Жаңалықтар

Шуақты шаңырақ

Оекеновтер-2-фото

Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, олардың бірі – ұяда, бірі қияда мерейіңді өсіріп, қуантып жүргенін көргенге не жетсін?!
Биылғы жылы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бақ сынап отырған Советжан Оекенов ақсақалдың бұл тұрғыда арманы жоқ.

Ол жұбайы Валиада екеуі он бала сүйген. Бұл бақытты өздері жасынан имандылыққа, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулыған ата-аналарының жолын жалғау деп түсінеді.
Иә, ағамыздың анасы Нағима Оекенова да кезінде он бала тапқан. Сол балаларын тәрбиелеп, өсіргені үшін 1959 жылы «Батыр ана» атағын да алған еді.
Біз әңгімелесуге барғанда Бауыржан Момышұлы атындағы көшедегі «Қаһарман» деп аталатын үйде тұратын ақсақалдың: «Менің айналамның бәрі батыр, бәрі ер» деп, күліп отырғаны тегін емес екен.
Анасы «батыр ана» атанған Советжан ағамыздың әкесі Нұратсалық Оекенев те мұндай марапаттан кенде болмапты. Жылқы өсіру шаруашылығы бойынша өз аймағында алдына жан салмай, үлкен жетістіктерге жеткен ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген еді… Ал өзі түтін түтетіп, отбасын құрғаннан кейін он баланы өмірге әкеліп, жары Валиада Жұртбайқызы да «Батыр ана» атағын алып отыр.
Ата кәсібін жалғастырып, өзі туып-өскен Шығыстағы Марқакөл ауданында Советжан ақсақал ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысыпты. Шаруа қожалығына ат қою қажет болғанда да, тағдыр тартуы болып үнемі санасында жаңғырып тұрған «Үш батыр» есімін таңдап алады. Бір қызығы, бұл атау Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы атқарушы билік қызметкерлерін таң қалдырады. «Тіпті, айналамдағы орыс көршілерім келіп, бұл не деген атау, не үшін шаруа қожалығыңды «Үш батыр» деп атап жатырсың?» деп сұрады» дейді ақсақал әңгіме үстінде. Бізге түсіндіргендей, Советжан Нұратсалықұлы оларға да ерінбей тәптіштеп, өзі сүйетін сөздің мән-жайын түсіндіріп беріп отырғанға ұқсайды.
«Мерейлі отбасы» байқауын ұйымдастырып, отбасы құндылығын, адами бақытты бірінші кезекке шығаруға бастама білдірген Елбасына Советхан ақсақал дән риза. Өйткені, «Адам, Әл-Фараби айтқандай, отбасында бақытты болғанда ғана бақытты» дейді ол.
Ал байқауға қатысу туралы ой қалай туғанын сұрағанымызда әңгімесін былай баяндады:
– «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушылардан құжат қабылдау басталғанын жаңалықтардан көріп жүргенмін. Маған бұл шара ұнайтын еді. Мағынасы терең, халықтың өз игілігі үшін қолға алынған бастама, жөн екен деп отыратынмын. Өзім осы үй ауласында құрылған ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасарымын. Ара-тұра төңіректегі ақсақалдармен бас қосып, бірге шахмат ойнап, әңгімелесіп, жастарға, қоғамға қатысты кейбір мәселелерді талқыға салып отырушы едік. Бір күні сондай басқосуларымыздың бірінде ұйымдағы замандастарым маған «Мерейлі отбасына» қатысуға кеңес берді. «Сенің атаң да соғыс ардагері болған, анаң да «Батыр ана» атағын алған. Өзің он бала тәрбиелеп, өнегелі отбасының ұйытқысы, үлкен бір әулеттің атасы болып отырсың. Барлық талапқа сай келесің ғой. Байқауға қатыссаң қайтеді?» деді…
Осылайша Советжан және Валиада Оекеневтер құжаттарын жинап, бақ сынауға кірісіп кетеді. «Алайда, мұндағы мақсатымыз міндетті түрде жеңіп, бәйге алу емес. Қоғамға, жастарға жақсы үлгі көрсету. Өз тәжірибемізбен бөлісіп, қариягершілік сөзімізді жеткізу» дейді олар.
Үлгі демекші, Советжан ақсақал мен Валиада анамызды жас кезінде қарапайым еңбек табыстырған. Оқу орындарын бітіріп, жұмыс бабымен жүргенде кейіпкеріміз өзінен бес жас кіші, бірақ ісіне тиянақты шынашақтай ғана бір қызды көріп, ықыласы ауған еді. Сөйтіп, 1966 жылы шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге жол салған болатын.
Бүгін олардың түтін түтетіп, бір шаңырақтың астында өмірдің қиындығы мен қуанышын қатар көріп келе жатқанына жарты ғасырға жуықтапты. Талай жылғы бейнетінің зейнетін көрер уақытта, балаларының шақыртуымен елордаға көшіп келген екен. Астаналық бола бастағанына да екі жылдан асқан ұқсайды.
Балалары бүгінде түрлі салалар бойынша білім алып, бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған. Заң, қауіпсіздік, мәдениет, спорт саласының қай-қайсысын алсаң да, Оекеневтер әулетінен шығып, маңдайы жарқырап, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген бір жанды болса да кезіктіресің.
Ал Советжан ақсақал жұбайы Валиада екеуі сол балаларының қуанышын көріп, бақытты тірлік кешіп келеді. Бұрын улап-шулаған он баланы өсірген олардың бүгінде 27 немере мен бір шөбере сүйіп, көкжиегі кеңейе түскен.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button