзі үшін Белинскийдің мақалалары мен хаттарының, Лермонтов, Пушкин, Го­голь шығармаларының түпкі мазмұнын жаңаша ашады… Содан да ғой, генерал-губернатор Гасфордтың адъютанты Ш.Уәлиханов С.Дуровтың ықпалымен өзінің әскери өнерге бейімділігімен қоса, басқа да зерделі де зейінді тума кабілетін халқының болашағы жолына жұмсауға серт береді.

Жоғарыда айттық, С.Дуров денсаулығына байланысты әскери қызметтен босатылғаннан бір жылдан кейін, 1856 жылы Шоқан оны Көкшетаудағы еліне, салқар самал – Бурабай мен Сырымбет­ке барып, Айыртауда демалып кайтуға шақырады. Бұл ұсынысқа Сергей Фе­дорович те қуана келіседі. Патшалық тарапынан «сенімсіз» ақынның ел аралауына рұқсат қағазды Шоқан достарының көмегімен өзі тездетіп реттейді. Сөйтіп, атақты кең жайлау баурайын жайлап жатқан өлке сұлтаны – әкесінің үйін бетке алып, екеуі жолға шығады. Шоқанның ойы – дәстүрлі қазақы қонақжайлылықпен досының пәс көңілін аулау, қуатты тағамнан дәм татқызып беріп, балдай дәру қымыз ішкізіп, бойын сергіту. Таза ауада саят кұра серуендетіп, ұстазының денсаулығын оңалту.

Жолаушылар бесінші күн дегенде Көкшетауға келеді. Көкшенің жұпар ауасымен тыныстап, кәусар бұлағынан шөл басады. Жұмсақ пәуеске, оған жегілген жер тарпып, құлағын қайшылай лыпып тұрған жарамды сәйгүліктердің зар желісі жаны жаралы ақынның бір сәт ойын бөліп, көңілін сергіткендей. Жарқын болашақ жай­лы көптен ой түкпірінде тұншығып қалған игі сезім-мақсаттарына қанат бітіп, бойына тосыннан бір серпіліс бітіп келеді. Шоқанның өзі де күмістей жылтыраған боз жорғаға салт мініп, пәуескеде отырған Сергей Федорович­ке жол бойы Көкше елі мен жері жайлы жаңаша әңгіме айтып, тың деректер келтіруінің де әсері мол еді. Айтса да, алғашқы келгенінде мұндай әсер алмап еді. Шоқанның және оларға жол көрсете, ере келе жатқан атқосшы мен салт атты жігіттердің қолпаштауымен Сергей Федорович те ара-арасында атқа салт мініп те қояды.

Жолаушылар енді бір түнесе, сұлтанның ауылына жетпек. Бурабайға жақындаған сайын құйрықтарын тік шанши ойнақтаған құлын-тайлар жиілеп, көз қуантады. Жылқы атаулы тұмсықтарын қалың майсаға сұққан сайын шыбын-шіркейге қанат бітіп, гу-гу көтеріледі. Есті жа­нуарлар дамыл таппастан сол мақұлықтарды үркітіп, бастарын шұлғи, пыр-пыр етіп қояды. Ара-арасында қыл құйрықтарымен шаптарын қамшылайды. Бойы таза, есті жануарлардың арам мақұлықтар кіріп, аузымды бұлғамасын дегені де. Осыны байқаған табиғи ортаның зерек білгірі, жаны нәзік ақынның көңілі тоғая, мейір толы әсерге бөленіп келеді.

Анадайда қарауытқан, тау бөктерінде құрттай үйіліскен қой отарлары. Көкшенің көк жасыл жонын куалай жайыла, табиғи ортасымен жарасым тауып жүрген мынадай мал үйірлерін Дуровтың бұрын-соңды кездестіріп тұрғаны осы.

Сәл ұзаған соң қазан-ошағынан түтін шудаланған ақ шаңқан киіз үйлер көзге шалынды. Әуп-әуп еткен төбеттер мен шәуілдеген ит-күшіктер демесеңіз, бейбіт өмір, беймарал жатқан бір халық.

Олар жолда, айтқандай-ақ, шағын ауылда түнейді. Ауыл ақсақалы көзі ашық, көкірегі ояу – Қосдәулет деген елге белгілі кісі екен. Жолсоқты болып, қалжыраған С.Дуров кең дастарханнан дәм татысымен жантайып жатып, қалғып кеткені сол еді, көп ұзамай құлақтан кіріп, бойды алған бір әуен тербетіп, оятып жібереді. Дуров тыны­сын тартып, құлағын тосады. Иә, ән!..

Шетіне орамалдың түйдім сусар,

Көп жылқы көкалалы көлде жусар.

Кешегі ел қыдырған есер шақта,

Ән екен Біржан салған «Жамбас сипар».

Дуров сөзін түсінбесе де, әншінің зор да ашық дауысына таңырқай, сырт киімін желбегей жамыла Шоқан жатқан үйге кіреді. Үй толған адам. «Шағын ауылда осыншама кісі бола­ды екен-ау!» – деп таңырқайды ақын. Аяғының ұшынан баса досының қасындағы бос жерге отыра берген ақынның құлағына Шоқан сыбырлай: «Біржан Сал!», – деді. Сергей Федо­рович Біржан деген оның есімі екенін жорамалдаса да, «Сал» дегенге онша түсіне қоймады. Анықтап сұраудың ыңғайын таппайды. Домбыраның шанағынан төгілген әсем әуен мен әншінің кең тынысты үніне Шоқанның өзі де қатты толқып отыр еді…

Сергей Федорович енді аңғарды. Үкілі домбырасын оңды-солды ырғап, жарасты қимылымен дүйім жұртты ұйытып тастаған мына жігіт шамамен жиырма бестер шамасында болса керек деп түйді. Үстіне киген киімі, қапсағай денесі мен көрікті келбетіне жарасып-ақ тұр. Зор дауысы еркін, ерекше шығады. Қимыл-әрекетінде үлкен шаһарларда өзі көріп жүрген сахна артистеріндей емес, тіпті, ешкімге ұқсамас бір түрлі сүйкімді тартымдылық бар.

Нәзік сезім, үлкен жүректі ақын ойда-жоқта мынадай қуанышқа бөленем деп ойламап еді. Толқып кетті. Ол ал­дарында жәй әнші емес, нағыз құдірет иесі өнер керсетіп жатыр деп түйді.

– Міне, талант! Қырғыз жері – тума дарын елі екен-ау! – деп Сергей Федо­рович таңдана Шоқанға сыбырлады, – Қай жерден өзі?..

Шоқан досының қолын ризалықпен қысты.

– Осы өңірден.

Біржан Сал «Бурылтайдың» қайырмасына келгенде кең тыныстап алып, ән сөзін бөле-бөле айқындап, әуеніне ерекше ырғақ қосып, толқындатып төгіп отыр. Дуров Біржан Салдан көзін айырар емес. Әншінің дауысы мың-сан қоңыраудың домбыра-қобызға косыла бебеулеген үніндей шарықтап барып кілт үзілді. Кілт үзілді де, қас-қағым сәтте айдын көлді канатымен ескілей бір-біріне сезім биін иша­раттап, көл бетін толқындата жүгіре көтерілген аққулардың қиқуындай бір әуен ақынның жан сезімін билеп алды. Ойнақы қалжың, серт пен сенім, ыстық ықылас, сергек мұң аралас ән тыңдаушыларын да дүр сілкіндірді. С.Дуров сол жақ бүйірін демеңкіреп, тынысы тарылғандай кеудесін кере дем алды. Шоқан оны бірден байқап, ұстазының жүрегі тағы қысылды ма деп, қобалжып қалды. Ақын болса мы­надай әнді бөліп, досын алаңдатқысы келмеді.

– Түк етпейді, Шоқан Шыңғысұлы, алаңдамаңыз! Қазір басылады. Жүрек құрғыр қуанса да, дүрсілдеп қоя беретінді шығарды. Еһ, шіркін, мына талантты адамды Петербор, Париж, Римге апарып тыңдатар ма еді!..

– Иә, десеңізші! Ақын да, компо­зитор да және орындаушы да – өзі. Мұндай адамды халқымыз Сал дейді.

С.Дуров бағана сұрайыншы деп оқталған «Сал» деген сөздің мағынасын енді түсінді. Сәлден кейін Шоқан ұстазына бұрылып:

– Тыңдаңызшы!.. – деді.

Біржан Сал күлімдей қоршалап отырғандарды көз қырымен бір шолып өтті. Еңсесін көтере терең тыныстап, иығын қомдап алған соң, оның қуатты қолындағы домбыра қайта ойнақтап қоя берді. Одан кейін үйге кіре берісте бір-бірін құшақтай, табалдырықта сығалай сүйенісіп тұрған бойжеткен­дерге көз қиығын жалт еткізген Сал қайта әніне басты.

– О, жұмбақ дүние, мұндай да ғажабың болады екен ау!? – Сергей Фе­дорович тұншыға тіл қатты. – Неткен керемет! Жүрегі қандай кең мына әншінің, Шоқан қымбаттым!.. Мынадай талантты, кеңпейіл халықтың бостандығы мен бақыты жолында өміріңді қисаң да өкінбессің! Сен де аянба, до­стым!

Иә, құрметті Сергей Федо­рович, мен де соған өмірімді арнаған адаммын! – деп Шоқан басын көтеріп әншіге, оны ұйып тыңдап отырғандарға бір түрлі сүйсіне мақтанышпен қарады.

Болашақта туған халқының көгінде жарық жұлдыз боларын білгенінен білмегені басым ел арасында сөйтіп жас офицер мен патшалықтың «сенімсіз» петрашевшіл ақын-ғалымы біраз уақыт демалып, жер көрді. Олар Бурабайдың күміс көлдерін жағалап, орман-тоғайында тыныстап, бейбітшіл бағыттағы өлең оқыды. Халық тағдыры, болашағы жайлы талай сыр ақтарысты. «Табиғат музейінің» іргесіндегі бір шетін Бурабай көлі толқынымен сипап қайтып жатқан мына мұнара тасқа да сан рет шықты. Жартас үсті үлкен алаң, оған көтерілген адам айналасындағы сұлу суретке тамсанып, адам қолымен қашағандай аю кескінді табиғи тасқа таңырқар еді.

Содан С.Дуров осында денсаулығын түзеп Омбыға, одан еліне қайтты. Ал, ІІІоқан атағын дүние жүзіне мәшһүр еткен Жоңғарияға аттанды…

Иә, содан бері бір ғасырдан асса да, халқымыз өзінің ардақты перзентіне деген мәңгілік сүйіспеншілігінің бір белгісі ретінде осынау мұнара-жартасты – «Шоқан жартасы» деп құрметпен атап келеді.

Сағидолла КӨШІМБАЕВ, әскери журналист-жазушы,
запастағы полковник

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button