ӘлеуметҚоғам

Шрекке қарап қалдық па?

Меніңше, барша бала біткеннің бір арманы бар. Ол – Астанаға келіп, «Бәйтеректі» көріп, «Хан Шатырда» жүріп, Есілдің бойын кемемен жүзіп аралау. Өткен демалыста ауылдан келген жиендерімді қарсы алып, қаланы көрсеттім. Осы екі күнде елорданың ішкі туризмдегі жетістіктерін бағалауға мол мүмкіндік болды.

Алғашқы күндері Есілдің жағалауы мен Орталық бақта сейілдесе, мұражайларды да аралап танымын көтерді. Кешкісін кинотеатрға барып, шетелдің мульт­филь­мін тамашаладық. Бір қызығы, фильм басталмас бұрын, он минуттай басқа елдің кино туындыларының жарнамасын берді. Өзіміздің кино өндірісіміздің артта қалғаны осындайда білінеді. Жат сананы қаймағы бұзылмаған ауылдың баласының санасына сіңдіріп, өзгеше ойлауға осылайша «атсалыстық». Өзге елдің ертегілерінің кейіпкерлерін насихаттауда алдымызға жан салмайды екен­біз. Ойын-сауық орталықтарында балалар қиялына тамызық болатын ұлттық белгісі бар нышан жоқ. Бейне бір басқа елдің ертегі әлемінен келгендей. Ол аздай, «Думан» ойын-сауық орталығында қызғылт түсті суасты құбыжығы орысша сайрап тұр. Ал қонақтарым қайда келгенін білмей аңтарылды.
Ойын-сауық орталықтарынан өз­ге мәде­ниеттің қыспағын сезінген жиен­дерімнің «Бәйтеректі» көргендегі сәт­терін айтсаңызшы! Балақандардың бұл шаттығы Отанына деген сүйіспеншілікке айналатыны сөзсіз. Өз елінің, өз жері­нің ұлттық бояуын бойына сіңіру үшін Астанадағы кейбір ойын-сауық орта­лықтары менеджерлері ешқандай іс жа­сап жатқан жоқ. Жеке иеліктегі болса да, олардың ұсынатын қызметі ұлттық болмысымызға сай болуы керек.

Нарима МҰХАМБЕТАЛИНА, Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқар­масы бас­шы­сы­ның орынбасары:
– Қа­ла­дағы ірі ойын орталықтарының безен­дірі­луіне жеке меншік иелері жауап береді. Дегенмен, балаларға тартымды етіп ойын алаңдарына ұлттық ертегі-аңыз­дардың кейіпкерлерін қойса, жақсы-ақ болар еді.

Жас сәбидің Астанадағы күндерінің өшпейтін әсерін қалдыру үшін ойын алаңдарын көркем безендіруде, мәдени шаралары ұлттық мәдениет негізінде болуын қадағалау керек. Қазақы санамызға жат нәрсе деп үлкенді-кішілі мультфильм кейіпкерлерін айтар едік. Қалқалайтын басқасы болмаған соң, Шрек, Фиона сияқ­тылардың тасасында тұрып суретке түседі. Ауылдың баласы Астанаға келіп, өзге мәдениеттің ұшқынын көргенде, ділінде сызат пайда болады. Демек, бала­лардың демалысын өткізуге қатысы бар барлық мекемелердің, орталықтардың «космополиттік» маскасын алып тастап, қазақы санамызға жақындату қажет деп ойлаймын.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button