Таным

Шоқтығы биік Шоқан

7dd224e34e660cd6d39044223e7f7e66

Биыл ұлтымыздың көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен ғұлама ғалым, көрнекті шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, бір сөзбен түйіп айтқанда, халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толып отыр. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, осы бір ардақты тұлғаның есімі бізге жылдар өткен сайын жаңарып, жаңғырып, өзінің азат елімен бірге ертеңге, болашаққа жол бастап бара жатқандай көрінеді. Осындай алып азаматтың торқалы тойы аясында елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры белгілі жазушы Сәбит Мұқанов пен көрнекті сәулетші Шота Уәлихановтың шығармалары негізінде «Шоқан» драмасының премьерасын ұсынды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

Сәбит салған сүрлеу еді
Сәбит Мұқанов – Шоқан өмірін зерттеуге алғашқы түрен салған санаткерлер қатарында аталатын қаламгер. Бала күнінде естіген ғалымның есімі оның бойына қанат бітіріп, қиялын шарықтатып, әдебиет әлеміне келуіне де ықпалы болған. Ол туралы жазушы өзінің «Өмір мектебі» атты автобиографиялық бірінші кітабында бүге-шүгесіне дейін жазады. Кейінірек, қаламгер бүгінгі Санкт-Петербург қаласында оқып жүрген шақта, сол кездегі КСРО Ғылым академиясы архивінен Ш.Уәлихановтың қолжазбалары мен өміріне байланысты тарихи деректерді тауып, індете зерттейді. Соның нәтижесінде 1941 жылы Шоқан өмірінің бір кезеңінен сыр шертетін «Ариаднаның арқауы» деп аталған пьеса туады. Шығарманың атауы мифологиядан алынған. Қойылым 1956 жылы Қазақ академиялық драма театрында сахналанады. Одан кейін де автор аталған туындыны қайта өңдеп, ойшыл ғалым бейнесін байыта түседі. Жалпы, көрнекті суреткер өмірінің ұзақ белесінде «Шоқан» тақырыбына айналып соғып отырған. Ол туралы «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбек шығарады. Жазушылық шеберлігі кемеліне келген шақта «Аққан жұлдыз» атты роман жазады. Алғашқыда автордың өзі төрт том болады деп жобаланған қомақты дүниенің екі томы ғана жарық көріп, туынды жазушы дүниеден озуына байланысты толық аяқталмай қалады.

Болар бала бейнесі
Расы керек, асыл текті Шоқан бабамыздың бейнесі біздің жадымызда көрнекті кино тарландары Нұрмұхан Жантөрин мен Сағи Әшімов сомдаған фильмдердегі сымбатты да сырбаз, оттай жанып тұрған жігерлі жігіт ретінде қалған еді… Осы оймен жаңа премьераға келдік. Шымылдықтың тезірек түрілуін күтіп отырдық. Бір сәт… Қойылым тосыннан басталды. Адамның жан жүрегін суырып алатындай мұңлы музыка ойнап, ортада айбарлы да ардақты Кенесары бабамыздың бас сүйегінің жанында бала Шоқанның сұлбасы келгенде оған қаһарлы хан «елің үшін жан аямай еңбек ет» деген ойды айтқандай көрініс пайда болады… Бұл, бір жағынан, Шоқанның көріп жатқан түсі секілді бей­не­ленеді. Одан кейін сахнаға Шо­қанның Омбыдағы Сібір кадет корпусында оқып жүрген кезі шығады. Өрімдей бозбаланың тұла бойындағы қайсарлық, өз ұлтына деген жаңашырлық қасиеті осы жерде анық байқалады. Әсіресе, өзімен бірге кадет корпусында оқып жүрген бір қазақ баласының өзге ұлт өкілі 2-3 жас кезінде қалаға алып кетіп, тәрбиелеп, өзге дінге өткізіп, шоқынып кеткен аянышты бейнесі бедерленеді. Сондай-ақ, ақсүйек, бекзада болса да Шоқанды «көшпенді елдің баласы» деп менсінбей қарайтын қатарластарының менмендігі үшін басын бәйгеге тігуге дейін барған, қысастыққа шыдамаған бас кейіпкердің жан-дүниесі барынша ашылады. Шоқанның бозбала шағын сомдаған жас актер Жанат Оспановтың шеберлігі тәнті етеді. Түр-тұлғасы келісті жігіттің бойында жігері мол, кейіпкердің ептеп әзілге мойын бұрып тұратын қасиеті де, дауысының анықтығы да әсерлі… Бастысы, бас кейіпкерді нанымды бейнелеген.

Шыңғыс сұлтанның
үш арманы
Шоқанның әкесі – Шыңғыс сұлтан өз заманының білімді адамы болған. Ол 1834 жылы Омбыдағы Сібірдің казак әскери училищесін бітіріп, орыс армиясында жоғары әскери шен – полковник атағын алған. Одан кейін Құсмұрын округінің аға сұлтаны, Сібір қырғыздарының облыстық басқармасының кеңесшісі, Көкшетау округінің аға сұлтаны болған. Қойылым барысында Шоқан кадет корпусында бірге оқыған досы Г.Потанинді туған еліне ертіп келіп, әке-шешесімен, ағайындарымен таныстырған және далалық қазақ тұрмысын көрсететін сәттер айшықты бейнеленеді. Әсіресе, Шыңғыс сұлтанның (сұлтан рөлінде – Ж.Төленбаев) баласына айтқан үш арманы өнегелі жастың өміріне айналған қазығы секілді көрінді. «Балам, бірінші – өз тілің мен өз халқыңды ұмытпаса деймін, екінші – ойға жүйрік, тілге шешен болса деймін, үшіншісі – патшасының не істеп, не қоятынын күн ілгері білетіндей орыс жанын терең білсе деймін» деп айтқан аузы дуалы сұлтанның өсиеті бүгінгі ұрпаққа айтылғандай әсер берді. Спектакльде сол кездегі көшпенді дәуірдің тұрмыстық нақыштары, кейіпкерлердің сөз қағыстары, киім киістерінің өзі көрермендерді сол заманға жетелеп апар­ғандай шынайы шыққан. Елге келген бозбала Шоқан мен Айжан арасындағы алғаусыз махаббат та жұртшылықты нәзік сезімге бөлейді.

Шымыр шешім,
шынайы қойылым
Шоқан – өмірден отыз жасында озды. Осындай қамшының сабындай қысқа ғұмырын ол халқының жарқын келешегіне арнады. Сол үшін де ақ патшаның алдында илікпей, туралықтан таймай, ұлты үшін басын бәйгеге тіге білді. Қойылымның соңғы ширегінде осы қилы жағдайлар шырқау шегіне жетті. Шоқанды әр қырынан бейнелеген театр әртістері Қуандық Қыстықбаев пен Ержан Нұрымбетов басты кейіпкердің жан күйзелісі мен мұңлы болмысын нәзік иірімдермен аша білген. Бас кейіпкердің өмірінің соңғы сәттерін көргенде жүрегіміз тебіреніп, көңіліміз егіліп кеткенін жасыра алмаймыз. Бір басына таудай талант берген алып тұлғаның ғұмыры қысқа болғаны да жанымызды ауыртты. Сондай-ақ, спектакль барысында Тілектес Мейрамов, Ләйлә Бекназар-Ханинга, Нүркен Өтеуілов, Сырым Қашқабаев секілді дарынды өнерпаздар сомдаған рөлдерде де өз шеберлігімен көрермендерді тарта білді.
– Осы драманы қою үшін ұзақ дайындалдым. Сәбит атамыз бен Шота ағамыздың Шоқан жайында жазған дүниелерін оқып шығып, бүгінгі уақытқа сай келетін жаңа режиссерлік нұсқа жасадым. Алайда, авторлар шығармаларының түпнұсқасынан ауытқыған жоқпын. Даңқты бабамыз Шоқан жөнінде азат ел атанғаннан бері драмалық дүние жазылған жоқ. Осы жағдай менің жаныма бататын. Сондықтан, халқы үшін қандай жағдайға да бара білген сұңқар азаматтың болмысын ашып көрсеткім келді. Біз Шоқанды жете білмей, түптеп танымай, егемендік рухын бойымызға терең сіңіре алмаймыз, – деді қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязов.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button