ЖаңалықтарҚала тіршілігі

«ШУАҚТЫ ҚАЛАДА» ШҰРҚЫРАСЫП ТАБЫСТЫ

астана күні

«Болғанынан боладысы қызық той» осылай көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Астана халқы тағы бір мейрамды қимастықпен шығарып салып, қым-қуыт тірлігіне қайтадан бас қойды.

Осы орайда 5, 6, 7 шілде күндері «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда бұқаралық серуен өтіп, «Шуақты қала» отбасылық фестивалі ұйымдастырылған еді.

Деректерге сенсек, фестивальге алғашқы күннің өзінде 800-ге жуық бала қатысыпты. Барлығы дерлік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың мүшелері. Олар алаңда шеңбер жасап, елдегі бірлік пен тату тірліктің көрінісін көрсетті. Іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласып, бүлдіршіндер еуропалық «Шапито» циркінің қойылымдарын тамашалады. Сондай-ақ, еліміздің төрт бұрышынан жеткен жас өнерпаздар – әншілер, күйшілер және биші қыздар сахнаның сәніне айналды.
Аумақ барлық жас шамасындағы адамдардың қызығушылықтарына қарай 16 алаңға бөлінген. Оның әрқайсысы өз алдына бөлек безен­дірілген жеке кеңістік, жеке әлем. Мысалы, балаларға арналған ойын-сауық алаңдарында би, көркемөнер сайысы, қолданбалы өнер түрінен шеберлік сағаттары өткізілді. Бұл жас жеткіншектердің рухани байлығын одан әрі дамытып, еліміздің есті азаматы болып өсуіне оң ықпал етеді. Сондай-ақ, келесі алаңда ересектерге арналған сан түрлі спорттық ойын-сауық бағдарламалары ұйым­дастырылды. Қаппен секіру, үш дөңге­лекті велосипедпен жарыс, сумо жекпе-жегі, алып шахматта ойнау және т.б. көптеген қызықты шаралар мерекеге қатысушы жұртшылықтың көңілінен шыға білді.

Солардың бірі – «Бампер бол» ойыны. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттың бұл түрі біздің елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ойынға қатысушылар арнайы сфераларды киіп алып, қарсыласының қақпасына доп соғуға тырысады. Қазіргі уақытта футболдың осындай ерекше түрі көптеген шет мемлекеттерін бағындырып үлгерді. Ерекше футболдың бірінші матчы 2011 жылдың соңында Норвегияда өткен болатын. Содан бері аттракцион халық арасында кеңінен танымал.

Сонымен қатар, ауқымды іс-шаралар аясында «Шеберлер қаласы» алаңында қолданбалы өнер шеберлерінің жеке жұмыстары көпшілік назарына ұсынылса, суретшілер тойшы қауымның пор­треттерін салды.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button